фото ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі
Меңдіқара ауданының егіс алқабында шаруалармен жүздескен вице-премьер 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру биыл басталатынын айтып қуантты.
«Біз фермерлерді қолдау көлемін біртіндеп арттырып жатырмыз. Атап айтқанда, көктемгі-күзгі дала жұмыстарына жеңілдігі бар қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтамыз, оның шамамен 40%-ы «Даму» қоры арқылы кепілдендіріледі. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке кредиттеу көлемі 100 млрд теңгеден 200 млрд теңгеге дейін өседі. Нәтижесінде жыл сайынғы жұмыстарды қамтамасыз ету үшін фермерлерді қолдау сомасы 900 млрд теңгеге дейін ұлғаяды», деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьер өңірлерде фермерлер жаңа жылдың басында көптеген қажетті тауарлардың бағасы өсетіндіктен, «Кең Дала» бағдарламасы бойынша көктемгі жұмыстарға қол жетімді қаражатты күзде алған жөн екенін айтқанын жеткізді.
«Биылғы қараша-желтоқсан айларында біз бұл процесті бастаймыз. Үлкен жоба бойынша жеңілдігі бар қаржыландыру көлемін келесі жылға жылдық 2,5% мөлшерлемемен 100 млрд теңгеден 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтып, несиелеу үшін тағы 8 жаңа бағыт қосамыз. Бұл – етті мал шаруашылығы, өнеркәсіптік жылыжай кешендері, жеміс сақтау қоймалары, балық өсіретін балық өңдеу шаруашылықтары, орау өндірісі, терең өңдеу және басқалары», деп нақтылады вице-премьер.
Оның айтуынша екінші деңгейдегі банктер мен басқа да қаржы институттарының жеңілдігі бар қаржыландыруын, сондай-ақ айналым және инвестициялық қаражат түріндегі қолдауларды қосқанда, мемлекеттік қолдау көлемі 1,3 – 1,4 трлн теңгеге дейін жеткізіледі.
Фермерлер алдағы өзгерістерді, әсіресе көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру туралы жаңалықты қуана қабылдады. Олар сондай-ақ аймақта жеткілікті үлкен көлемде күтіліп отырған 4-сыныпты бидайды форвардтық сатып алу бағасы қанша болатынына қызығушылық танытты. Премьер-Министрдің орынбасары фермерлердің бағаға қатысты сауалдарын тыңдап, Азық-түлік корпорациясына оның мөлшерін мүмкіндігінше тезірек жариялауды тапсырды.
Серік Жұманғарин сонымен қатар қостанайлық жылқы тұқымын өсірумен айналысатын «Қазақ тұлпары» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Қазақы жылқы тұқымын сақтап, насихаттаудың маңызын назарға ала отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне Қазақстанда құрылып жатқан Жылқы шаруашылығы институтының базасында жеке қаражат есебінен жылқы зауытын жаңғырту бағдарламасын дайындауды тапсырды.