Референдум • 25 Қыркүйек, 2024

АЭС салу – Қазақстан болашағына арналған ұзақ мерзімді инвестиция

109 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина мен сенатор Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысындағы Тайынша ауданының тұрғындарымен, сондай-ақ өңірдегі жетекші кәсіпорындардың өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

АЭС салу – Қазақстан болашағына арналған ұзақ мерзімді инвестиция

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенаттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Келлеровка ауылында өткен кездесуде Ольга Перепечина АЭС құрылысы еліміздің энергетикалық тәуелсіздігі мен тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық маңызды қадам екенін атап өтті.

«Атом электр станциясының құрылысы тек энергетикалық қауіпсіздік қана емес, Қазақстанның болашағына арналған ұзақ мерзімді инвестиция. Атом энергиясы әлемдегі ең таза және сенімді энергия көзінің бірі болып табылады. Бұл қазба ресурстарына тәуелділіктен арылу және көміртегі шығарындысын айтарлықтай азайту мүмкіндігі болып табылады. Азаматтардың ел болашағы туралы шешім қабылдауға белсенді қатысуы аса маңызды. Сондықтан бұл мәселе бойынша алдағы республикалық референдумның ерекше мәні бар», деді Ольга Валентиновна.

Сенатор Әсем Рахметова осындай жобалар жоғары жауапкершілікті және халықаралық қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкестікті талап ететінін атап өтті.

«Көптеген азаматтардың атом электр станциясының құрылысына қатысты сұрақтары бар екенін және осы мәселе толғандырып отырғанын түсінеміз. Біздің міндетіміз жобаны талқылау мен іске асырудың барлық кезеңдерінде барынша ашықтықты қамтамасыз ету болып табылады», деді Әсем Рахметова.

Депутаттар «BioOperations» ЖШС және «EMC Agro» ЖШС өңдеуші кәсіпорындарында және Тайынша элеваторында да болып, агроөнеркәсіптің облыс экономикасы үшін маңыздылығын талқылады. Ольга Перепечина кездесуді қорытындылай келіп, АЭС құрылысы сияқты ірі жобаларға қатысты шешімдер елдің болашағына тікелей әсер ететіндігі және ол бүкіл қоғамның қатысуымен қабылдануы керектігін атап өтті.