Үкімет • 20 Қыркүйек, 2024

Технологиялық тұрақтылық талқыланды

68 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Ресейдің жоғары білім саласындағы ынты­мақтастығы талқыланды. Аталған талқылау Ресей Феде­ра­циясының Түмен қаласында өткен TNF–2024 өнеркәсіп және энергетика форумы аясында ұйымдастырылған. Жиынға Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов қатысты.

Технологиялық тұрақтылық талқыланды

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, форумға қатысқан делегация құрамында қазақстандық тех­ни­калық университеттердің өкіл­дері, сондай-ақ «Қаз­мұ­­­найгаз» компаниясы мен «Kazservice» Қазақстан мұнай сер­­вистік компаниялары ода­ғы­­ның өкілдері де бар. Жиынға Ресейдің 60-тан аса ай­ма­ғынан және Қазақстан, Беларусь, Өзбекстан, Египет, Кувейт және Сауд Арабиясынан келген 800-ден астам компания өкілдері мен 12 мыңнан көп адам қатысты.

TNF форумы – отын-энергетика кешенінің өзекті мәселелерін талқылауға арнал­ған ең ірі алаң­дардың бірі. Бұл іс-шара жыл сайын өнер­кәсіпшілерді, жер қойнауын пайдаланушыларды, құры­лыс­ш­ыларды, мемлекеттік қыз­мет­керлер мен сарапшыларды жинайды. Биылғы форумға «Технологиялық тұрақтылық: даму стратегиясы» тақырыбы арқау болған.

Форум барысында Ғылым және жоғары білім министрі­нің орынбасары Талғат Ешен­құлов Түмен облысы губер­на­торының орынбасары Андрей Райдермен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Ресейдің жоғары білім саласындағы ынтымақтастығы талқыланды. Іс-шарада ғылым мен жоғары білімді дамытудың жаңа бағыттарын ескере отырып, техникалық университеттер арасындағы өзара әрекет­тес­тіктің тиімді үлгілері туралы ойлар да ортаға салынды.

Т.Ешенқұлов түмендік жас­тарды Қазақстанның жоғары оқу орындарында, оның ішінде академиялық ұтқырлық бағдар­ла­масы аясында білім алуға шақырды. Қазақстандық делегацияны ресми қабылдау кезінде Түмен облысының губернаторы Александр Моор отын-энергетика кешенін дамыту үшін ынтымақтастық пен ұзақмерзімді жобаларды іске асыруда жаңа технологиялық шешімдер мен серіктестердің қажет екенін атап өтті. Форум қатысушыларына сессиялар мен мұнай-газ саласындағы технологиялар мен процестер бойынша дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.