Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
2022 жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келе жатқан жобаға былтыр 700-ден астам оқушы-студент жастар тартылса, биыл аталған оқиғаны тамашалаушылар 1 200-ден асты. Оған астаналық жалпы орта білім беру мекемелерінің оқушылары, сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бастаған елорда жоғары оқу орындарының студенттері, қала тұрғындары қатысты.
Ұйымдастырушы тараптардың мәліметі бойынша, құнды жобаның берері мол. Атап айтқанда, өскелең ұрпақ ұлт руханиятында орны зор тұғырлы тұлғалар өмірі және халқымыздың тарихына қатысты деректі құжаттарды көріп, оның мән-маңызына бойлай алады. Сөйтіп, жас буынның өткен оқиғаларға ынтасы оянып, ұрпақтардың рухани сабақтастығы жаңғырды. Сондай-ақ еліміздің тарихы мен мәдениетін білуге, үйренуге ден қойып, патриоттық сезімі оянады.
«Ұлттық архиві» республикалық мекемесінің директоры Сағила Есімсейітқызы: «Осы жоба аясында өмірден өткен аға буынның еңбекшіл және жауынгерлік жолының үлгісін жастарға танытумен қатар, архив құжаттарын насихаттау һәм архив саласының имиджін арттыруды мақсат етіп отырмыз», дейді.
Осылай «Ашық есік күніне» келген қонақтар ең әуелі Ұлттық архивтің жай-жапсарымен танысты. Бұл мекеме 2006 жылы 14 желтоқсанда ресми түрде ашылған болатын. Негізгі міндеті барлық жеткізгіштер түріндегі архивтік құжаттарды толықтыру, сақтау және пайдалану.
Қазір мұндағы архив қоры толығу үстінде. Кейінгі жылдары шетелдік мұрағаттар, кітапханалар, ғылыми-зерттеу орталықтарынан тарихи құнды құжаттардың көшірмелері жеткізіліп жатыр. Оның сыртында жуық жылдары отандық жеке мұрағаттардан: 147 377 кадр микрофильм, 16 808 парақ құжат, 785 мұрағаттық іс, 27 Шығыс қолжазба көшірмесі, 52 киноқұжат, 1 819 фотонегатив, 113 түрлі-түсті слайдтар, 12 ортағасырлық карта көшірмесі, 400 мұрағаттық құжат жинағы һәм анықтамалықтар сатып алынған. «Ашық есік күніне» қатысушы қонақтар жоғарыда атап өткен жәдігерлердің көпшілігімен таныса алды. Әсіресе көрермендерді 9 қабаттан тұратын, сыртынан қарағанда күмбез пішінді мұрағат сақтау қоймасы таң қалдырды. Мұнда барлық жұмыс соңғы технологиямен жабдықталып, құжаттар цифрландырылған.
Ал мекеменің экспозиция залына ел тәуелсіздігіне қатысты қорда сақтаулы тұрған тарихи құжаттар қойылыпты. Бұлардың қатарында 1991 жылы 10 желтоқсан күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республика атауын «Қазақстан Республикасы» деп атау туралы № 1000 – ХІІ құжат, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Жоғарғы кеңес шешімі, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» заңы, т.б. құжаттар бар.
* * *
«Ашық есік» жобасына ат салысқан екінші мекеме – «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы». Бұл құрылымның міндеті – көне қолжазбаларды жинау, зерттеу, сақтау, реставрациялау болып табылады. Бүгінде мекеме қоры 9 мың бірліктен асады. Оның ішінде 2000-ға жуығы аса құнды кітап болса, 300-ден астамы ІХ-ХХ ғ.ғ. мұралары: араб, парсы, түркі-шағатай, көне өзбек, татар тілінде жазылған сирек кітаптар. Сонымен қатар ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басында төте һәм латын графикасында жарық көрген туындылар да бар. Бұлардың арасында елеулілері – 1880–1916 жылдар аралығындағы Ақмола, Торғай, Сырдария, Орал, Семей, Жетісу облыстары бойынша егіншілік, демография, мал шаруашылығы және басқа салалардың дамуын сипаттайтын статистикалық шолулар және I Петр мен II Екатерина патшалар тұсында қабылданған Ресей империясының заң кодекстері, миниатюралық кітаптар жинағы.
Мекеме есігін аттаған жас буын мұнда «Тарихи викторина», «Ұрпаққа аманат», «Құнды жазба мұралары», «Тарихтың қайнар көзі», «Ұлттық қор – ел тарихы», «Құжаттардың жаңаруы», «Цифрлық Қазақстан – жаңа архив», «Архив басылымдары» атты бекеттермен танысып, шеру соңында ұлттық архив туралы бейнероликті тамашалады.
Әсіресе келушілерді тәнті еткен оқиға – мекеменің көрме залына қойылған жәдігерлер. Бұл жерге шамамен ІХ-XX ғ.ғ. қамтитын тарих, география, медицина, математика, философия, дінтану, тіл білімі салаларына қатысты көне түркі, араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған қолжазбалар мен сирек кітаптар қойылған. Кейбір құнды қолжазбаларға тоқталсақ, руникалық графикамен көне түркі тілінде жазылған «Болжам кітабы»; «Оғызнама» кітабы; қаһармандық эпос үлгісінде жазылған «Қорқыт Ата» кітабы; Ж.Баласағұнның этикалық-дидактикалық мазмұндағы туындысы «Құтадғу білік»; Фарабидің саясат пен әлеуметтануға қатысты философиялық ойлары жазылған «Таквим ас Сияса» атты еңбегі; Махмуд Қашқаридың түркі халықтарының әдет-ғұрпы, тарихы, мәдениеті сипатталған «Диуани лұғат ат-түрік» кітабы және басқа да жазба әдебиеттер орын алыпты.
Бұлардан басқа, Алтын Орда дәуірінің авторлары: Құтб, Хорезми, Сайф Сараи, Хұсам Хатибтің еңбектері және Құтбтың «Хұсрау мен Шырын», Сайф Сараидың «Гүлистан биттүрки» дастандары, Рабғұзидың «Қиссас-ул-Әнбия» еңбегінің сыртында, Қазақ хандығы тұсына тән: Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресі» еңбегі, Қадырғали Жалайридің «Жамиғат-тауарих» шығармасы, тимурид билеушісі сұлтан Хусейн Мырзаның қызы Айша Сұлтан ханымға арналған қолжазбасы, т.б. көруге болады.