Пікір • 20 Қыркүйек, 2024

Әуресі көп әлеу­мет­тік желі

498 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде өмірімізді ақпараттық технологияларсыз елестете алмайтынымыз белгілі. Тіпті адам баласы әлмисақтан әлеуметтік желілерге кіндігі байланып қалғандай күйге жеттік. Замана игілігі кейде әлін білмегеннің беліндегі шоқпар, есі кірмеген баланың қолындағы өткір пышақтай қорқынышты. Кибералаяқтар ақпараттық технологиялардың арқасында оңай байлыққа кенеліп, талай адам жиған-тергенінен әп-сәтте айырылып отырған жағдайы бар. Ақшадан айырылған бір бөлек те, ал абыройдан айы рылғанның орны қалай толмақ?

Әлеуметтік желі әрбір адамға мінбер, кез келген адамды жеке тұлғаға айналдыра алатын әлеуеті зор құрал болғанымен, қауіпті жағы да бар екені сөзсіз. Кісінің өзі ғана білуге тиісті, яки екі адамға ғана мәлім, сыбырлап айтылатын сәттер мен сырлар әлеуметтік желі арқылы әлемді кезіп кетуі ғажап емес.

Ашық көзқарастың, еркін пікірдің қоғамның ілгерілеуіне тигізетін септігі де жоқ емес. Әйтсе де жеке басқа қатысты дүниені жалпақ жұртқа жариялаудың қажеті бар ма? Ендігі жерде көңіл күйді тізгіндеп, жеке басқа қатысты ақпаратқа абай болмасаңыз – өтеуі тым қымбатқа түскелі тұр. Қысқасы, құпиялылықты сақтау мен жеке өміріңізді жарнамалаудың арасындағы теңгерімді табу өзекті мәселеге айналды. Осы іспен түпкілікті айналысатын мамандарға жүгінетін болсақ, «Kaspersky Lab» сарапшылары жеке деректерге қол жеткізу мен жалпы киберқауіптен қорғану үшін фотосуреттерді жарияламас бұрын нендей жайттарға назар аудару керектігі туралы зерттеу жүргізіп, пайдалы кеңес топтамасын жасаған.

Кез келген адам кез келген сәтте қалаған фотосуреттерін, тіпті ойына келген ақпаратты әлеуметтік желілер мен платформаларға оп-оңай орналастырып, жариялай беретіндіктен, ақпараттық қауіпсіздікті ауыздықтау, оның салдарын басқару мен бақылау күн өткен са­йын қиындап келеді. Абайсыз, ойсыз жарияланымдар мен деректерді қаскөйлер қиналмай-ақ кәдесіне жаратып жатыр. Мысалы, мұның салдары доксинг, яғни бопсалау немесе қорлау мақсатында жеке ақпаратты жинау сияқты жағымсыз салдарға ұрындырып жатқаны тағы бар. Сондықтан АТ мамандары өзіңіз жиі бас сұғатын орындардың, әсіресе тұрғылықты жерлердің фотосуреттерін жарияламауды сұрайды. Көше атаулары, үй нөмірлері немесе геотегтер сияқты бағдарларды анық көрсететін кескіндерді шабуылдаушылар өз ыңғайына шебер пайдаланатын көрінеді.

Нақты уақыттағы, сол сәттердегі оқиға­лар­ды жариялауға да асықпаған жөн. Көбі­не­се әлеуметтік желі қолданушылары қайда тұрып, қайда жүргенін жиі жариялайды. Бір жағынан, жұртты қызықтырып, ортақ тақы­рыптар мен көзқарастарды талқылауға мүмкіндік бергенімен, бұл алаяқтардың да назарын аударуы ғажап емес.

Өміріңіздегі ең жақын деген адамдармен де кейбір фотосуретті бөлісу түбі жақсылыққа апармауы да мүмкін. Мысалы, Касперский зертханасы осы мәселеге орай бірқатар елде арнайы зерттеулер жүргізген. Сонда жеке өмірі күллі әлемге мәлім бол­­ғандардың оннан бір бөлігі бұрынғы жұбы­нан кек алуға (8%) немесе басқа адамдарды қорқытуға (9%) жалаңаш күйде түскен суреттерді жариялаған.

Жоғарыдағы сауалнамаға қатысқандардың 25%-ы кем дегенде бір рет интимдік фотосуреттермен бөліссе, тек 21%-ы кейін ол сурет­терді өшіруді өтінген. Дегенмен бұл өтінішті қанша адам орындағаны белгісіз... Қолына түскен осындай суреттерді сақтауға жасөспірімдер мен жастар жағы бейім көрінеді. 16-24 жас аралығындағы сауалнамаға қатысқандардың 34%-ы смартфонында кем дегенде бір осындай сурет бар екенін тілге тиек еткен.

«Көпшілік интимдік фотосуреттермен, бейнебаяндармен бөліскен кезде, оның салдары туралы ойлана бермейді. Көңіл қосқан адамына толық сенуге болады деп есептейді. Алайда кейде мұндай материал­дар көбінесе кек алу немесе бопсалау мақ­сатында қолданылады. Адамға ауыр пси­­хологиялық жарақат әкелуі мүмкін сорақы интернет-қорлау жағдайлары да бар. Кез келген материалды жібермес бұрын өзіңізден сұраған жөн: егер ол елге жария болып кетсе, не болады? Сол сияқты жеке құжаттар мен материалдарды телефонда сақтамауға кеңес береміз, өйткені оған бөгделер де қол жеткізе алады», дейді Касперский зертханасының контент талдау сарапшысы Анна Ларкина.

Әуресі көп әлеуметтік желіде ниеті бұзық­тар­дың өш алуынан сақ болыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Берекелі грант

Қоғам • Кеше