– Төлеген Тұрсынұлы, биыл 12 мың км жолдың бір бөлігін орта, екіншісін күрделі жөндеуден өткеруді көздеп тұрсыздар. Мұнша ұзақ жолды бір жылда талапқа сай жөндеп үлгеру мүмкін бе?
– Бұл ауқымды жұмысты толық атқарып шығуға әл-қуатымыз жетеді. Себебі ведомство осы мақсатты алдына қойғанда, білікті мамандар жасаған арнайы бағдарлама мен нақты түзілген жоспарға сүйенді. Енді жоспардан жаза баспасақ, биыл автомобиль жолдарының 7 мың шақырымына орта, 2,5 мың шақырымына күрделі, ал жергілікті жерлердегі 4 мың шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмысын жасап, 7 млн тоннадан астам асфальт төсейміз. Оған ресурс жеткілікті, техника, технологиямыз сақадай сай. Тек кей жағдайда жұмыс барысына ауа райы кедергі келтіруі ықтимал.
– Әдетте «жол жасауға жаңа техника жетіспейді, дұрыс технология жоқ, сол себепті, еуростандартқа сай емес» деген сын айтылады. Мұнымен келісесіз бе?
– Бұл шындыққа жанаспайды. Егер олар болмаса, нормативте бетон жолдар талабы көрсетілмесе, құрылысы 2009 жылы аяқталған «Астана – Щучинск» жолы салынбас еді ғой. Бірінші категориялы жолдың ұзақтығы – 211 шақырым. Биыл пайдалануға берілгеніне 15 жыл толды. Оған бірде-бір рет жөндеу жұмысы жүргізілмеді. Тек күтіп ұстау шарасымен тұр. Негізі нормативтегі талап бойынша әр 5 жыл сайын орташа жөндеу жұмысы жасалуға тиіс. Яғни жолдың үстіңгі қабатын қырып алып тастайды да, жаңасын төсейді. Себебі 5 жылда үстіңгі қабаттың тозығы жетеді.
Ал 5 жыл сайын конструкциясы аса күрделі жолды орташа жөндеуден өткеріп тұруды әзірге біздің бюджет көтермейді. «Ақылы ғой» деп уәж айтсақ, одан түскен төлем күтіп ұстауға әзер жетеді. Өйткені төлемі тым арзан. Оны компьютерде отырған, қолына телефон ұстаған адам, интернетті түртіп, дамыған елдердің ақылы жолына қарап біле алады. Аталған жолдың сапасы ойдағыдан әлдеқайда жоғары болды. Нәтижесінде, қызмет ету нормативін өзгеріске әкелді. Бұл жақсы көрсеткіш елдегі салынып жатқан I санаттағы жолдардың еуростандартқа сай, тіпті сапасы оданда асып түскенінің дәлелі. Дегенмен ескеретін жайт – жолдың төзімділігі елдегі жер қабатының құрамына және жол құрылысында қолданылатын негізгі материалдардың сапасына қатысты болуы да ықтимал.
– Бір шақырым автожолды салуға және оны күтіп ұстауға қанша қаржы жұмсалады?
– Бұрынғы нормативпен бір шақырым жолды күтіп ұстауға 2,2 млн теңге жұмсайтын едік. Жаңа нормативте көрсетілген сомадан 10% артық жоспарладық. Негізі қалыпты күтіп ұстау шарасына әлдеқайда көп қаржы керек. Әзірге бюджет тапшылығы ойдағыны түгел орындауға мүмкіндік бермейді. Автожолдарды күтіп ұстауға бір жылда 80 млрд теңге ақша қажет. Бюджеттен әзірге бөлінгені – 34 млрд теңге ғана. Елде 3 000 шақырым ақылы жол бар. Олар өзінен түскен ақшамен күтіп, бапталады. Ақылы магистралға бюджеттен бір теңге жіберілмейді.
Солтүстік пен оңтүстіктегі көрші екі елмен салыстырып қарайтын болсақ, Ресей бір шақырым жолды күтіп ұстауға – 7 млн, ал Өзбекстан 1,5 млн теңге жұмсайды. Автожолдың сақталуы, төзімді болуы климат пен жер қабатына және құрылыс материалының сапасына байланысты. Жолдың бірінші жауы – жауын. Яғни жаңбыр мен қар. Әсіресе ауа райы тез құбылатын ерте көктем мен қара күзде түнгі уақытта жер мен су қатып, ісінеді, ал күндіз жіпсіп, ериді. Жұртты шулата беретін шұңқырлар осы кезде пайда болады. Жолдың екінші жауы – жүк көліктері. Жүкті шамадан тыс көп тиейтіндер бар. Мәселен, биыл бір көлік Астанаға 112 тонна жүк артып әкелген. Ал біздің жолда салмақ бір оське – артығымен есептегенде 13 тонна. Негізі 10 тоннаға рұқсат етілген.
Кәдімгі нормадан 5-10 есе көп жүк тиеп таситындар бар. Олар іркіліп, қайта ышқынғанда жолдың астыңғы қабаттарының құрылысын да қозғалтып жібереді. Сондықтан республика бойынша 220 автоматты жүйе орнатып жатырмыз. Ол жүйе жүктің салмағын, көліктің жылдамдығын лезде анықтап, автоматты түрде айыппұл салады. Одан ешкім жалтара алмайды.
Бұдан бөлек, жаңа заң дайындап Мәжіліске ұсындық. Ол бойынша келесі жылдан бастап аса ірі жүк көліктеріне республикалық, облыстық маңызы бар жолдарда жүруге тыйым салынады.
– Жол салуға қатысу үшін байқауға қалай қатысып, қандай талаптың үдесінен шығу керек?
– Автожол салуға қатысудың екі жолы бар. Біріншісі – мемлекеттік сатып алу. Онда отандық компания мен фирмаларға түрлі жеңілдік пен артықшылық қарастырылған. Егер мемлекеттік сатып алуға шетелдік компаниялар қатысса, жартылай Қазақстан компаниясы болуы шарт. Әйтпесе, біздің 2-3 компаниямен бірге консорциум болғанда ғана қатыса алады. Бүгінде осы ережемен Қарағанды – Жезқазған жолы бойынша байқау өткізілгелі жатыр. Екіншісі – халықаралық транзит дәліздері. Онда халықаралық банктердің өз тәртібі, ережесі және талабы бар. Жобаны қаржыландырып, жол сапасын да өздері қадағалайды. Екі жол бойынша да бірнеше байқау бар. Халықаралық жолдың байқауына отандық және шетелдік компаниялар қатар қатыса алады. Қазіргі жағдайда ол байқауға қатысушылардың 60–70 пайызы шетелдік компаниялар болып тұр.
Әңгімелескен –
Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»