Қоғам • 27 Қыркүйек, 2024

Дастанның дара әлемі

48 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Саналы өмірін өнерге арнаған жанкешті жандар өзі таңдаған жолда кездескен барлық қиындықты мойымай көтереді. Соңғы бірнеше жылдың бедерінде «Алатау» фольклорлық ансамблін төрге сүйреп жүрген Дастан Көреген қандай мехнат көрсе де, адалдықтың ақ жолынан айныған емес. Жеті жылдан астам уақыт бойы фольклорлық ансамбльдің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген өнер иесіне әріптестерінің құрмет көрсетуі – заңдылық.

Дастанның дара әлемі

Сурет: youtube@jambyltv

Баласағұн орталық концерт залында Кенен Әзірбаев атындағы об­лыстық филармонияға қарас­ты «Алатау» фольклорлық ан­самблі­нің көркемдік жетекшісі Дастан Көрегеннің «Өмірімнің өзі – дастан» тақырыбында шы­ғармашылық кеші өтті. Өнер иесінің мерейтойлық кешіне еліміздің әр қиырында жүрген белгілі өнерпаздар, әріптестері, бауырлары, шәкірттері арнайы келіп, Дастанның дара әлеміне үңілді. Қолдау білдірді, қошемет көрсетті.

Мазмұнды шығармалармен әдіптелген кеш барысында Дас­танның өнер әлеміндегі әріп­тесі, «Шаншар» әзіл-сықақ театры­ның директоры Уәлибек Әбдірайымов сөз алып, өнер иесінің болмысы, шығар­ма­шылық әлеуеті туралы өз ойын ортаға салып, бауырының ме­рейін өсірді. Сондай-ақ Қыр­ғыз Республикасының белгілі қобызшысы Әсел Абылғазиева да ізгі тілегін жеткізді.

Дастанның шығармашылық кешіне Қырғыз Республикасы-нан да мәртебелі меймандар арнайы келіп, өнерін ортаға салды. Бұдан бөлек, астаналық «Қорқыт» этно-фольклор тобы, Түркіс­тан облысынан келген «Ақсу» фольклорлық ансамблі де сахна төрінде өнер көрсетіп, залға жиналған өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленді.

Заманында Алматыдағы мем­лекеттік консерватория мықты­ларынан дәріс алған Дастан Көреген онда аға оқы­тушы ретін­де еңбек етіп, талай дарынның қа­на­тын қатайт­ты. Алатау бау­райын­дағы ару қалада жүріп, өзі де шы­ғар­машылық тұрғыдан өсті.

Бірнеше өнер ұжымында еңбек еткен талант иесі «Қазына» фольклорлық ансамблінің құра­мында жүріп, Германия, Түр­кия, Бельгия, Нидерланд, Люк­сембург, БАӘ, Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан се­кілді өзге де бірнеше шет мемлекетте болған екен. «Қа­зына» мен «Алатау» ансамбль­дерінде ең­бек ете жүріп, бірнеше ха­лықаралық фестивальдарда топ жарған. Талай мықт­ының батасын алған.

Мәдениет қайраткері Абы­лайхан Оспанов, «Шаншар» әзіл-сықақ театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов, «Ала­тау» фольклорлық ансамблі, мәдениет саласының үз­дік­тері Оңал Азаматова, Айгүл Ма­қа­­шова және Ай­жан Қонар­бае­­ваның жетек­шілі­гімен «Ақ­кербез» би ансамблі, Мәдина Бер­дия­рова, Динара Диханбаева, Жан­сая Сәрсенбаева, Қырғыз Рес­публикасынан келген белгілі қобызшы Әсел Абылғазиева мен Алтынай Коробаева сынды сахна шеберлері өнер көрсеткен кеш көпшіліктің қошеметіне бөленді. Ал Нүркен Әшіров пен Әсел Абылғазиева арасында өткен күй тартыс көрермен делебесін қоздырды.

Кеш соңында мерейтой иесі Дастан Көрегенге облыс­тық кәсіподақтың «Еңбек даңқы» медалі, облыстық мәде­ниет және тілдерді дамыту бас­қармасының Алғыс хаты табыс етілді. Өз кезегінде сөз алған Дастан Көреген шығарма­шы­лығына құрмет көрсетіп жат­қан әріптестері мен өнерсүйер қауымға ризашылығын жет­кізді

 

ТАРАЗ