Пікір • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

150 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылы басталғалы бері жасөспірімдер мен жастар арасында өз өзіне қол жұмсау оқиғалары ешкімді бейжай қалдырмады. Ғаламтордың дамуымен жаңа қауіп-қатердің белең алғанына тағы бір көз жеткізіп отырмыз.

TikTok-қа тоқтам керек

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін смартфонға телмірген заманда әлеуметтік желінің шырмауына жасөспірімдер ғана емес, ересектердің де түсіп қалуы таңданыс тудырмайтын да болды.

Мемлекет басшысы осыдан екі жыл бұрын Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда өткен жиынында «Қазір – интернет дәуірі. Жастар өзіне қажет мәліметті ғаламтордан алады. Дәстүрлі ақпарат құралдарымен қатар, әлеуметтік желіге баса мән беру қажет» деген еді.

Әлеуметтік желілердің ішінде TikTok-тың оң-солын толық танып білмеген өскелең ұрпаққа зиян-зардабы, жалпы қоғамға қауіп-қатері туралы Парламент мінберінен де бірнеше рет айтылды. Әріптестеріміз Нұртөре Жүсіп, Әлішер Сатвалдиевтің бастамасымен Үкіметке бірнеше депутаттық сауал да жолданды. Өкінішке қарай, TikTok-қа тосқауыл болар Үкіметтік деңгейде нақты шешім болмағандықтан өзекті өртер өкінішті жайттар тоқтамай тұр.

2024 жылдың басынан бері онлайн-платформаларда интернетке мониторинг жүргізу барысында суицидті насихаттау белгілері бар Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзудың 51 фактісі анықталған. Оның ішінде онлайн платформаларда 48 факті («Telegram» - 19 (19 жойылды), «TikTok» - 20 (16 жойылды), «YouTube» - 8 (қолжетімді), «Facebook» - 1 (қолжетімді), оның ішінде 35 заңсыз материалды жою шаралары қабылданды.

Сонымен қатар ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігінен: «AppStore», «Google Play market» интернет-дүкендерінің мобильді қосымшаларында және «Yandex.kz» интернет-ресурсында суицидті насихаттайтын «Мектептегі қашқын» ойыны анықталды. Осыған байланысты «YouTube», «Telegram», «TikTok», «Meta», «Yandex», «Apple», «Google» онлайн-платформалары мен интернет-ресурстарының әкімшілігіне ойынды жоюды талап етіп, ескерту хаттары жолданды», деген мәліметті  алдық. Әлеуметтік желілердің кесірінен бала өлімі тіркеліп жатса да, біз тек хат жолдаумен шектеліп отырмыз.

Ел, мемлекет, өскелең ұрпақ, қоғамның қауіпсіздігі таразы басында тұрғанда, бұл бағытта заңның солқылдақ тұсы да, оның орындалуында олқылықтар болмауы керек деп ойлаймын. Әлемнің бірқатар өркениетті елі дәл осы мәселеде шұғыл шешім шығарып, тәртіпті де шегелеп жатыр.

Франция өзінің 2,5 миллион мемлекеттік қызметкерін Netflix пен Instagram-ды қоса алғанда, барлық ойын-сауық қолданбаларынан «қорғауға» шешім қабылдаған алғашқы ел болды. Үкімет мұны аталған қызметтер «киберқауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз етпейді» деп түсіндірді.

Сонымен қатар Ұлыбритания, АҚШ, Дания, Бельгия, Жаңа Зеландия елдері де аталған әлеуметтік желіні шектеу немесе оған тыйым салуды көздейтін нақты шаралар қабылдады.

Еуропалық Одақтың үш жоғарғы органы – Еуропарламент, Еуропалық комиссия және Еуропалық Одақ Кеңесі киберқауіпсіздікке байланысты TikTok қолданбасын өз қызметкерлерінің құрылғыларында пайдалануға тыйым салды.

АҚШ билігі мемлекеттік қызметкерлерге TikTok-ты федералды құрылғылардан өшіруге 30 күн бергенін де атап өткен жөн.

TikTok-тың балалар мен жасөспірімдерге кері әсері туралы әлемдік деңгейде ғылыми зерттеулер де жүргізілді.

Мамандар TikTok эмоциялық реакцияларды тудыратын, соның ішінде экстремалды көзқарастарды қамтитын жарияланымдарды қарауға әкелетін ұсыныстар арқылы көрермендерін үздіксіз тартатынын айтады. Бұл психикалық проблемаларды күшейтуі мүмкін. Мұндай жағдайларға балалар мен жасөспірімдердің, түрлі күйзелісте жүрген адамдар бейім болып, өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары жиі кездеседі.

Оңтүстік-Батыс университетінің қытайлық ғалымдарының да 2022 жылғы зерттеуі TikTok әлеуметтік желісіне тәуелділік жасөспірімдердің психикалық денсаулығына, әсіресе есте сақтау қабілетіне теріс әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

3 мыңнан астам мектеп оқушысы арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері TikTok-қа ең тәуелді жасөспірімдер жады, есте сақтау және жаңғырту сынақтарында төмен ұпай жинағанын көрсеткен. TikTok-қа тәуелділік, сонымен қатар депрессия, алаңдаушылық және стресс деңгейін арттыруға әсер етеді.

Зерттеулердің тағы бірінде депрессия мен өзін-өзі қол жұмсауға, депрессия мен суицидті романтизациялауды ынталандыру арқылы балалар мен жасөспірімдердің психикалық проблемаларын күшейтуі мүмкін екендігі дәлелденген.

Тағы бір ерекше тоқталатын мәселе - TikTok-та балалардың құқықтарын бұзу. TikTok өз пайдаланушылары, соның ішінде балалар туралы деректердің үлкен көлемін жинап, бұл ақпаратты психикалық денсаулық мәселелерін нашарлататын жекелендірілген арналар жасау үшін пайдаланатыны белгілі болған.

Балалардың тәуелділігінің артуы жеткіншектер арасында зиянды құндылықтарды тарату мәселесі де өте өзекті.

TikTok-та модерация механизмінің болуына қарамастан, теріс құндылықтардың, әсіресе экстремистік сипаттағы ақпараттың таралуы жиі байқалады. Зерттеулердің нәтижесінде радикалды экстремизмнің таралуына, фашизм идеологиясына, нәсілшілдікке, антисемитизмге, ұлтшылдыққа және ксенофобияға қатысты 200-ге жуық жарияланым анықталған.

Балалардың оқу үлгерімінің төмендеуіне де дәл осы әлеуметтік желілердің теріс әсері себеп болған. Зерттеулер көрсеткендей, TikTok-қа тәуелді студенттердің оқу нәтижелері төмен, зейіні және тәртібі нашар болып шыққан.

Сондықтан мұндай әлеуметтік желілерге тыйым салу – кезек күттірмейтін мәселе.

 

Бибигүл ЖЕКСЕНБАЙ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты