Суретті түсірген – Ақәділ РЫСМАХАН
Жамбылдық спорт жанкүйерлері алдымен Нұрдәулет Жұмағалиді «Әулиеата» әуежайынан зор қошеметпен қарсы алды. Салтанатты іс-шарада сөз алған өңір басшысы Е.Қарашөкеев төртжылдықтың басты додасында күміс жүлде иеленген жампозды толайым табысымен құттықтады.
«Жаһан жұрты көз тіккен байрақты бәсекеде ел мерейін асырдың. Сенің бұл табысыңа жерлестерің де қатты қуанды. Біз сені мақтан тұтамыз. Әлем жұрты асыға күткен айтулы аламанда ерік-жігеріңді көрсеттің, табандылық таныттың. Паралимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері атануыңмен шын жүректен құттықтаймын. Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің жеңісті жолын жалғап, келесі Паралимпиада ойындарының чемпионы болуыңа тілектеспін», деді өңір басшысы.
Іс-шара барысында облыс басшысы демеушілер атынан Нұрдәулет Жұмағалиге екі бөлмелі пәтер кілтін табыстады. Сондай-ақ «Tayota camry 75» автокөлігінің кілтін тапсырды.
Бұл күні ірі аламандарда топ жарып жүрген саңлақтың жеке жаттықтырушысы Саттар Бейсембаевқа да құрмет көрсетілді. Тұңғыш Паралимпиада чемпионы, жүзу спортының шебері Зүлфия Ғабидуллина мен Нұрдәулет Жұмағалиді жеңістің биік тұғырына бастап жүрген бапкерге «Haval M6» автокөлігі тарту етілді.
Паралимпиада ойындарына Жамбыл өңірінен төрт спортшы қатысты. Солардың ішінде пара жүзу шебері Нұрдәулет Жұмағали брасс әдісімен 100 метр қашықтыққа жүзуде күміс жүлде иегері атанды.
Өңір басшысы Астана төрінде өткен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында үздік шыққан жамбылдық саңлақтарды қабылдап, ел намысын абыроймен қорғаған сайыпқырандарға лайықты түрде құрмет көрсетті.
Көшпелілер ойындарына өңірден 17 спортшы қатысты. Олар 7 алтын, 7 күміс, 3 қола жүлдені қоржынға түсірді. Дуы басым додада үздіктер қатарынан көрінген сайыпқырандардың барлығына қаржылай сый-сияпат табысталды.
Жамбыл облысы