Инфографика жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығын қаржыландыру, банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау, салық саясатын қайта қарау, бюджет тапшылығы мәселелерін шешу жолына тоқталды.
Сондай-ақ Президент атом электр стансасын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өтетінін жеткізді. 6 қазанда ел азаматтары өз ұстанымдарын білдіреді. Ал мемлекет «халық үніне құлақ асып», оңтайлы шешім қабылдамақ.
Атом электр стансалары – әлемдегі электр энергиясының маңызды көздерінің бірі. АЭС салу заман талабы екенін көрсетіп отыр. Экологиялық және экономикалық тұрғыда тиімді. Қоршаған ортаға түтін мен күл бөлмейді. Энергия алуда, оны үнемдеуде үлкен әлеуетіміз қалыптасады.
Мамандардың ендігі міндеті – әлемдік тәжірибелерді жұртқа түсіндіріп, табысты энергия туралы айту. Алдағы айда өтетін маңызды референдумда отандастарымыз өз таңдауын жасайды деген сенімдімін.
Сондай-ақ Президент денсаулық сақтау саласына биылға бөлінген соманы да атап өтті, бұл – шамамен 3,3 трлн теңге бюджет қаражаты. Ақиқатында, бүгінге дейін бұл ақшаны медициналық ұйымдар толық ала алмады. Өйткені осы жылдың басында басталатын қаржыландыру тек 2024 жылдың маусым айында жүргізілді. Осындай жағдайлардан кейін медициналық ұйымдардан қандай сапа, қандай нәтиже күтуге болады? Сонымен қатар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) негізінде қаржыландыру Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) қарағанда бірнеше күн бұрын келді. Сондықтан мәселенің басты себебі – медициналық ұйымдарды қаржыландырудың ұзаққа созылуы, яғни уақтылы қаржыландырмауда болып отыр.
Сонымен қатар Президент айтқан қазіргі ақпараттық бағдарламалардың дәрменсіздігі мәселесі бар. Олардың кемшіліктері мен жетілдірілмегеніне байланысты ақпараттық жүйелер арасында интеграция жоқ. Бұл, әрине, бүкіл республика көлемінде медициналық ұйымдардың жұмысына кері әсерін тигізеді. Сондықтан бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені құру өте маңызды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылдан бастап 2027 жылға дейін ТМККК және МӘМС медициналық қызметтер пакеттерін қайта қараудың кезең-кезеңдік үдерісін жоспарлап отыр. 2027 жылға қарай медициналық көмектің Бірыңғай пакеті құрылады. Оның ішінде, атап айтсақ, жұқпалы және паразиттік аурулар кезінде ТМККК (жедел жәрдем, паллиативтік көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларға күдік, АИТВ, туберкулез, психиатрия, онкология және онкогематология, орфандық аурулар, вирустық гепатиттер кезінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген әлеуметтік көмек, қан және оның компоненттерін өндіру, сақтандырылмағандар үшін шұғыл стационарлық көмек) минималды пакеті бар. Сондай-ақ МӘМС базалық пакетіне Медициналы-санитарлық алғашқы көмек көрсету және медициналық көмектің барлық басқа түрі кіреді.
ТМККК-дан босатылатын қаражат мемлекет жарналарына және үнемі көтерілетін тарифтерді арттыруға, сондай-ақ ТМККК-ны қаржыландырудың аса тапшылығын жабуға бағытталатынын атап өткен жөн. Медициналық көмектің Бірыңғай пакеті 2027 жылдан бастап ТМККК – 30%, МӘМС – 70% арақатынасын қамтамасыз ететін қаржыландырудың сақтандыру моделіне көшуге мүмкіндік береді.
Бұл нақты шығындарды ескере отырып, медициналық қызметтерге тарифтерді қамтамасыз етуге, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға жол ашады.
Әрине, еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне реформа қажет, бірақ оны міндетті медициналық сақтандыру жүйесін реформалау арқылы жүргізу керек.
Гүлдара НҰРЫМОВА,
Мәжіліс депутаты