Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина алдағы қазанда өтетін референдум халықтың тікелей ерік білдіру құралы әрі жалпыұлттық ауқымдағы шешім қабылдаудың заңды тәсілі екенін айтты.
– Бұл тәуелсіз ел дамуындағы 4-референдум. Маңыздысы – жұртшылыққа АЭС салудың мәнін түсіндіру. Қазір барлық өңірде референдумға байланысты жұртшылықты ақпараттандыру жұмысы жүріп жатыр. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 53,1 пайызы елімізде АЭС салуды қолдаса, 32,5 пайызы қарсы пікір білдірген. Оларды ықтимал апаттар, салдары мен қоршаған ортаға кері әсері алаңдатады.
Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды тұғырнамасында еліміз үшін аса маңызды мәселелердің референдум арқылы шешілетінін атап өтті. Болашақ саяси модельді анықтауға жұртшылықты кеңінен тарту – елде болып жатқан үрдістерге әсер етудің шешуші фактор. Мысалы, Швейцария халқы көбіне референдумға жүгінеді десек, онда плебисцит 400-ден астам рет, ал Еуропаның қалған елдерінде соңғы 200 жылда референдумдар – 149 рет, Орта және Таяу Шығыста – 93 рет, Азия елдерінде – 30 рет өткен. Сондықтан республикада референдум өткізудің өзіндік қисыны бар, дейді ҚСЗИ сарапшысы.
Сондықтан да референдум халықтың ерік білдіру тәсілі ретінде кең таралған тәжірибе саналады. Осы орайда сарапшы әлеуметтік сауалнамалар нәтижесінен АЭС құрылысын қолдау динамикасының басымдығын байқауға болатынын айтады. Мысалы, ҚСЗИ тапсырысымен өткен сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 53,1 пайызы елімізде АЭС салуды қолдап, электр энергиясы тапшылығының таяу жылдарда шешілетіндігіне сенім білдірген болса, «Amanat» партиясы қоғамдық саясат институты жүргізген сауалнамада 59,3, «Социс А» сауалнамасына сәйкес қатысқандардың 60,4 пайызы құптаған.
Соңғы уақытта болашағы зор технологияларды, ғылымды дамыту мақсатында Ұлттық ғылым академиясы форсайт-зерттеулерге жоғары мән беріп отыр. Бұл зерттеулер негізгі ғылыми, технологиялық бағыттардың дамуына ықпал ететін гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша стратегиялық бағыттарды анықтауға негізделген. Академияның форсайт-зерттеулерінің алдын ала қорытындылары бейбіт атом саласын дамытуда нано және материалтану, радиациялық қауіпсіздік, ядролық технологиялар, жоғары технологиялық машина жасауда жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Осы орайда ҰҒА вице-президенті Абай Серікқанов атом энергетикалық стансасын салған жағдайда еліміз энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға, көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға, табиғи уранның барланған ірі қорларына және ядролық отын өндіретін кәсіпорындарға ие болатынын жеткізді.
– Төмен көміртекті болашаққа ұмтылу инновациялық тәсілдерді қажет етеді. Мұнда атом энергетикасы маңызды рөлге ие. Өскеменде табиғи уранның ірі барланған қорлары (әлемде 2 орын), жылу (ТВС) өндіретін зауыттың болуы АЭС салынған жағдайда ағымдағы реакторға дейінгі ядролық отын циклін (уран өндіру, оны байытудан отын таблеткалары мен ТВС шығаруға дейін) дамытуға барлық мүмкіндікке ие болып отыр, – деді сарапшы.
Жиын барысында Энергетика министрлігі Ядролық физика институты департаментінің директоры Мұрат Төлегенов республика жұртшылығын алаңдатып отырған бірқатар жайтты тілге тиек етті. Сарапшы Атырау, Ақтау, Орал, Ақтөбе сапарындағы кездесулерде көп қойылған сұрақ жемқорлықтың белең алуы, Балқаш көлінің деңгейі мен аймақтағы экологиялық ахуал, кадр мәселесіне қатысты болғандығын алға тартты. Осы сауалдарға байланысты М.Төлегенов «АЭС үшін пайдаланатын су Балқаштың деңгейіне еш әсері жоқ әрі ол қауіпсіздік нормаларынан аспайды, жылы су көлге жіберілмейді. Ал кадр даярлау жағынан ұтпасақ, ұтылмаймыз», деп жауап берді.
– Елімізде атом стансасын пайдаланудың мол тәжірибесі бар. АЭС-те жұмыс істеу үшін электриктер, механиктер, дозиметрлер, нысан радиациялық қауіпті болғандықтан, радиоэкология, радиациялық әсерін қадағалайтын мамандар қажет. Ақтауда БН-350 жылдам нейтрондарда жұмыс істейтін реактордың болғаны белгілі. Бүгінде Ядролық физика институтында үш оқу орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар ядролық физиктерді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті даярлайды. Қазіргі күнге дейін елімізде екі мыңнан астам сала маманы даярланды. Бүгінде Ядролық физика институтында ғылыми-зерттеу жұмыстарына, сондай-ақ өнеркәсіп пен ядролық медицина үшін радиоизотоптар өндіруге арналған ВВР-К зерттеу реакторы жұмыс істеп тұр. Атомды бейбіт мақсатта пайдаланудағы тәжірибемізде қатерлі ісік ауруларын емдеуде қолданылатын диагностика үшін молибден, фтор-18, йод-131 өндірісі жолға қойылған. Ал зерттеу реакторының жұмысы су-су атом стансаларымен бірдей. ВВР-К зерттеу реакторын басқаратын мамандар атом стансасын да басқара алады, – деп түсіндірді М.Төлегенов.
Атом индустриясын дамыту қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі Дастан Елеукеновтің айтуынша, АЭС салу туралы шешім қабылдау мәселесі атом технологияларын жетілдіру мен олардың қауіпсіздігін арттыруға байланысты туындап отыр. Осыған байланысты ядролық технологияның дамуымен туындап отырған барлық алаңдаушылықққа, әсіресе соңғы онжылдықта негізгі жауап бар. Өйткені АЭС салу ел дамуы мен халықаралық қоғамдастық деңгейіндегі өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді.
Орталық Азиядағы «New Nuclear Watch Institute» консультациялық кеңесінің төрағасы Бауыржан Ибраевтың пікіріне сүйенсек, заманауи технологиялық және әлеуметтік өзгерістер электр энергиясы тапшылығына әкелді. «Бұл индустрияландыру, урбанизация және цифрлық технологиялар, интернет, «бұлтты» қызметтер және жасанды интеллектіге тәуелділік энергия тұтыну сұранысын арттырды. Сонымен қатар елімізде тиімділігі өте төмен электр энергиясын өндіретін технологиялардың ескіруіне байланысты өнеркәсіптік секторда да түйткілді мәселелер туындады. Сондықтан ел экономикасы мен энергетикалық сектордың дамуын, экологиялық қауіпсіздік, сондай-ақ табиғи ресурстардың сарқылуын қаперге алатын болсақ, оның шешімі атом энергетикасын дамытумен байланысты, дейді Б.Ибраев.
Атом энергетикасы саласын дамыту тұрақты энергиямен жабдықтау, жаңа өндірістерді құруға серпін береді. Жаңа жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етеді. Елімізде ірі өнеркәсіптік жобаларды іске асырып, бәсекеге қабілетті озық технологияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді, дейді Алматы Азаматтық альянсының төрағасы, қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі Қайыржан Әбдіхалықов. Ал Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің профессоры Андрей Кибарин келтірген мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі жетекші сарапшылармен, ғалымдармен жүргізілген сауалнама және сараптамалық инсайт отандық энергетика саласын әрі технологиялық даму әлеуетін айқындауға мүмкіндік береді. Оның айтуынша, сауалнама нәтижесінен мәлім болғанындай, респонденттердің жартысына жуығы (46 пайыз) дәстүрлі энергетиканың болашағын жоғары бағаласа, төрттен бірінен астамы (26,92 пайыз) баламалы, оның ішінде атом энергетикасын таңдаған.
Сондай-ақ жиында А.Бүркітбаев атындағы Энергетика және машина жасау институтының зерттеуші-профессоры Инеш Кенжина халықтың радиофобиясын төмендету тәсілін ұсынып, әлемдегі атом энергетикасы дамуының негізгі үрдістерін сөз етті.
АЛМАТЫ