Ол – Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев сияқты Алаш қайраткерлері өсіп-өнген топырақтың перзенті. Осындай бірегей тұлғалардың ізі қалған мекенде дүниеге келген жанның елшіл азаматтар қатарынан табылуы – заңдылық. Бұл өңір – қазіргі Қарағанды, бұрынғы Жезқазған облысының Ақтоғай ауданы. Бұрынғы атауы – Қоңырат. Рымбек Жүнісұлы осы ауданның өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан білімді де білгір, ұйымдастырушылық қабілеті зор білікті басшылардың бірі болды. Кешегі кеңестік кезеңде қитұрқы саясаттың салдарынан алашордашылар мен олардың ұрпағына кекшілдік пен күдік басым болғандықтан Ақтоғай ауданы көп жыл жетім баланың күйін кешті. Жоғары жақ ауданның дамуына жеткілікті көңіл бөле қойған жоқ. Көп жыл бойы «Алыстағы, артта қалған аудандар тізімінен» шығармады. Әрине, Ақтоғай аудан болғаннан бергі алпыс жыл ішінде басшылыққа жергілікті бір де-бір адам ұсынылмай, кадрды сырттан әкелгеніне жұртшылықтың көңілі қоңылтақсығаны рас. Коммунистік партияның тұсында мұны ашық айтуға мүмкіндік болмағанымен, «Қайта құру» кезінде қатып қалған қағида сетінеді. Ақтоғай аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына ел арасынан шыққан, жергілікті жердің көкейкесті мәселелерін жете білетін Рымбек Жүнісұлы тағайындалғанда көпшілік қуана құптады. Ол Алаш арыстарының алтын бесігі болған ауданның дамуы мен өркендеуіне алғашқы күннен-ақ бел шеше кірісіп, ел сенімін ақтай білді. Ақтоғайдың жақсы атағы шыға бастады. Алдыңғы қатарлы өңірлер қатарынан көрінді. Елдің тұрмыс-тіршілігі түзеліп, ауданның экономикасымен қатар ұлттық дәстүр мен руханиятқа да кең тыныс ашылды.
Рымбек ағамыздың алды ақжайлау, білімі терең, ойы асқақ, көргені мен түйгені көп еді. Елдің, жердің тарихына бейжай қарамайтын. «Тарихты болашақ ұрпағымыз білуі керек» деуші еді жарықтық. Осы үшін тер төкті, еңбек етті. Тарихтың ащы шындығын ашып, батырларымыз мен даңқты адамдарды ел есінде қалдыруға аянбай үлес қоса білді. Соның бірі туралы айта кетсе артық болмас. Кеңестік дәуірде Ақтоғай ауданына келген ресми өкілдер мен басшылардың барлығы Қызыларай мен Қаратал кеңшарларының тап ортасындағы Ақсораңға, оның сілеміндегі Әулиетауға келіп тыныстамай кетпейтін.
Рымбек Жүнісұлы 1988 жылдан бастап туған өңірдің табиғатын сақтап, қорғау, дәріптеу ісін тікелей қолға алып шұғыл жұмысқа кіріскен еді. Соның нәтижесінде 61 мың гектар жерді қамтитын «Қызыларай ұлттық паркін» құру мәселесі 1991 жылы Жезқазған облысының тарихи, мәдени ескерткіштерді сақтау, қалпына келтіру, насихаттау жөніндегі 1990-2000 жылдарға арналған бағдарламасына енгізілді. Оның құрамына Беғазы қорымын қосу шаралары да қатарласа жүргізілген еді. Ондағы ойы жоғарыдан келген қадірлі, беделді адамдардың мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөлінуіне түрткі екен ғой. Бұл болашақты ойлағаны емей немене? Даңқты батыр, әрі би, әрі шешен Жидебай Қожаназарұлының есімін ел жадына сіңіру үшін көп еңбек етті. Батырға Балқаш қаласында ескерткіш орнатылуына мұрындық болды.
Халық үшін жасаған жақсы істерінің барлығын айтып тауысу мүмкін емес. Талай адам Рымбек Жүнісұлының шапағаты мен жақсылығын көрді. Ол зиялы қауымды, ақын-жазушыларды қолдай жүруді де ұмытпады. Әсем Алматыға қоныс аударған кезінде де қаламгер қауымның жанынан табылатын. Айтыстың жанашыры болды. Қолдан келер көмегін аяған жоқ. Өзі де әдебиетке, өнерге жақын адам еді. Шешендігі мен қаламгерлік қыры тағы бар. Кең жүректі, асыл да абзал тұлғаның, расы керек, арамыздан алыстан бара жатқанына сенгіміз де келмеді. Бірақ амал қанша, сұм ажал ел үшін туған нар азаматты сексен төрт жасында арамыздан алып кетті. Орны ойсырап қалды.
Ол аудан басшылығында болған кезеңге байланысты көрнекті академик Серік Қирабаевтың «Егемен Қазақстанға» шыққан мақаласында мынадай деректер бар еді: «Аз уақыт ішінде мемлекетке ет тапсыру 525 тоннадан 800 тоннаға, қой басы 22 мыңнан 38 мыңға, сиыр 2 800-ден 4 000-ға, жылқы 475-тен 850 басқа дейін өскен».
Жаңа басшыны алдымен ойландырғаны – облыс орталығынан алыс орналасқан ауданның артта қалып отырған жағдайы еді. Сол кездегі деректерге қарағанда, 1986 жылды аудан алты миллион рубль қарызбен аяқтаған. Табысы малдың төлімен, жүнімен, сүтімен, етімен бағаланатын ауданда бұл – көңіл көншітпейтін көрсеткіш. Ауданның барлық шаруашылықтарында болып, мемлекетке берешек қарызды жою, табысты ұлғайту, ол үшін әр ұжымның өзін-өзі ақтауы мәселелерін ақылдасады. Біртіндеп қаржыландырудың жаңа қағидатына көшудің қажеттігін көтереді. Осы саладағы бетбұрыс ақтоғайлықтарды экономикалық реформаға жетелейді. Мұндай жолдың пайдалы екеніне халықтың көзі жете бастайды. Сөйтіп, 1987 жылы сайланған басшы ауданның бұрынғы қарызын өтеп, 1988 жылды екі миллион рубль табыспен аяқтауды қамтамасыз етеді. Аудан бойынша арендалық қатынастарды дамытудың мүмкіндіктері ашылады. 1989 жылы аудан 5 млн 886 мың рубль пайда табады. Сөйтіп, түп-тамыры тереңге кеткен бірыңғай шаруашылық көрсеткіштерін енді экономикалық тұтқалар батыл алмастыра бастайды. Арендалық, мердігерлік әдіс кең өріс алады. Екі жыл ішінде аудан шаруашылықтарынан 93 бригада арендалық қатынасқа көшеді. Ауданда мал ұстаудың жылдар бойы қалыптасқан біржақты еңбек әдісіне өзгерістер жасаудың қажеттігі көріне бастайды. Жартылай шөлейт аймаққа орналасқан ауданда жайылым мен шабындықтың жұтаң тартуы, топырақ жамылғысының мал тұяғымен тозуы оны пайдаланудың жаңа әдісі туралы ойландырады. Оларды қалпына келтіру жұмыстарымен бірге, арнайы мал бордақылау алаңдарын жасау мәселесі қозғалады. Аудан бойынша екі жылдың ішінде төрт мың қой, 500 ірі қара семіртетін бес мал бордақылау алаңы іске қосылады. Осындай бастамалар негізінде аудан экономикасы алға басады. 1988 жылдың қорытындысы бойынша, аудан бұрынғы кеңестер одағы бойынша алға шығып, құрмет дипломын жеңіп алады. Бұл – өмір бойы артта қалып келген Ақтоғай ауданының алғашқы жеңісі еді.
Рымбек Жүнісұлының елге жасаған еңбегі лайықты бағаланды. Ол ХІІ сайланған Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болды. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысы және Ақтоғай ауданының құрметті азаматы атанды.
Рәкеңнің туған жеріне, ауылына деген ерекше сезімі туралы тағы бір дерек келтіре кетейік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ықшамдастыру саясаты жүргізіліп, аудандар бір-біріне қосылып саны қысқарғаны белгілі. Сол кезде Ақтоғай ауданының орталығын Шашубай кентіне көшіру мәселесі көтерілді. Сонда Рәкең «Егер аудан орталығы мәртебесінен айрылса, Ақтоғайда болашақ жоқ» деп, бұл іске жол бермеуге атсалысты. Өзім куә болған тарихты айтар болсам, Ақтоғайдың аудан орталығы болып қалуына үлкен еңбек сіңірген жандар – әуелі Рәкең, содан соң осы өңірден шыққан белгілі азаматтар – Алтай Зейнелғабдин мен марқұм Қабылсаят Әбішев.
Нарық заманында тындырымды ісінен танған жоқ. Астанадағы «Ақмола-бетон» серіктестігінің директорлар кеңесінің төрағасы ретінде 100-120 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, ел экономикасына өз үлесін тағы да қосты. «Білім мен ақыл бәрін жеңеді. Ақша байлығымен рухани байлықты алмастыра алмайсың» деуші еді асыл аға. Осы ой маза бермеді білем, «Көңілге түйгендерім», «Тоқырауын тоқырамасын» атты кітаптарды жазды. Рымбек Жүнісұлының ел ағасы, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілуіне зайыбы Бәзила Қалиқызының сіңірген еңбегі ерен. Жұбы жарасқан жандар ұл-қыз өсіріп, немере-шөбере сүйді. Жүрегіміздің төрінен орын алған асыл тұлға туралы талай жақсы естелік жазылатыны сөзсіз.
Серғазы МҰХТАРБЕК,
журналист