Қоғам • 21 Қыркүйек, 2024

Мемлекеттік қызметші құқы

274 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елді өркендету бағытындағы ең жауапты іс мемлекеттік қызметшілерге жүктелетіні мәлім. Мемлекеттік қызметшіге осындай жоғары талап қойылса, онда оның құқықтарының қорғалуы мен әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуы да тиісті деңгейде болуы шарт.

Мемлекеттік қызметші құқы

Сурет: ru.freepik.com

Бұл ретте Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен оның аумақтық бөлімшелерінің қызметінің басым бағыттарының біріне мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау жатады. Осы бағытта агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен бірге бірқатар талдау жүргізілді. Соның біріне тоқталсақ, мемлекеттік қызметшілерге еңбек демалысын беру мен іссапар шығындарын төлеу мәселелеріне жүргізілген талдау нәтижесінде өңір­дегі мемлекеттік органдардың 29 мем­лекеттік қызметшісінің құқығы бұзылған. Дәлірек айтқанда, департамент жүргізген талдауға сүйенсек, мемлекеттік органдар тарапынан мемлекеттік қызметшілерге іссапар шығындары заңнамада бекітілген мөлшерге сәйкес толық төленбегені анықталды. Осы талдау нәтижелері Ақтөбе облысындағы әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, сондағы шешіммен мемлекеттік қызметшілерге тиесілі төлем өтелді.

Cонымен қатар жұмыс уақыты режімінің сақталуына қатысты жүр­гізілген талдау нәтижесінде 121 мем­ле­кеттік қызметшіге үстеме жұмыс атқарғаны үшін тынығу сағаттары беру жөнінде шешім қабылданды.

Бұған қоса мемлекеттік қызмет­шілердің құқықтарын қорғау­дың бір құралы – икемді жұмыс кес­тесін және қашықтан жұмыс істеу мүмкіндіктерін қолдану. Атап айт­қанда, бұл жұмыс берушінің келісімі бойынша қызметкерге жұмыс күнінің басқа тәртібі белгіленуі мүмкін. Яғни мемлекеттік қызметшілер аталған режімді белгілеу туралы өтінішпен жүгінуге құқылы. Мысалы, баланы таңертең мен кешке балабақшадан немесе мектептен алып кету сияқты себептер көрсетіледі. Осылайша, бұл мүмкіндікті биылдан бастап 21 мемлекеттік органның 52 мемлекеттік қызметшісі пайдаланып жатыр.

Аталған бағыттағы жұмыстарды нәтижелі жүзеге асыру айрықша маңызды. Өйткені осынау шаралар арқылы мемлекеттік қызметшілер арасында заң үстемдігі сезіліп, мем­лекеттік қызметке сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметшілердің құқық­тары мен заңды мүдделері бұзыл­­ған жағдайларда оларды қор­ғауға және қалпына келтіруге бағыт­талған шараларды қабыл­дайтын Әдеп жөніндегі уәкіл институты бар. Жоғарыда айтыл­­­ғандай бұзушы­лықтардың алдын алу мақсатында жұмыстар жүргізу үшін аталған кеңеспен бірге өңірдегі Әдеп жөніндегі уәкілдерге ұсыныстар айтылып, тиісті тапсырмалар беріледі.

 

Айбек ШІЛМАНОВ,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы