Денсаулық • 22 Қыркүйек, 2024

Қазақстанда алғаш рет аюрведалық шипагерлік ілім көрмесі өтеді

82 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алдағы 24-25 қыркүйек күндері Алматыда алғаш рет «MYSTIC AYURVEDA & WELLNESS EXHIBITION» атты Аюрведа көрмесі өтпек, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда алғаш рет аюрведалық шипагерлік ілім көрмесі өтеді

 

Аюрведа - 5000 жылдан астам уақыт бұрын пайда болған дәстүрлі үнділік медицина жүйесі болса, ол кеселдер адам санасындағы теңгерімсіздіктен немесе күйзелістен туындайды деген ұстанымға негізделген. Аюрведаның басты қағидасы сонда - дұрыс тамақтану, диета және өмір салты және шөптік препараттардың көмегімен денедегі, ақыл-ой мен санадағы тепе-теңдікті қалпына келтіру арқылы аурулардың алдын алу мен шипасын табу.

Сонымен бұл көрме Үнді Аюрведасының, оның шөптері мен денсаулықты сауықтыруға арналған өнімдерінің құдіретін көрсетеді.

Денсаулық сақтау саласындағы ерекше оқиғаға орай өткен баспасөз мәслихатында отандастарымыз үшін көрмеге тіркелу мен қатысу тегін жүретіні мәлім болды.

Аюрведа және сауықтыру көрмесін Қазақстандағы Үндістанның Төтенше және Өкілетті Елшісі доктор Т.В.Нагендра Прасад ертең, 24 қыркүйек күні сағат 9:30-да Rixos Almaty қонақүйінде ресми түрде ашады.

Көрмеде Үндістанның аюрведалық өнім өндірушілері шипалық қызметтерге қоса, аюрведиялық дәрі-дәрмектер мен шөп өнімдерінің алуан түрін ұсынғалы отыр. Оған қоса көрмеге қатысушылар Үндістанның жетекші мамандарынан, аюрведа дәрігерлері мен өндірушілерінен арнайы ілім алу мүмкіндіктері қарастырылған.

Көрме бағдарламасына интерактивті B2B кездесулері, аюрведаны тәжірибеде қолданудың тікелей көрсетілімі мен аюрведиялық дәрігерлердің кеңестері кіреді.

Көрмеге келушілер аюрведаның сана, дене мен рухтың тепе-теңдігін сақтауға қалай көмектесетінін, жалпы бақуаттылыққа қалай ықпал ететінін, денсаулықтағы нақты  кінәраттарды қалай шешуге болатынын біле алады.

Арнайы сессиялар диета мен тамақтану, детоксикация әдістері, йога, медитация мен шөп дәрілерді қолдану сияқты, Аюрведаның әртүрлі қырларын қозғайды.

Аюрведа көрмесін Vipex Associates компаниясы Biz Network, MarketExpoGroup компанияларымен мен бірлесіп, Ayushexcil - Үндістанның Аюрведаны насихаттау Кеңесінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Орайы келіп тұрғанда, қазіргі таңда аюрведа секторының кеңеюі жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ашып, оған дүние жүзіндегі ірі кәсіпкерлер, технологиялық компаниялар мен медициналық орталықтар тартылып жатқанын атап өтуге болады.

 

Алматы