Қарқаралы өңірінен соғысқа аттанған адамдар саны – 2148. Мерт болғандары – 724, хабар-ошарсыз кеткендер – 719. Ал елге аман-есен оралғандары– 645. Қазір ортамызда жүргендері небәрі 10-ақ адам.
Өкінішке қарай елге аман-есен оралған сол 645 адамның көбісін қазіргі ұрпақ көп біле бермейді. Оған араға көп жылдар салған уақыт керуенінің салдары болуы мүмкін. Осындай жайға бой алдырмас үшін өз басым жақсы білетін аталарымыз туралы, ол адамдардың жаратылысындағы ерекше мінез-құлықтары туралы қысқаша болса да атап өтуді міндет санадым. Кешегі жауынгер, қазір ортамызда жоқ жерлес аға ұрпақ алдындағы бір парызымызды осымен өтесек деймін.
Соғыс ардагері Қашаубаев Мұсайын ақсақалмен көрші тұрдық. Қазір Қарқаралы қаласында туғандарынан ешкім қалған жоқ, қайтыс болғанына да аттай 40 жыл болды. Айтқан әңгімесінен есімде қалғаны ол кісі танкінің зеңбірек көздеушісі болғаны. Майдан даласында біздің Т-34 әскердің алдыңғы шебіндегі ауыр шайқастар ортасында болатыны белгілі. Жерлес жауынгер атамыздың танкі әлденеше рет жанып, өзі өлім аузынан аман қалып отырған. Бірнеше әскери орден, медальдары болатын. Мұсайын ақсақалдың үйі пешпен бөлінген кішкене тас үй еді. Үнемі солдат махоркасын тартып, кітап оқып отыратын. Зейнеткерлікке жасы келсе де зейнетақы алудан өз еркімен бас тартты. Ол кезде қарияның бұл мінезіне ешқайсымыз мән бермеген едік. Керемет ауқатты да болған жоқ. Енді ойлап отырсақ ол шын мәніндегі елжандылық көрінісі, Отанды шексіз сүю, туған жердің топырағының қадір-қасиетін қадірлеу екен. Ұлы далаға аман-есен жетіп, жусан иісі аңқыған ауасын көкірек кере жұту, сосын дәмдері таусылған кезде ата-баба қорымына барып мәңгі орын тебу секілді армандарына жаратушының жеткізгеніне шүкіршілік еткені ғой.
Осындай қасиет Қарқаралы жерінің тағы екі адамының бойынан көрініс береді. Өз басым жақсы танитын қадірлі аталарымыздың тағы бірі Кәкібаев Мақсұт болатын. Аудандағы Тоқтар Әубәкіров ауылының тумасы-тын. 1912 жылы өмірге келіп, 2007 жылы 95 жасында қайтыс болды. Бұл кісі Ұлы Отан соғысы кезіндегі шешуші айқастардың бірі Курск иініндегі от-жалынға оранған майдан даласында ауыр жараланып 9 ай госпитальда жатқан. Бір қолының мүгедектігіне қарамастан елге келген соң тер төгіп, күндіз-түні жұмыс істеді. Сол кездегі ауылдастарының және інісі Халит ағаның айтуынша, Мақаң қандай істі бастаса соны тыңғылықты атқарып біткенше тыным таппайтын. Нәтижесінде ол кісі басқарған бригада егін егу, шөп шабу, оны қораларға тасу кезеңдерінде үнемі алдыңғы қатардан орын алатын. Баласы Шәмшияның айтуы бойынша үлкен тынымсыз еңбек адамы болып, сол өңірдегі ең беделді адамның бірі болған. Мақаң ақсақал кейіннен өз алдына бір отар қой алып еңбегінің өте нәтижелі болуы себепті «Құрмет белгісі», «Октябрь революциясы» ордендерімен марапатталған. Ерекше тоқтап, айтайын дегенім, ақсақалдың тұрған үйі ауылдың екі бөлмелі шатырланбаған қарапайым мекенжайы еді. Сонда 6 баласымен тұрды. Бір күні ауылға комиссия мүшелері келді. Әңгіменің мазмұны: ҰОС ардагері Кәкібаев Мақсұтқа аудан орталығынан жаңадан салынған бір үй бөлінген. Мұны естіген Мақаң бұлқан-талқан ашуланып: «Мен ешкімнен үй сұраған емеспін және сұрамаймын», – деп айтады. Неткен тазалық, қарапайымдылық!
Биылғы 10 наурызда майдангер Тілеуберлі Шитенов деген атамыз 95 жасында қайтыс болды. Бұл кісіні 1997 жылы қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі болған кезден бастап білдім. Тілеуберді аға 1941 жылы майданға аттанады. 1 Прибалтика майданына жіберіледі. Онда автоматшы болады. Жастайынан жігерлі, шапшаң қимылға бейім ағамыз неше түрлі ерліктің үлгісі бола біледі. Мысалы, ол майдан даласында немістің мұздай қаруланған 149 солдаты мен офицерін тұтқынға алады. Осы ерліктері үшін 3 адам: батальон командирі Соколов, сержант Белоус және қатардағы жауынгер Шитенов Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Белгісіз себептермен алдыңғы екеуіне бұл атақ беріліп, жерлесіміз Тілеубердіге бұйырмапты. Ерекше ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», «Қызыл ту» ордендерін алған. 1949 жылы майдангер аға әскер қатарынан босап, елге оралады. Көптеген замандастары секілді ол кісі де соғыстан кейін жүдеп, қаусап қалған елдегі шаруаны ретке келтіруге жан аямай тер төгіп еңбек жасады. Соның айғағы бейбіт кезеңде бұл кісінің «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерін алуы.
Мен көрген, мен білген үш майдангер міне, осындай жандар еді. Олар елге үлгі адамдар болатын. Сонысымен де жерлестерінің есінде қалды. Ұрпақтары оларды ұмытпайды.
Аманкелді БАБАЙБЕКОВ,
Қарқаралы қалалық
ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Қарағанды облысы.