Осыған байланысты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте аймақ басшысы операторлардан сатылым лимитін алып тастауды талап етіп, газ тапшылығын қолдан жасауға тыйым салды.
«Операторлардың газды талонмен сатуының себебін жақсы білеміз. Олар жеке және заңды тұлғалармен келісімге келіп, соларды газбен толық қамтамасыз етуге жұмыс жасап отырғаны ешкімге құпия емес. Әлеуметтік газды тек халыққа сату керектігін былтыр да қатаң ескерткенбіз. Бұл мәселеде мен халықты қолдаймын, қарапайым тұрғын газ тапшылығынан зардап шекпеуі керек. Газ құю бекеттерінде кезек болмауын қадағалап, қазіргі қойылған лимитті алып тастаңыздар», деді облыс басшысы.
Энергетика министрлігінің 26 маусымдағы №233 бұйрығына сәйкес сұйытылған газдың бағасы 1 шілдеден бастап өскені белгілі. Осы күні өңірде 1 литр үшін шекті бөлшек сауда бағасы 70, ал облыс орталығынан 200 шақырымнан астам қашықта орналасқан шалғай аудандарда 75 теңге болып тұр. Жаз айларында Түркістан облысы мен Шымкент қаласында газ тапшылығы қатты байқалды. Ұлытау облысында баға бұрын 76-81 теңге болса, қазір 84-89 теңгеге жетіп, біздің өңірмен салыстырғанда едәуір көтерілген. Осыдан-ақ Қызылордадағы арзан газдың қайда жылыстап жатқанын шамалауға болады.
Жиында жауапты басшыларға газдың басқа өңірлерге тасымалданбауына Түркістан, Ұлытау, Ақтөбе облыстарының шекарасына тәулік бойы кезекшілік қою тапсырылды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, барлық оператордың газ қорына мониторинг жүргізіп, талонмен сату барысын, оның бағасын зерттеуге тиіс. Егер заңнама талаптары бұзылса, нақты шара қолданылады.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Бекболат Шәріпбеков мәселеге орай хабарлама жасады. Осы күні облыс аумағында 25 оператор 210 автогаз құю бекеті арқылы сұйытылған мұнай газын сатып отыр. Қыркүйек айына аймаққа 7 184 тонна газ бөлінген.
Операторлар коммерциялық газды өз қаражатына алуы керек. Ал әлеуметтік газды жоғары бағамен сатқандар жауапкершілікке тартылады. Аймақ басшысы операторлармен кездесуінде осыны қатаң ескертіп, жеңілдікпен сатылатын жанар-жағармайдан пайда көруді көздейтіндермен келісімшарт бұзылатынын ескертті.
«Мемлекет қолдауымен төмен бағада әкелінген газды пайда көру үшін бизнес өкілдеріне, жүк көліктеріне, сыртқа сататын компаниялар кесірінен газ тапшылығын қолдан жасап отырмыз. Жеңілдікпен сатылатын газ әлеуметтік тауар болғандықтан оның игілігін алдымен қарапайым халық көруі керек. Кәсіпкерлерді қолдаймыз әрине, бірақ оларды жұртшылық есебінен жарылқаудың жөні жоқ. Тұрғындарды 100 пайыз қамтамасыз еткеннен кейін ғана артылғанын сатуға болады. Автогаз бекеттерінде кезек, лимит қою, басқа да шектеулер мүлде болмауға тиіс. Жауапты басшылар күнделікті рейд ұйымдастырып, сату барысын тексеруі қажет. Жоғары баға қоятын, газды мақсатына сай сатпайтын кәсіпкерлермен келісімшарт бұзылады», деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Бағаны реттеудің амалы ретінде жиында «Байқоңыр» ӘКК жанынан бірыңғай оператор құрып, газ қорын сақтап, сату жайында ұсыныс айтылды. Корпорация он күн ішінде тиісті ұсыныс беріп, мәселені қолға алуы керек.
Қызылорда