Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2024

Иін тірескен инвестор қайда?

575 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Атырау – шетелдік инвесторлар қызығушылық танытатын өңір. Өйткені мұнда көмірсутекті шикізат пен өзге де табиғи байлықтың мол қоры бар. Облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Полымбет Хасановтың айтуынша, мұнайлы өңір экономикасына шетел инвестициясын тарту мақсатында биыл 17 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жос­парланып отыр.

Иін тірескен инвестор қайда?

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Аэровокзал архитектурасы – Сарайшық стилінде

Жобалардың құны – 88 млрд 4 млн теңге. Барлық жоба іске қосылған кезде 750-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

«Мысалы, жүк вагондарын шыға­ра­тын зауыт жұмысын бастады. «Тексол­Транс» ЖШС зауытты іске қосу үшін 75 млрд теңге көлемінде инвестиция салды. Мұнда 180 адам жұмыспен қам­тылды», дейді П.Хасанов.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың мәліметінше, алдағы жылы Х.Доспанова атын­дағы Атырау халықаралық әуе­жайын жаңғырту басталады. Қатар инвесторы жаңа аэровокзал кешенінің құрылысына 50 млн доллар көлемінде инвестиция салғалы отыр. Нысан құры­лысы 2026 жылы аяқталады.

«Жаңа аэровокзал кешенінің ауданы – 16 мың 500 шаршы метр. Инвестор нысанды 3 жаңа телескопиялық траппен жабдықтайды. Атырау қаласы Жайық өзенінің бойындағы шығыс пен батыстың түйіскен жерінде орналасқандықтан, ғимараттың негізгі келбеті ортағасырлық Сарайшық қаласын еске салатын шы­ғыс мәдениетінің стилінде болады. Ғимараттың перронға қарайтын беті витражды терезелермен батыстық стильде, минимализм стандартымен салынады», дейді М.Қарабаев.

 

Жолаушы да, жаңа рейс те көбейеді

Қазір әуежайдан аптасына 7 бағытта – Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Тараз қалаларына 89 тұрақты рейс орындалады. Аптасына 6 бағыт бойынша 21 халықаралық тұрақты рейс бар. Министр дерегіне сүйенсек, әуежайды жаңғырту жобасы аяқталған соң, жолаушылар ағыны жылына 800 мыңнан шамамен 2 млн 944 мыңға дейін өседі. Сондай-ақ ұшу кеңістігін айтарлықтай кеңейту жоспарланған. Алдымен Еуропа мен Азияның танымал туристік бағыттарына жаңа рейс­тер ашылады. Нәтижесінде, жолаушылар бағыттарды кеңірек таңдай алады және аймақтың халықаралық көлік қолжетімділігі жақсара түседі.

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысы Амангелді Саламаттың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында алдағы екі жылда 7 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіпті. Бұл жобаларға салынатын инвестиция көлемі 36,6 млрд теңгені құрайды. Биыл аталған салаға бағытталған инвестиция 8 есе артып, 991,2 млн теңгеге жеткен.

«Бюджеттен ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға 3 млрд 548 млн теңге қарастырылып отыр. Оның ішін­де мал шаруашылығын жандандыратын жобаларды қолдауға 1 млрд 931 млн теңге, өсімдік шаруашылығына 446 млн теңге, агроөнеркәсіп кешенін субси­дия­лауға 113 млн теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығы саласында 2024–2026 жыл­дары 7 инвестжоба іске асырылып, 277 жұмыс орны ашылмақ», дейді А.Саламат.

 

Жобалау құнын өсіруге кім жауапты?

Ілгері кеткен қадамды тұсап тұрған түйткілдер де жоқ емес. Сенат депутаты Әлібек Нәутиевтің айтуынша, кейінгі үш жылда Атырау облысындағы бір­неше инвестициялық жобаның сметалық құны өскені анықталып отыр. Бұл әсіресе, құрылыс нысандарының уақтылы аяқталмауына себеп болуы мүмкін.

«Атырау облысы бойынша 2021–2024 жылдары аралығында бюджеттік бағдар­ла­маларының әкімшілері бастапқы құны 266,5 млрд теңге болатын 148 ин­вес­тициялық жобаға түзетуге енгізді. Бұл жобалардың сметалық құны 409,2 млрд теңгеге дейін өсті. Өсім 142,6 млрд тең­геден асады. Енді сметалық құн­ның өсімін жергілікті бюджеттің есе­бінен жабу керек болып отыр. Жобалар құнының бастапқы бекітілген құнынан екі немесе одан да көп есе өскені кездеседі. Бюджет кодексінің 46-бабына сәйкес, бюджеттен нысаналы даму трансферттері есебінен іске асырылатын жергілікті бюджеттік инвестициялардың сметалық құнын ұлғайтуға байланысты шығыстар тиісті жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатыны көзделген. Мұндай жағдайда жергілікті бюджетке орасан зор жүктеме түседі», дейді Әлібек Нәутиев.

Сенатор Үкімет басшысына бірнеше ұсыныс білдірген. Біріншіден, жергілікті бюджеттің шектеулі екенін ескеру қажет. Екіншіден, республикалық бюджеттен түзетулердің ұлғайтылған сомасын қаржыландыру мүмкіндігін қарастырған жөн.

«Инвестициялық жобалардың сме­талық құнының ұлғаю мәселесі тек Атырау облысында ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де оң шешілмей отыр. Осыған байланысты жаңа Бюджет кодексінің жобасына осы мәселені шешуге бағытталған ережелерді енгізу қажет. Егер жобалар республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен қаржыландырылса, жергілікті бюджеттен жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге арналған шығыстарды қаржы­ландыру туралы бапты Бюджет кодек­сінен алып тастау керек», деп есептейді Әлібек Нәутиев.

 

Инвесторды негізсіз аяқтан шалғандар жазаланады

Ал Атырау облысының прокуратурасы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді қолға алды. Қадағалау ор­га­­нының ақпаратына қарағанда, фронт-офисте инвесторлардың шағымы жедел түрде қаралады.

«Фронт-офисте инвесторға жәрдем көрсету және уәкілетті органдар тарапынан кездесетін заң бұзушылықтарды жою мәселесін жедел қарауға басымдық беріледі. Мақсат – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге қолдау көрсету. Мәселен, «А.Сисенов» жеке кәсіпкерлігі Құлсары қаласында жалпы құны 100 млн теңгені құрайтын инвестициялық жобаны іске асыруға кіріскен. Алайда жергілікті инвестор сүт және сүт өнімдерін өндіруге арналған жобаны іске асыру кезінде аумақтық ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясы тарапынан кедергіге тап болып отыр. Жергілікті инспекцияның ветеринарлық-санитарлық қоры­тынды беруден негізсіз бас тартқаны анықталды. Осылайша, жобаға әкімшілік кедергі келтірілді», деп хабарлады облыс­тық прокуратура.

Прокуратураның қадағалау актісі негізінде инспекция басшысы кәсіпкерге қорытынды беруден негізсіз бас тартқаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тар­тылған. Ал инвесторға салалық қоры­тынды берілген.

«Инвесторлар құқығын қорғау және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі жұмыс жалғасады. Бұл қада­ғалау органының жанындағы мобиль­ді топтың ұдайы бақылауында», деп мәлім етті облыстық прокуратура.

 

Түрік серіктестер сертінде тұра ма? 

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікі­рінше, мұнайлы өңір басшылары шетел инвесторларының инвести­циялық жобаларын қолдауға дайын. Мәселен, былтыр Түркиядағы «Er-Bakir» компаниясының директоры Маджит Ташкын Атырау облысында мыстан электритті сым өндіру жобасын іске асырмақ ниетін білдірген. Түрік кәсіпкерінің бұл ұсынысына облыс әкімі қолдау танытқан.

«Ресей, Әзербайжан, Түркияға мыс тасымалдауда біздің өңірдің көлік логистикасы сай келеді. Соған ыңғайлы деген аймақтарды белгілеп береміз. Электр жарығы үздіксіз болуына генератор қоюға да болады. Жер мен газ мәселесін де шешеміз», дейді Серік Шәпкенов.

2021 жылы тағы бір түркиялық «Brimstone Sulphur Provider Company» компаниясы күкірт бетонитін өндіретін кәсіпорын ашуға дайын екенін жеткізген. Түрік инвесторы жобаға шамамен 10 млн доллар инвестиция салғысы келген. «Теңізшевройл» ЖШС өкілдерімен шикізатпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты келіссөз жүргізген.

«Қазақстанда күкірттің жеткілікті қоры бар. Шикізатты терең өңдеуді ұйымдастыру, дайын өнімді күкірт бентониті түрінде шығарып, шетел нары­ғына экспорттау әлдеқайда тиімді болады», дейді компания өкілдері.

Алайда бұл екі компаниядан әлі күнге хабар-ошар болған жоқ. Ойға алған жоспарларын орындай ма, әлде сол күйі үнсіз кете ме, ол жағы уақыттың еншісінде.

 

Атырау облысы