Қоғам • 21 Қыркүйек, 2024

Келелі конференция

114 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Назарбаев университетінде Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «ARC-2024» ғылыми-практи­калық конференциясы өтті. Жиында ХХІ ғасырдағы универ­си­теттердің көшбасшылығы және ғылымды қолдау тақы­рыбы талқыланды.

Келелі конференция

«ARC-2024» халықаралық кон­ференциясы – бұл шетел­дік және отандық сарапшы­лар мен зерттеушілерді, оның ішін­­де әртүрлі салалардағы жас ға­лым­дарды біріктіретін, ғалам­­­дық сын-қатерлерді тал­қылайтын алаң.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елі­міз­дегі университеттердің жергі­лік­ті әрі жаһандық деңгейде де трансформацияланып жатқанын айтты.

«Университеттердің бірін­ші миссиясы – оқыту, екіншісі – зерттеу, ғылым және үшін­шісі – әлеуметтік миссия. Қазіргі уақытта академиялық орта мен бизнес бір-бірімен ты­ғыз байланыста. Ал еліміздің жоғары оқу орындары жер­гі­лікті қоғамдастықтың даму ор­та­лықтарына айналып жатыр. Уни­верситет тек оқу немесе ғы­лыми зерттеулер жүргізу орны ғана емес, экономикалық тірек те болып отыр. Ол инвестиция әкеледі, адамдарды, жаңа сту­дент­терді, таланттарды тартады», деді министр.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова жоғары білім саласындағы жаһан­дану үрдістері өңірлік универ­си­тет­тердің қызметін кеңейтіп, ұлт­тық, жаһандық деңгейде ық­па­лын күшейте түскенін атап өтті.

«Осыған дейін ұлттық немесе орталықтағы ірі жоғары оқу орындарымен салыстырып, өңірлік университеттер­дің мүмкіндігі мен миссиясына қатысты түрлі пікірлер бол­ғаны рас. Алайда жоғары білім саласында жүріп жат­қан жаһандық үрдістер бұдан былай университеттер­ді ха­лықаралық, ұлттық, өңір­лік де­ген деңгейлермен шектеуге кел­мейтінін көрсеткен­дей. Ақ­­төбе өңірінде орналасқан Қ.Жұ­­­банов университетінің мыса­­лында стратегиялық серік­те­сі­міз ұлыбританиялық Хе­риот-Уотт университетімен ты­ғыз байланыс орнатып, жұ­мыс істей бастағанда осыны тү­сін­дік. Өңірлік оқу орындары се­ріктестерінің тәжірибесін зерттеп, стандарттарын енгізе отырып, халықаралық деңгейге ұмтылысы арқылы қоғамдағы бейнесін өзгертіп жатыр. Әри­не, өңірлік университеттер ең алдымен өзі орналасқан облыс­тың әлеуметтік-экономика­­лық дамуына үлес қосып, маман­дар даярлап, жергілікті өнді­ріс орындарының мәселелерін шешуге жұмыс істейді. Деген­мен біз жаһандық мәселелер­ді өз аймағымыздың деңге­йін­де көтеріп, ұлттық жобаларды жү­зеге асыру арқылы өңір­лік дең­гейден шығып, әлдеқай­да ауқымды міндеттемелер­ді алып отырмыз. Осылайша, Батыс Қазақстан өңірімен ғана байланысты болып келген Қ.Жұбанов университеті, оның ішінде Хериот-Уотт кампу­сы бү­гінде республиканың бас­қа да өңір­лерінен талантты студент­терді қабылдап, ұлттық кадр­лар­ды даяр­лауға үлес қосып отыр», деді Л.Қарабасова.

Сонымен қатар конференцияда «Three Minute Thesis» бай­қауының соңғы кезеңі өтті. Бұл – алғаш рет Аустралияның Квинсленд университетінде өткі­зілген ғалымдар сайысы. Онда докторанттар өз зерттеулерінің маңызын үш минуттың ішінде аудиторияға жеткізуі керек. Бай­қау қазіргі кезде халықаралық деңгейде танылған. Жеңімпаздар қосымша зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін гранттар алады.

Жиынның екінші күні «Жа­санды интеллектіні қоғам игі­лігіне пайдалану, жаңа наноматериалдар мен технология­ларды коммерцияландыру» та­қырыбында өтті. Ақылды жү­йе­лер және жасанды интел­лект институтының (ISSAI) қыз­меткерлері өздері әзірлеген AI гене­ративті модельдері мен қо­сымшаларын ұсынды. Еске сала кетейік, «ISSAI» қазір KazLLM-нің үлкен тілдік моделін жасау­мен айналысып жатыр. Бұған дейін қазақ тіліндегі дауыстардың ең үлкен дерекқорын жинау және талдау арқылы институт ғалымдары мемлекеттік тілді автоматты түрде танитын бірінші модельді (ASR) әзірледі, одан кейін қазақ тіліндегі мәтінді дыбыстайтын бірінші корпусты (KazakhTTS) жасады. Қатысу­шы­ларға ғалымдар бірден көп түркі тілін тану жүйесін, «Computer vision», «AI in robotics», «AI in me­dicine», «Smart city» және «living» са­ла­ларындағы басқа да жоба­лар қалай жұмыс істейтінін көрсетті.

Жасанды интеллект жөніндегі симпозиумда Сингапур ұлттық университетінің профессоры Мохан Канканхалли жасанды зердені қоғам игілігіне пайдалану тақырыбын қозғады. Ол студенттерге, зерттеушілерге және өнеркәсіп өкілдеріне қолжетімді зерттеу мүмкіндіктері туралы баян­дады.

«Мен Назарбаев универси­тетінің қол жеткізген жетістік­те­ріне қатты таңданып отырмын. Қазақ­стандағы AI саласының әле­­уеті зор, атап айтқанда, «KazLLM» – болашағы бар ауқымды жоба. Мен өз тарапым­нан кез келген қолдауды көрсетіп, бірлескен жобалар жасауға дайынмын», деді Мохан Канканхалли.