Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Осыдан келіп бейнелеу өнері қазір қай дәрежеде деген заңды сұрақ туындайды. «Малымды алсаң ал Құдай, пейілімді алма» деген тәмсілдің философиясы біз іздеген сұраққа жауап беріп тұрғандай. Аш қарын тойынар, ал рухани мешеулікке ұрынсақ обалы кімге? Ата-бабамыз соны күні бұрын болжап, ұрпақтарын қамсыз шапқылаудан сақтандырып отырған. Мұқағали ағамыздың «халқымның өз айтқанын қайталадым» дегені руханиятты меңзейді. Арман-мұраттың ұлтқа қажет алтын ережесі сақталмай, өркениет жеңісінің игілігіне кенелу мүмкін емес.
Бейнелеу өнерінің кіріспесін тастағы таңбалардан көреміз. Сол өрнек уақыт тезіне көмескіленбей, өзегін байытып, өзіне тән үрдіспен жалғасын тапса, нұр үстіне нұр емес пе? Осы өнердің адамзатқа тән ортақ табысының ішінде ұлттық ерекшеліктеріміз менмұндалап тұрса қандай ғанибет. Жас таланттарды тәрбиелегенде, осындай мазмұндарды бойына сіңіруге күш салуға тиіспіз.
Алыстан келген қонақтар ел ордасы Астананың табалдырығынан аттаған сәтте қазақтың қаласына келгенін сезінуі керек. Сезінбесе, сезіндіре алмаса өнерімізден не пайда? Астана үлгі көрсетсе, аймақтар соған қарап бой түзейді. Мұндай идеяларды жүзеге асыратын суретші мен сәулетшілердің абыройлы туындысы. Ұлттық танымға қаныққан кадрлар бір жақтан келмейді, оны шынықтыратын, қатарға қосатын өзіміз, қоғамымыз. Академик Әлкей Марғұлан «...өнерде өзіндік қолтаңбасы жоқ халық өледі» деген екен.
Ұлттық танымды, берік қалыптасқан салт-дәстүрді елеп-ескермейтін «өркениеттің» тоңмойындары пайда бола бастады. Өзімізден өзіміз алшақтап, өзгені үлгі тұтатын жасандылық бой көрсетіп жүр. Ұлттық құндылықтарға қатысты көзқарастар биіктеу керек еді, үмітіміз ақтала қойған жоқ. Мәдениет пен өнердің жанкешті қайраткерлері атанған әріптестерім – суретшілер, мүсіншілер, қолөнершілер, т.б. шеберлер үкімет назарынан тыс қалғандай сезіледі. Мәселен, «қылқалам мен қашау» мамандығы көпке дейін легитимді болып, мемлекеттік еңбек реестрінде тіркелген. Кезінде бұл мамандықтар құрметті болып саналды. Тіпті оларға белгілі бір қамқорлық белгіленді.
Қазір ше? Несін жасырайық, қазір суретшілер қауымының тіршілігін билік біле бермейді. Алайда таланттар сиреген жоқ. Жыл сайын жүздеген, тіпті мыңдаған дизайнер мен суретші даярланады, жоғары біліммен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, суретшілерді біріктіретін кәсіби одақ та бар. Өкінішке қарай, еңбек заңнамасында олардың өзіндік мәртебесі айқындалмаған. Бұған не дейсіз? Дүниежүзімен бәсекеге түскенде – алдымен мәдениетімізді, өнерімізді бетке ұстаймыз. Әлеммен иық тірестіру – экономикалық жетістікке ғана емес, мәдениеттің, өнер мен әдебиеттің, ғылымның, спорттың кемелденуіне тығыз байланысты.
Суретшілер – шығармашылық тұлғалар. Туындылары арқылы ұлт руханиятына үлес қосатын жандар. Еңбектері – мұражайларда, өнерді сүйетін отбасылардың төрінде, шетелдерде сақтаулы. Уақыт сынынан сүрінбейтін байлығымыз осылар. Бейнелеу өнері, бұл – көркемдік және шығармашылық іс-әрекет арқылы адамдардың танымын тереңдетеді, талғамын өсіреді. Әртүрлі материалдармен жұмыс істеудің технологияларын үйретеді, шығармашылық әлеуетті шыңдайды. Дамыған елдер бейнелеу өнеріне мемлекет саясатының бір бөлшегі ретінде қарайды. Жалпы білім беретін мектептерде бейнелеу өнерін оқытуды стратегиялық басымдыққа балайды (АҚШ, Жапония, Франция, Қытай т.б.). Әсіресе Қытайдың қамқорлығы ерекше.
Бейнелеу өнеріне баулитын бірінші баспалдақ – мектеп. Елімізде осы мәселеге мән беру көңіл көншітпейді. «Көркем еңбек» пен «Сызу» пәндері бірігіп, сағаттары қысқарған. Бұл ұрпаққа керек рухани-адамгершілік, эстетикалық тәрбие дамуының баяулай бастағаны. Мемлекетіміз үшін маңызды әрі қажетті шығармашылық, шығармашылық-педагогикалық мамандықтардың білім беру нарығынан кетуі және көркем білім беру саласындағы көптеген кәсіби педагогтерді «сыртқа тастау». Тұрақты дамудың мемлекеттік бағдарламаларын толық көлемде жүзеге асырудың мүмкін еместігі.
Қазір жалпы білім беретін мектептерде «Бейнелеу өнері» мен «Технология» пәндері қосылып кеткен. Ол 2017 жылдан бері «Көркем еңбек» пәні болып 1,2,5,7-сыныптарда жүргізіледі. Аталған пән заманауи көркем білім беру тапсырмаларын толық қамти алмайды. Біріншіден, ешбір жоғары оқу орнында «Көркем еңбек» мамандарын даярламайды. Ондай классификатор жоқ. Екіншіден, көркем еңбек пәнінен қай мамандық иесі сабақ береді деген сұраққа жауап табу қиын. «Бейнелеу өнері және сызу» мұғалімі ме? Әлде оны «Технология» пәнінің мұғалімі жүргізе ме? Қай жағынан қарасаң да қисынсыз. Үшіншіден, неге «Көркем еңбек» пәнін оқу үдерісіне енгізер алдында осы пәнді оқытатын мамандар даярлап алу ескерілмеген? Төртіншіден, «Көркем еңбек» пәнінде берілген мәліметтерде өзімізге белгілі бейнелеу өнері салалары – графика, сәндік қол өнері, зергерлік өнер, кескіндеме, дизайн, мүсін, т.б. жете сөз болмайды. Оны зерттеген ғалымдар, атақты қазақ суретшілерінің шығармалары жайында мағлұматтар аз берілген.
Осыған орай біздің айтарымыз, мектеп түлектері күні ертең инженер, құрылысшы, архитектор, т.с.с. мамандықты игеріп, жалпы және арнайы технологиялық үдерістермен, заманауи материалдармен, құрал-жабдықтармен жұмыс жасауға құзыреттілікті меңгеру үшін пән тек «Еңбекке баулу» немесе «Көркем еңбек» емес, «Технология» да аталуы керек. Оның мазмұны «техникалық» және «қызмет көрсету» технологиясына арналса тіптен жақсы. Ұлттық құндылықтың қалыптасуын қамтамасыз етуге сәйкес бұл пәннің ұлдар мен қыздар үшін бөліп оқытылғаны маңызды. Оны былай деп сипаттағымыз келеді:
1-6 сыныптарда – «Бейнелеу өнері», 9-сыныпта «Сызу», ал осы пән 10-11 сыныптарда 1 сағаттан таңдаулы курс болып жалғасса.
1-4 сыныптар да – «Еңбекке баулу», 5-9 сыныптарда – «Технология».
Аталған пәндердегі сабақ беру міндеті білікті, білімді, дәрежесі бар мамандарға жүктелгені жөн. Жалпы орта білім беретін мектептердің оқушыларына ұсынылып отырған пәндердің оқу бағдарламасы мен оқулығын қайта қараса дейміз. Ол жоғары оқу орнынан ғалым әдіскердің, мектептерден тәжірибелі мұғалімнің, кәсіби суретшінің бірлескен жағдайында дайындалса. Жоғары оқу орындарында – «Бейнелеу өнері және сызу», «Еңбекке баулу және технология пәндері» мұғалімін даярлауда мектептермен тығыз байланыс орнатылса.
Жоғарыда көрсетілген ұсыныстарды негізге ала отырып, жоғары оқу орындарында «Бейнелеу өнері және сызу», «Еңбекке баулу және технология» мамандығының классификаторы қайта қаралып, білім беру бағдарламаларын толықтырса. Бала мектептегі сызу пәнінен сауатты дәріс алып, қарапайым сызық түрлерінен бастап құрылыс сызбасына дейінгі шеберліктерге бейімделсе, кәсіптік-политехникалық колледждерде және ЖОО-ларда құлашын кеңінен сермейді. Техникалық, құрылыс, мұнай-газ, сәулет, дизайн, т.б. мамандықтарда сызудан қиналмайтын болады.
Көркем өнер барлық уақытта үлкен мәндер мен мазмұндарды қамтиды. Қазіргі заманғы бейнелеу өнерінің маңыздылығы мен рөлін бағалай білуіміз керек. Көркем бейнелерде фольклор мен қазақ халқының, сондай-ақ елімізді мекендейтін барлық халықтардың тарихы көрініс тапқан. Қазіргі бейнелеу өнері бағыттарында жаңа буын суретшілері еркін адам идеяларын, көңіл күйлерін және үміттерін, тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуын бейнелейді. Көркем өнер саласындағы саясат мемлекеттік реформалауды қажет етеді. Мемлекеттік деңгейде атақты суретшілер мен жас таланттарға қолдау көрсету үшін жол картасы әзірленуі тиіс. Олардың дамуы үшін шәкіртақылар, гранттар, басқа да қолдау түрлері қарастырылса дейміз. Мұның барлығы ұлттық рухани байлықты ашуға және мемлекеттің беделін көтеруге бағытталады. Осы мақсатта әр өңірде жыл сайын жалпы ұлттық байқаулар өткізу қажет.
Еліміздің барлық облысында, Алматы мен Астанада бейнелеу өнерінен көрмелер өткізу үшін тегін алаңдар жоқ. Музейлер мен галереялар коммерциялық негізде жұмыс істейді. Бұл барлық деңгейдегі суретшілерге қолжетімсіз. Көптеген суретші бірлесіп топтық көрмелер өткізеді. Монументалды ансамбльдер үшін байқаулар мемлекеттік сатып алу – тендерлер ретінде өткізіледі, яғни «кім арзанырақ жоба жасайды» қағидатымен. Соның салдарынан сапасы төмен туындылар мен өндірістік жұмыстар сөрелерге қойылады. Мұндай тәсілді қайта қарап өзгерткеніміз жөн. Көрмелер, арт-фестивальдар мен байқаулар көркемдік кеңестердің қатысуымен ұйымдасса дейміз.
Көркем бағалау мен қоғамдық бақылау институты қазіргі уақытта жоғалған. Көркемдік кеңестердің құрамына сарапшылар, қоғам өкілдері кіргені керек. Ал олардың басшылығы кәсіби суретшілер, мүсіншілер және дизайнерлерге тиесілі болуға тиіс. Мемлекет музейлерге қаржылық қаражат жағынан қолдау көрсетіп, бейнелеу өнері саласында істелген құнды шығармашылық туындыларды сатып алуы керек. Осы арқылы мемлекет суретшілерді, мүсіншілер мен қолөнершілерді қолдайды. Қазіргі заманға лайық өнер музейін құру қажеттілігі туындайды. Ол азаматтарымыз бен әлемнің барлық түкпірінен келетін туристердің назарын аударатын культтік орынға айналады. Мысалы француз бизнесмені Стефан Дистангиан елді қаржы дағдарысынан шығудың жолын «Мона Лиза» атты аңызға айналған картинаны сатудан көріп отыр, деп хабарлайды zakon.kz Independent-ке сілтеме жасап. «Күн сайын біз коронавируспен күреске миллиардтаған еуро жұмсап жатырмыз – дәл балалар тас лақтырып жатқандай. Бұл жағдайдың соңы көрінбейді, сондықтан қаржы дағдарысы шексіз болып қалуы мүмкін. Осы шығындардың қайтарымы болуы керек, және оларды бірдеңемен өтеген жөн» дейді Дистангиан. Осы «Мона Лиза» атты картинаны көру үшін дүние жүзінен жыл он екі ай туристер үзілмейді. Мемлекет қоржынына қомақты қаражат құйылып жатыр. Бізде де осындай жағдай жасау мүмкіндігі жеткілікті.
Бәсекелестіктің басты шарты – сапалы білім, кәсіби маман даярлауда десек, оларды жұмыспен қамту мемлекет тарапынан қолға алынғаны дұрыс. Суретшілер туралы арнайы заң да қабылданатын мезгіл әлдеқашан жетті. Ұлттық өнеріміздің қаймағын бұзбай пәрменді қимылдау маңызды. Сондай мамандарды халықаралық деңгейдегі бәсекелестікке араластырып, бәрімен іскер байланыс орнатуға жол ашқандар ұтады.
Тоққожа ҚОЖАҒҰЛОВ,
суретші-педагог