Құрық теңіз портын аралау барысында Премьер-министрге жыл басынан бері жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 1,5 млн тоннадан асқаны, жыл соңына қарай көлемі 2,2 млн тоннаға дейін жеткізілетіні баяндалды. Биыл тереңдету жұмыстарын аяқтап, астық терминалын іске қосу жоспарланып отыр. Логистикалық кластер құру және паром флотын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, перспективалы жобалық қуаты жылына 6 млн тонна жүкті құрайды. Құрық теңіз порты жыл бойы автокөлік және теміржол паромдарын қабылдай алады, осы мақсатта мамандандырылған 4 айлақ бар.
Мұнда О.Бектеновке энергетикада, мұнай өңдеу, химия өнеркәсібі және басқа да салаларда пайдаланылатын «жасыл» сутегін өндіру бойынша қазақ-неміс инвестициялық жобасы таныстырылды. Кәсіпорынның қуаты 2 млн тоннаға жетеді. Инвестиция көлемі 50 млрд еуродан асады. Жобаны іске асыру кезінде су тұщыту зауыты мен қуаты 40 ГВт ЖЭК стансасын салу және пайдалану жоспарланып отыр. Жоба аясында 1,8 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Премьер-министр Ақтау теңіз сауда портының қуатымен танысты. Нысан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуда маңызды рөл атқарады. Өзінің техникалық параметрлері мен қалыптасқан бизнес–үдерістері бойынша порт заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Техникалық жабдық жүктердің кең ауқымын өңдеуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда нысанның өткізу қабілеті 11 млн тоннадан асады. Мұнда үш мұнай құю және үш құрғақ жүк айлағы, жылына 800 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін өткізуге қабілетті астық терминалы, сондай-ақ паром кешені бар. Биылғы 8 айда порт арқылы жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 3 млн тоннадан асты, негізгі бағыттары – Иран, Түрікменстан, Әзербайжан, Ресей және басқа да елдер.
Мұнда Ақтау порты базасында контейнерлік хаб салу жоспары туралы баяндалды. Инвестор ретінде Қытайдың ең ірі порт компанияларының бірі «Ляньюньган порт компаниялар тобы» ЖШҚ тартылды. Инвестициялық жоба тасымалдауды орта және ұзақмерзімді жоспарлауға ықпал етіп, жүктерді жеткізуге қолайлы жағдай жасайды деп күтіледі.
Премьер-министр халықаралық көлік дәліздерінің түйіскен жерінде орналасқан Маңғыстау облысының стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, оларды түрлендіру бойынша стратегиялық міндет қойды. Қазақстанның географиялық орналасуы – біздің артықшылығымыз, оны бар мүмкіндігінше пайдалану керек. Маңғыстау облысының қуатты транзиттік, логистикалық және инфрақұрылымды-сервистік әлеуеті өте жоғары, оны одан әрі дамыту қажет. Сондықтан отандық теңіз көлік-логистикалық кластерін кеңейтуге мүмкіндік беретін жаңа жобаларды іске асыру өте маңызды», деп атап өтті О.Бектенов.
Өңірге жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының биылғы маусымда өткен туризмді дамыту жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларының орындалуына ерекше назар аударылды, Маңғыстау облысы әкімдігінің деректері бойынша биыл өңірге 215 мыңға жуық демалушы келіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда келушілер саны 9,5%-ға артқан. Салада көрсетілген қызмет көлемі 6,5 млрд теңгеге жетті. Кейінгі екі жылда облыста қонақүйлер мен демалыс орындарын салу бойынша 4 ірі инвестициялық жоба іске асырылды. 2025-2027 жылдары туризм саласында 500-ден астам жұмыс орнын ашу арқылы тағы 12 жобаны іске қосу жоспарлануда.
Кендірлі курорттық аймағы – Маңғыстау облысының танымал орындардың бірі. О.Бектеновке туристік ағынды арттыруға бағытталған негізгі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарлары туралы баяндалды. Оның қатарында халықаралық әуежай, қуаттылығы тәулігіне 50 мың текше метр су тұщыту зауыты кіреді. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 156 шақырымды құрайтын «Жаңаөзен-Кендірлі-Түрікменстан шекарасы» жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
«Маңғыстау облысындағы туристік әлеуеттің одан әрі даму перспективасы айтарлықтай зор. Ол үшін өңірде теңіз, таңғажайып пейзаждар, тарихи ескерткіштер мен киелі орындар бар. Сапалы серпіліс үшін инфрақұрылымды дамытып, инвестиция тарту және жаңа нысандар салу қажет. Тиісті министрліктер мен әкімдікке бұл мәселелердің барлығын ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын», деп атап өтті О.Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-министр Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында қойылған міндеттер шеңберінде Жаңаөзен моноқаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңғырту, білім беру сапасын арттыру, халықты жұмыспен қамту және басқа да маңызды бағыттардың қарқыны тексерілді.
Үкімет басшысы жаңа өндірістерді ашуға баса назар аудара отырып, моноқала экономикасын әртараптандыру жоспарымен танысты. Жаңаөзенде 150 мыңнан аса адам тұрады. Болжам бойынша, 2035 жылға қарай халық саны 200 мың тұрғыннан асады. Күтілетін өсімді ескере отырып, қала тұрғындарын жұмыспен қамтуды, оның ішінде халықтың бизнес-бастамаларын қолдау жөніндегі шараларды күшейту арқылы қамтамасыз етудің маңызы атап өтілді.
Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударылды. О.Бектеновке Жаңаөзен мен оған іргелес жатқан ауылдық елді мекендердің орталықтандырылған сумен, тұрмысқа қажетті газбен және электр энергиясымен 100% қамтамасыз етілгені баяндады. Тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ететін су тазарту құрылысын жаңғырту – моноқаланың тіршілігін қамтамасыз етудегі маңызды жоба саналады. Нысанның қуатын арттыру үшін 2025 жылы 30 мың текше метр көлемінде су қорларын жинақтау үшін резервуарлар салу жоспарланып отыр.
Моноқаланың өнеркәсібін дамыту және жаңа өндірістерді іске қосу электр энергиясының қосымша көлемін талап етеді. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен итальялық ENI компаниясының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін жабу үшін жалпы қуаты 247 МВт гибридті электр стансасын салу бойынша инвестициялық жоба басталды. Жоба ЖЭК бірлескен генерациясын (күн және жел энергетикасы) пайдалануды және газ электр стансасын салуды көздейді.
О.Бектенов тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы білім беру бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты. Мәселен, Жаңаөзенде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін 1,2 мың орындық заманауи мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Келесі жылы тағы екі жайлы мектептің құрылысы көзделген. Сонымен қатар балалар мен жастарды жан-жақты дамыту үшін 350 орындық Bolashaq Sarayi Оқушылар сарайының құрылысы басталды. Нысан келесі жылы қала тұрғындарының пайдалануына беріледі деп жоспарланып отыр.
Үкімет басшысына қаладағы жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы барысы туралы баяндалды. Жобаны іске қосу халықтың қосымша газ көлеміне деген қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ең бастысы – өнеркәсіптің одан әрі дамуына және қосылған құны жоғары мұнай-химия өнімдерін жасауға серпін береді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты 900 млрд текше метр ілеспе мұнай және табиғи газ қоспасын, сондай-ақ жылына 5 мың тонна газ конденсатын құрайды. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қараша айында басталды, екі іске қосу кешенін толық аяқтау 2027 жылдың басына жоспарланған.
Премьер-министр газ өңдеу кәсіпорнының құрылысы өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін кең ауқымда мультипликативті әсер беретінін атап өтті.