Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Күні кеше Кенесары хан туралы шындықты айтқан, ғылыми зерттеу жасаған тарихшы Ермұхан Бекмаханов жазаланды, сотталды.
Алаш азаматтарының тарихи жазбалары шаң басып, архивте жатты.
Хандар, сұлтандар, хазіреттер туралы жазылғандар жария болмады.
Кеңес заманында «маман» деген тарихшыларымыз мардымсыз тақырыптармен шұғылданып, тарих ғылымдарының кандидаттары, докторлары атанды. Оған кінәлі тарихшылар емес, заманның ғылымға деген талабы солай болды.
* * *
Тәуелсіздіктен кейін ғана тарихшылар шын тарихпен шұғылдануға ниеттене бастады, бірақ тарих қателіктерге толы еді. Қазақ тарихын бұрмалау, көпе-көрінеу теріс пайымдауларға салу коммунистердің арнайы бағытталған идеологиялық сандырақтары.
Қазақ тарихын Қазан төңкерісінен бастаңдар деген партия ұстанымы болған. Ар жағының қажеті жоқ. Жол түсіп Қазанда болдым, маған әріптестерім «Татар халқының және Татарстанның тарихы» деген кітапты сыйға тартты. Біз болсақ, бәрінің басын қосып, «Қазақ ССР тарихы» деген көп томдық шығардық, ол бекер іс болды. Татар ғалымдары татар халқының тарихын бір бөлек, кейінгі Татарстан тарихын бір бөлек зерттеген.
Осындай жағдайда қайдағы төл тарих.
Біз қателесіп, қазақтың Қазан төңкерісіне дейінгі тарихын феодализм тарихы деп түсіндік, тарихты солай зерттедік. Бұл басты қателік.
Феодализм еуропалық құбылыс, ол қазақ, түрік табиғатында болмаған феномен.
Одан бергідегі қателік тарихи тұлғаларға қатысты. Сөздің тоқетерін айтсам, Шыңғыз ханға (кітапта осылай жазылған – Ғ.Е.), оның ұрпақтарына қатысты хикаялар.
* * *
Шыңғыз хан кім дегенге, кеңес тарихшылары жауап бере алмады. Жұртшылық Шыңғыз хан туралы В.Янның «Шыңғысхан» романы, Исай Калашниковтың «Сұм заман» романы, одан кейін Ілияс Есенберлин шығармалары арқылы оқып білді. Мұның бәрінде Шыңғыз хан моңғол, оның түрік, қазақтарға қатысы жоқ тұлға. Алайда Шыңғыз хан әскерлерінің 99 пайызы керейлер, наймандар, жалайырлар, мұғұлдар, алшындар, үнгіттер, т.б. қазіргі қазақ этносын құрап отырған тайпалар.
Шыңғыз ханнан кеңес тарихшылары іргелерін қаншама аулақ салғандарымен, шындығы сол, ол қазақтың терең тарихының басты кейіпкері.
Сол Шыңғыз хансыз, оның баласы Жошы хансыз біз қалайша тарихымыз туралы мағыналы ақпараттар бере алмақпыз.
Айтарым, Шыңғыз ханды қазақтың арғы тарихына қатысты тұлға ретінде зерттеу, тану – қажеттілік.
Шыңғыз ханды, оның үлкен ұлы Жошыны тану енді басталды деп ойлаймын, бұл – маңызды тарихи-мәдени оқиға.
* * *
Түрік халықтары және Шыңғыз хан туралы ХІV ғасырда парсы тілінде ортағасыр ғалымы Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» атты еңбегі жазылды.
Аталған кітапты саясаттану ғылымдарының докторы, жазушы Ержан Исақұлов Ираннан алып келіп, оны араб, парсы, шағатай тілдерінің маманы Зәріпбай Оразбай парсы тілінен тікелей қазақ тіліне аударды. Кітап 2018 жылы «Фолиант» баспасынан бес том болып жарық көрді.
Кітап әлі терең ғылыми талқыға түскен жоқ. Бұл еңбекті еңсеру осал шаруа емес, менің бес томмен бір қабат танысқаным қаншама уақыт алды деңіз.
Бес томды асықпай оқу керек. Оны деректі тарихи жанр деуге болады. Баяндау стилі тартымды, тек қана алдын-ала тарихи оқиғалармен және тарихи тұлғалармен қысқаша болса да таныстығыңыз болуы шарт. Баяндаулар арасында өлеңдерден үзінділер келтірілген, олар адам болмысы туралы ұлағатты сөздер, кісіні еріксіз ойлантатын оқиғалар, тұлғалар, олардың арасындағы туыстық, ағайындық, кісілікті мәселелермен қатар, адамшылыққа жатпайтын қылық-пиғылдарда баяндалып, тіптен сыни көзқарастар да айтылады.
Кітапты оқып отырып, адами жағдайларға қатысты оқиғаларға тап болып қана қоймай, олардың ішіне енгендей сезінесің, себебі шығарма біз сияқты өз заманында ғұмыр кешкен адамдар тарихына арналған.
Кітап бұдан 700 жыл ілгеріде жазылған, бұл қалай десеңіз де, аз уақыт емес. Айта кетейін, біз әлі күні кешегі тәуелсіздігіміздің тарихын жаза алмай келеміз, сірә тарихты тарихқа тым жақын тұрып жазу мүмкін емес.
Қазіргі заманның тарихын жазушылар әлі өмірге келген жоқ. Жағдайларды салыстырып көрсек, «Жамиғ ат-тауарих» еңбегін негізге алсақ, Шыңғыз хан 1227 жылы дүниеден қайтты. Жошы хан 1227 жылы әкесінен жеті ай бұрын дүниеден озды.
«Жамиғ ат-тауарих» авторы дүниеге 1247 жылы келіп, 1318 жылы қайтыс болған. Шыңғыз хан дүниеден өткеннен кейін жиырма жылдан кейін туған. Шыңғыз хан туралы оқиғалар мен Рашид ад-диннің жазбаларының арасы шамамен 50-60 жыл.
Бұл уақытта Шыңғыз хан туралы көп мәселелер айтылып, уақыт өз сараптамасын жасап үлгерген.
«Жамиғ ат-тауарихтың» құндылығы осында.
Бұл кітап бізге дейін 700 жылдай өмір сүріп келді. «Жамиғ ат-тауарихпен» бәйгеге түскен еңбек жоқтың қасы. Керісінше, кейінгі жазба авторлары, міндетті түрде, осы кітапқа сүйенеді, сілтеме жасайды.
Кітап алғаш рет орысшаға аударылған кездегі (1936-1960) орын алған бұрмалаушылықтар мен қателіктерді аудармашы Зәріпбай мырза нақты көрсетіп берді. «Жамиғ ат-тауарих» қазақ тіліне сапалы аударылған. Бұл түрік халықтарының, әсіресе Шыңғыз хан әулеті мен оның жеке өзі туралы таптырмайтын теңдесі жоқ шығарма.
* * *
«Жамиғ ат-тауарихтағы» деректерге сүйене отырып, өрбітіп айтатын әңгіме көп. Мен оларды өзгелердің еншісіне қалдыра отырып, оқырман назарын екі келелі мәселеге аудармақпын.
Біріншіден, Шыңғыз хан қазіргі Қазақстан аумағында, Бұқтырманың Ертіске құятын өңірінде дүниеге келіп, қазақ жерінде жерленген. Бұл жаңалық, біз Шыңғыз ханды өзге өңірден, әсіресе Моңғолиядан іздейтінбіз.
Екіншіден, «моңғол» деген жасанды лексика екеніне көзіміз жетті. «Жамиғ ат-тауарихта» Шыңғыз хан түріктің мұғұл тармағынан шыққаны туралы әлденеше рет мағлұмат берген. Және де оған қоса айтарым, Шәкәрім қажы «Қазақтардың түп атасы» деген шежіресінде мұғұл тайпасы бастау алатын Мұғұл деген адам Оғыз ханның немересі дейді.
Есен бұға билік еткен өлкенің аты әдебиеттерде Моголистан деп қате жазылып келді. Шындығында ол Мұғұлстан билеушісі еді.
Қорыта айтқанда, Шыңғыз хан ата жұртына оралды.
* * *
Кейінгі жылдары тарихтануға кәсіби тарихшылармен бірге өзге білім саласының азаматтары араласып, мамандана бастады. Әрине, бұл үдеріс те арнайы талқылап, зерттеуді қажет етеді.
Кәсіби маманданбаған азаматтар тарихи үрдістерді, тарихи тұлғаларды танып, біліп зерттеуде айтарлықтай нәтижелерге жетіп отыр. Соның бірегейі саясаттану ғылымдарының докторы, жазушы Ержан Исақұлов кейінгі кездері, әсіресе Шыңғыз ханға қатысты айтарлықтай зерттеулер жасап үлгерді. Оның қаламынан 2021-2022 жылдары «Шыңғыз хан» деген қазақ және орыс тіліндегі көлемді кітаптар жарық көрді. Ол кітаптарды жазуда Ержан Исақұлов Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегін негізге алған.
Ержан мырза биыл «Жамиғ ат-тауарихтың» қазақ тіліне аударылған нұсқасын орыс тіліне қотарып шықты. Және ол кітаптарды ықшамдап, факсимилесіз, екі томдық етіп жарыққа шығарды. Осы кітаптарды насихаттауда да оның еңбегі зор. Ол ешқандай мемлекеттік институттармен бірігіп жұмыс атқармай, өзінің жеке ынтасымен Шыңғыз хан туралы даулы мәселеге мықты араласып кетті.
* * *
Шыңғыз хан туралы аңыз да, ақиқат та мол. Ол бір күні таусылып қалатын тақырып емес. Шыңғыз хан туралы қаншама автор өз тұжырымдарын ұсынса, олардан соншама мәселелер өрбіп шыға бермек. Себебі Шыңғыз хан – әлемдік тұлға. Ол түркі халықтарына ортақ тарихи жағдайларға қатысты кәдімгі оқиға кейіпкері.
Біз жоғарыда айттық, Шыңғыз хан туралы көптеген аңыз, оқиғалар ойдан құралған немесе біреулердің айтқан-жазғандарына сүйенген. Ол жазбалардың дені шындықтан алыс.
Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» атты 2 томдық кітабы қазақ және орыс тілдерінде жарық көруі шығыстанушы ғалымдар үшін таптырмайтын жаңалық. Ендігі жердегі мәселе «Жамиғ ат-тауарих» еңбегін терең ғылыми, тарихи сараптамаға салып, оның эпистемологиялық жанрға жататын көркемдік қуаты бар шығарма екенін тануымыз қажет. Бұл шығармада баяндау, проза, сонымен бірге қуатты поэзия бар. Хұлағу ханның Бағдатқа жорығы кезіндегі баяннан мысалдар келтірейін.
* * *
«Ай жарығы өлең шашырар жылдам кезде,
Күннің көзі көрінбей тұрған кезде (149-б.).
* * *
Мен сені аспан көгінен төмен құлатамын,
Арыстандай төменнен жоғары бір атамын.
Сенің патшалығыңда ешкімді тірі қалдырмаймын, біл мұны,
Қалалар мен ауылдарыңды тапсырам отқа бір күні (149-б.)
* * *
Әскеріңмен, батылдықпен, ойыңменен ең ізгі,
Жаулап алам деп тұрсың ба көкте тұрған жұлдызды (150-б.)
* * *
Патша жүрегі жұмсақ тартып данышпанның сөзінен,
Қызғалдақтай гүлдеп кетті білімі мен сезімнен (156-б.)
* * *
Қазақ елінің бар өңірлерінде, әсіресе Қарағанды, Жезқазған (қазіргі Ұлытау облысы), Павлодар, Абай облысы, Шығыс Қазақстан өңірлерінде Шыңғыз хан және оның әулетіне қатысты артефакттар әлі де жеткілікті.
Семей мен Абай ауданындағы Қарауылдың орта шенінде Орда тауы бар.
Орда деген Астана деген секілді мемлекеттің орталығы. Сірә, ол Ақ Орданың бір астанасы болса керек (арнайы зерттеген жөн). Ақ Орданың ханы Баян хан болған (Ырыс ханның ұрпағының бірі). Ол кезде Ырыс ханның ұрпақтары қай жерді мекен етсем десе, бар билік қолда, сонда Баян хан қазіргі Баянауылды таңдаса керек, содан хан мекен еткен жер Баянауыл атанып кеткен.
Шыңғыз ханның ақ Ертіс бойын жайлап, көшіп-қонып жүргені тарихи шындық.
Қазіргі Абай облысында Шыңғыз есімімен аталатын тау бар, ол туралы хакім Абай былай дейді. «Шыңғыз ханға қазақтар «Құтты болсынға барыпты. Бірақ қай жерде болғаны мағлұм емес, сүйтсе де осы Шыңғыз тауында, әскер Қарауыл өзенінің бойында жатып, он екі рудан он екі кісі «Хан» деген үлкен биіктің басында, ақ киізге Шыңғызды отырғызып, хан көтерген дейді. Тауының Шыңғыз аталып, биігі хан аталмақ себебі де сол болса керек» (Абай. 2-том. Алматы: «Жазушы», 1995, 223-б.).
Шәкәрім қажы бұл 1203 жылы болса керек дейді (655-б.).
Шыңғыз тауларынан әрі тура тартсаңыз алдыңыздан қазіргі Ұлытау облысы ашылады. Атқа күндік жол. Неге бұл өлке Шыңғыз ханды, оның жауынгер ұрпақтарын қызықтырды. Жезқазғанда не көп жез, темір көп. Ол заманда жез, темір алатын рудалар жер бетіне жақын болатын. Ол жерде жез, темір өндірісі жолға қойылған. Айталық, Бату хан жүздеген мың әскермен Батысқа жорыққа аттанғанда, әр сарбаздың қолындағы қылышы мен найзасын есептесеңіз қанша тонна жез, темір керек еді. Соның бәрі – Жезқазғанда. Сол себепті Жошы кесенесі, әрине, әкесі Шыңғыз ханның нұсқауымен салынған, ол онда Алаша хан кесенесінде кім жатыр дегенге келсек, жақсылап ойланған жөн.
Алаша хан кесенесі Жошы хан кесенесіне қарағанда бертіңгі және асқақ.
Біреулер уәж айтады, бұл Жошы ханның ұрпақтарының біріне арналған деп. Мүлдем келісуге болмайды.
Жошы хан ғимаратынан асқан кесене салынбайды, салынса тек бірақ адамға – әкесі Шыңғыз ханға.
Шыңғыз хан баласы Жошыдан жеті айдан кейін қаза болды деген дерек бар.
Олай болса, әкесінің сүйікті тұңғыш баласы Жошының қасына жерлеу қажет деген шешімнің неге өміршең болмауы керек.
Неге Шыңғыз ханға ата-бабасы, әрі баласы жатқан жерден жырақ жер ізделуі керек. Таза ақылға сыйымсыз жай.
* * *
Шыңғыз ханның жерленуі туралы жұрт аузында аңыз бар. Аңыз бойынша Шыңғыз хан ұрпақтарына өсиет айтыпты.
– Мені тереңге жерлеңдер, үстінен ат айдатып тегістеңдер.
Ешкім білмесін деп, ұрпақтары солай жасаған шығар, бірақ әлемді билеген Шыңғыз хан осылайша қара жерге «жұтылып» кетуі мүмкін бе? Жоқ.
Ол данышпан адам, өзі өткенмен соңынан сөз қалдырды. Ол сөз өзі жауға шапқандағы қуат беретін ұраны – Алаш.
Ұран сөз ханға айналды. Алаша хан мазары осылайша өмірге келді.
Шыңғыз хан Алаша хан кесенесі түбінде, тереңде ме, әлде оң, не сол бағыттарында ма? Оны сезімтал құралғымен келер ұрпақ іздеп табады. Себебі Шыңғыз ханның мумияланған денесі құрт-құмырсқа жүрмейтін минералдар ішінде қаз-қалпында жатуы қисынға келетін шындық. Шыңғыз хан Алаша хан кесенесінде жерленген деген болжамды тұңғыш айтқан, осы өңірді жетік білетін академик Қаныш Сәтбаев.
Алаша хан кесенесін мұқият зерттесеңіз, оның көп жылдар, ғасырлар бойы күзетіліп келген «әскери қамал» екеніне көзіңіз жетеді.
Бұған қосарым сол Жезқазғанда Хан Ордасы деп аталатын қамал-қорған болған, қазір орны бар. Ұлы тау деген құлағымызға сіңісті болып кетті, оның үстіне қазір бұл жерде Ұлы деп атайтындай тау жоқ. Алатау немесе Хан Тәңіріндей. Жезқазғандағы тау тау емес, қырат, тегі Ұлық тақ болса керек.
Хан Ордасында барлық хандар Ұлықталған, соңғысы – Кенесары хан. Неге бар хандар сол өңірде ұлықталады деген сауал туады. Жауабы, олар біледі осы өңірде, нақтылы қай жер деп айта алмаймын, көкелері Шыңғыз хан жерленген. Тегі Алаша хан кесенесі төңірегі.
Анығында бұл өңірдің дұрыс аталуы Ұлытау емес Ұлықтау өңірі деген пікірдемін. Хан Ордасының орны бар, оны жергілікті мамандар турист болып барғандарға көрсетеді. Кезінде жан-жағы биік дуалдармен және сумен қоршалған. Сол жерден басталатын тегіс алқапта Құрылтайлар өтетін.
P.S. Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегі туралы сөзіме, Ұлытау деп аталатын Жезқазған өңірі туралы бір пікірімді қоспақпын.
Жезқазған өңіріндегі (қазіргі Ұлытау облысы) Жошы ханға кесене тегі ХІІІ ғасырда салынса керек. Айтарым, кесене құндылығы «Жамиғ ат-тауарихпен» пара-пар десем артық айтқандық емес.
Жошы кесенесі тасқа түскен – мәтін. Оқысаң, бұл Жошының тарихта болғаны туралы құжат.
Жошы – Шыңғыз ханның үлкен баласы. Талантты қолбасшы.
Қазақ хандарының бәрінің бабасы. Жошы түріктің мұғұл тармағына жататын қият тайпасынан шыққан.
Өтеміс қажы «Шыңғыз-наме» шығармасында Жошы хан Ұлық таққа жетті деген мәлімет бар (18 б). Бұл Ұлытаудың бұрынғы аталуы.
Ұлық тақ пен Ұлытау туралы маман, тарихшы, тілшілер зерттеулер жасағаны дұрыс болар еді.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2021 жылы «Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтын» ашты. Құптарлық жағдай.
Жошы қазақ хандарының (қазақтардың) бабасы болса, оның әкесінің қазақ халқына қандай бөтендігі бар. Егер мәселе осылай болса, Жошының әкесі Шыңғыз ханнан іргемізді неге аулақ саламыз. Баласы жақын, әкесі бөтен, олай шаруа бітпейді.
Төл тарихымызда, сіз қалайсыз ба, қаламайсыз ба, әлемдік мемлекет құрушы Шыңғыз хан тұлғасы асқақтап тұр емес пе?
Ғарифолла ЕСІМ,
академик, жазушы