Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жиында сөз алған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін ашу үшін жүйелі қадам қажет екенін атап өтті. Ғалымдар мен өндірісшілердің симбиозы – осы бағыттағы құралдардың бірі. Бүгін біз үшінші рет хакатон өткізіп отырмыз. Бұл ғалымдар мен өндірісшілердің күш-жігерін біріктіріп, нақты технологиялық міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Мұндай ғылыми-инновациялық форматтар – елдегі ғылымның коммерциялануы мен технологиялық прогрестің негізі», деп атап өтті.
Ал «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамына қарасты Ғылым департаментінің директоры Арманбек Өмірғали аталған ірі компанияның ғылым мен дамуға ерекше көңіл бөлетінін жеткізді. «Біздің компания ғылым мен дамуға әрдайым ерекше көңіл бөледі, өйткені ғылымсыз әлемде жетекші орын алу, қол жеткізу және оны ұстап тұру мүмкін емес. Мысалы, бізде үш ірі ғылыми орталық бар, оның ішінде Жоғары технологиялар институты бар. Біздің саланы дамытуға бағытталған ғылыми жобаларды жүзеге асыру үшін ғалымдарымыздың еліміздегі ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының зерттеушілерімен ынтымақтастығы біз үшін ерекше маңызды», деді А.Өмірғали.
Хакатон аясында 6 топтан тұратын ғалымдар мен тәжірибелі мамандар уран өндіру саласының түйткілді мәселелерін талқылап, өнеркәсіптік кластердің 25 өндірістік тапсырмасын шешумен айналысты. Арнайы құрылған топтарда сарапшылар нақты нәтижеге бағытталған технологиялық ұсыныстар әзірледі.
Сирек кездесетін металдар тақырыбымен жұмыс істеген топтың құрамында болған ғалым Еркін Бектай: «Біз уран ерітінділерінен скандийді рентабельді түрде алудың шешімін ұсындық. Бұл өз кезегінде арнайы әзірленген экстрагенттер мен технологияларды қолдануды қамтып, скандийді ең аз шығындармен және өнімнің максималды тазалығымен тиімді түрде бөлуге мүмкіндік береді. Мұндай үдерістің тиімділігі мен экономикалық негізділігін арттыра отырып, осы саладағы жұмыстың нәтижелерін айтарлықтай жақсартуға болады», деді.
Ғалымдар мен өндіріс өкілдері уран өндірісінің ерітінділерінен сирек кездесетін металдарды алу және байыту бойынша бірегей технологияларды, жер асты шаймалау кезінде сирек жер металдарын қосымша өндіруді, газ тазарту ерітінділерін қайта өңдеуді, оның ішінде «дымқыл» тазартуды болдырмауды зерттеді.
Ой талқыға қатысушылардың бірі ғалым Нұржан Сүлейменов: «Осы Хакатонның ерекшелігі – барлық қатысушы пайдалы дүние жасауға мүмкіндік алды. Екі күн ішінде біз «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына және елдің уран өндіру саласына қажет шешімдерді прототиптеу деңгейіне жеттік. Сонымен қатар министрліктің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы үшін болашақ зерттеулер тақырыптары әзірленді. Бұл тұрғыда отандық ғалымдар Қазақстанның ірі уран өндіруші корпорацияларының бірінің сұранысын тудыратын нақты бағыттарды көре алады. Мұндай іс-шаралар ғалымдар мен өндірісшілердің өзара тиімді ынтымақтастығына әкелетініне сенімдімін. Зерттеулеріміздің нәтижелері нақты қолданбалы бағытқа ие екеніне, сондай-ақ жобаларды қаржыландырып, коммерцияландырып, ең бастысы өндіріске енгізуге болатынына сенімді бола аламыз», деді.
Ғалымдар мәлімдеген тақырып бойынша нақты жұмысқа кірісуге, техникалық сипаттамалары бар ғылыми-техникалық тапсырманы дайындауға және болашақта мемлекеттік гранттық қаржыландыруға үміткер болуға дайын екенін білдірді. Хакатон қатысушылары сонымен қатар «Қызылқұм» ЖШС және «Байкен-U» ЖШС кен орындарына барды.