Ғылым • 20 Қыркүйек, 2024

Генетикалық ауруды емдейді

97 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Генетикалық аурулар адамзат қалыптасқан кезеңнен белгілі. Тіпті, осы заманның да өзекті мәселесіне айналды десек те артық болмас. Тұқым қуалаушылық сипатындағы бұл дертті қарапайым медицинада емдеу ұзақ уақытты талап етеді. Сондықтан ғалымдар бұл істі жеңілдету үшін жасанды интеллектінің көмегіне жүгінді.

Генетикалық ауруды емдейді

Сурет: ru.freepik.com

Америкалық зерттеушілер гене­ти­калық ауруларды емдеуге арналған жасанды интеллек­­тіге негізделген жаңа виртуалды зертхана ашты. Жаңа технология «CRЕME» деп аталады. «Колд Спринг Харбор» (Cold Spring Harbor) зертханасын­да жасалған жасанды интеллек­­тіге негіз­дел­ген виртуалды зертхана «CRISPR» тех­­но­­логиясын (CRISPRi) модельдеу ар­қы­лы генетикалық зерттеулерде жаңа тә­сілді ұсынады. Сондай-ақ ДНҚ ретін өзгертуге және жасушадағы белгілі бір гендердің белсенділігін виртуалды ортада төмендетуге, генетикалық тәжірибелер жүр­­гізуге мол мүмкіндік береді. Одан бөлек гендердің белсенділік көрсеткішін бол­­жау­ға да жол ашады деседі. Виртуалды зерт­­хана ең әуелі зерттеушілерге уақыт жағы­нан ұтымды. Соның арқасында дәрі-дәр­­м­ек­терді іздеуді де едәуір жылдамдата алады.

Негізінен адамдарда хромосомалардың қос жиынтығы бар. Ол әке мен анадан беріледі. Егер ата-аналық хромо­сомалардың бірі дұрыс болмаса, яғни кейбір маңызды гендегі ДНҚ тізбегі өзгерсе, генетикалық аурудың сипаты пайда болуы мүмкін. Ол ата-анадағы кейбір белгілердің балада қайталануынан бастап, ауқымды мутацияға дейін жалғасады. Басқаша айтқанда, беттегі секпілдің берілуінен, аяқ-қолдың тартылуы, ақыл-естің кем болуы тәріздес жағдайларда көрініс табады. Күні бүгінге дейін мұндай ауруларды емдеу немесе алдын-алу жұмыстары жайлы көп айтылмаған еді. Тіпті, нәтижелі эксперименттердің барысы туралы мәліметтерді де кездестірмейміз. Десек те, соңғы онжылдықта генетика жаңа технологияларды енгізу арқылы айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Ең маңызды әзірлемелердің бірі «CRISPR» геномын өңдеу әдісі болды. «CRISPR» – ғалымдарға ДНҚ молекулаларының реті мен гендердің жұмыс істеу тәсілін өзгертуге мүмкіндік беретін генді өңдеу жүйесі. Тұқым қуалайтын ауруларды емдеу үшін мутацияға ұшыраған генетикалық ақпаратты түзету қажет. Сол үшін «CRISPR» болашақта мұның алдын алуға көмектеседі. Біз нейрондық желі­лер­ді қолдана отырып, геннің экспрес­сия­­сын күшейтетін немесе өшіретін және олар­дың күрделі өзара әрекеттесуін сипат­тай­тын реттеуші элементтерді анықтай­мыз.

Бұл жайлы виртуалды зертхананы ойлап табушы доцент Ку (Koo) шетелдік БАҚ-тағы сұқбатында: «Гендерді реттеу ережелерін түсіну олардың экспрессия деңгейлерін дәл және болжамды түрде реттеуге көп мүмкіндік береді», деп айтыпты.

Жалпы айтқанда, «CREME» – ғалым­дарға гендік белсенділіктің белгілі бір дең­гейін модельдеуге жол ашатын виртуал­ды алаң. Бұл геномды жан-жақты зерттеуге арнал­ған қуатты жаңа құралды ұсынады. Басқа­ша қарастырсақ, бұл виртуалды орта­лық «CRISPR» технологиясының жа­санды интеллектпен біріктірілген нұс­қа­сы. Оның алдағы уақытта медицина сала­с­ын­да­ғы өзекті мәселелердің шешімін табаты­ны­ сөзсіз.

 

Би-Фатима ЕРАЛХАНҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті