Оқиға • 27 Қыркүйек, 2024

Ұлытау тұрғыны 16 мың тонна марганец рудасын заңсыз өндірген

129 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қаржылық мониторинг агенттігі Ұлытау өңірінде марганец рудасын рұқсатсыз өндіруге, кейін оны заңдастыруға қатысты тергеуді аяқтап, істі сотқа жіберген. Қылмыс «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның аэроғарыштық суреттерінің көмегімен анықталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлытау тұрғыны 16 мың тонна марганец рудасын заңсыз өндірген

Фото: Қаржылық мониторинг агенттігі

Анықталғандай, өңір тұрғыны 2020-2023 жылдар аралығында рұқсат құжаттарынсыз Ұлытау облысындағы «Восточный карьерінен» марганец рудасын заңсыз өндірумен айналысқан.

Жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактілерін тергеп-тексеру барысында карьер орналасқан жер учаскесін пайдалану жөніндегі рұқсат қағазы уәкілетті органдардан берілмегені, сондай-ақ жоғарыда аталған азаматтың тиісті тіркеуі жоқ екені белгілі болған.

«Кейіннен күдікті жалған шот-фактураларды жазып, заңсыз өндірілген марганец рудасын заңдастырып, республика бойынша және өзге мемлекеттерге өткізген. Мемлекетке 1 млрд теңгеден астам шығын келтірілген. Заңсыз өндірілген кен көлемі 16 мың тоннаны құрап, жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асады», деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.

Аталған қылмысты жасаған адамның 337 млн теңгелік жылжымалы және жылжымайтын мүлкі тәркіленген.