Білім • 20 Қыркүйек, 2024

Жаңарған сабақ пен дағды

108 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оқу бағдарламалары заман талабына қарай жаңартылып отыруға тиіс. Бұл қандай талап болуы мүмкін? Білім сарапшылары, сыншылары, баласының біліміне бейжай қара­майтын ата-аналар оқушылар мен студенттердің өмір­лік қарапайым дағдыларды меңгеруі керек екенін, соған сай оқу бағдарламасы қайта қаралуы қажеттігін ара­гідік айтып жүр. Міне, осы ой ескерілді ме, биылғы 1 қыр­­күйектен бастап еліміздің барлық білім беру ұйы­мына «қауіпсіздік сабағы» деп аталатын жаңа пән енгізілді.

Жаңарған сабақ пен дағды

Сурет: ru.freepik.com

Оқу-ағарту министрлігі та­рат­қан ақпаратқа сүйенсек, қа­уіп­сіздік сабағы апта сайын сынып сағаты аясында 10 минуттан өт­кі­зіледі, тақырып жылына үш рет қайталанады. Балалардың құ­қық­тарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова жаңа сабақтың қажеттілігі туралы: «Сабақтар балалардың жас ерекшеліктері мен даму деңгейін ескере отырып, олардың әртүрлі өмірлік жағдайларда өз іс-әрекеттеріне сенімділігін қалыптастыруға бағытталған. Біздің міндетіміз – балаларға қажетті ақпаратты беріп қана қоймай, түрлі жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйрету», деді.

Енді білім алушылардың қауіп­сіздік сабағында қандай тақы­рып­тарды меңгеретініне тоқ­та­лайық. Бала­бақшаларда атал­ған жаңа сабақ ересек топ­тар­дағы балаларға ғана өткізіледі. Мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілері қауіпсіздік саба­ғында шұғыл қызметтер мен байла­ныс орталықтарының телефон нөмір­лерін білу, шұғыл қыз­метке дұрыс қоңырау шалу, өзі тура­лы негізгі мәліметтерді есте сақтау, терезелерге байланысты қауіп­терді ұғыну, сондай-ақ балалар алаң­да­рында, ойын орталықтары мен ат­трак­циондарда өзін-өзі ұстау ере­же­лерін қалыптастыру секілді қажет­ті дағдыларды меңгеріп шығуы керек.

Ал бастауыш сынып балаларына су қоймасындағы қауіптер, есікті қағу кезінде қауіпті қалай тануға болады, бейтаныс адамдармен кездескендегі дұрыс әрекет ету жолдары, мұз үстінде жүр қаупі, өзін-өзі қорғау, виртуалды достықтың қаупі және қаңғыбас иттер кезіккендегі сақтық шаралары үйретіледі.

Орта сынып оқушыларына қауіпті челленджер тақырыптары бойынша сабақтар, бөтен адамның шақыруын қабылдамау, көшедегі қауіпті нысандардан (мысалы, субұрқақтар, электр қалқандары) аулақ жүру, кибербуллинг және одан қорғану тәсілдері, ата-аналар­мен сенімді қарым-қатынастың ма­ңыз­дылығы, интернеттегі қауіп­тер, сондай-ақ баланың құқықтары мен мін­деттері туралы тақырыптар өткізіледі.

Жоғары сынып оқушылары мен колледждердің 1-2 курс сту­денттері алаяқтардың алдауына түс­пеу және өздерін табыстың күмәнді түрлерінен қорғау, онлайн-ойын­дардың тәуе­кел­де­рінен сақтану және қауіпсіздікті қамтамасыз ету, теріс эмоциялар мен сөздерге қатысты дұрыс әрекет ету, қауіпсіз еңбек жағдайлары, ата-аналарға сенім және өз әрекеттері үшін жауап­кер­шілік алу ережелерін меңгеріп шығуы қажет.

Айта кетейік, сабақтар Балаларды зор­лық-зомбылықтан қорғау, суи­цид­тің алдын алу және олардың құ­қық­тары мен саламаттылығын қам­тамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жыл­дарға арналған кешенді жос­пар­­ды іске асыру шеңберінде жүр­гізі­леді.