Халықаралық конференция «Неврологиялық ауруларды диагностикалаудағы, емдеудегі және оңалтудағы мультидисциплинарлық тәсіл» тақырыбында ұйымдастырылды. Оған Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, Жоғары оқу орындары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Қонақтардың арасында невропатологтар, реабилитологтар, әлеуметтік қызметкерлер, педагогтар мен психологтар болды. Тақырыптық сессияларда Франция, Италия, Австралия, Қытай, Түркия, Үндістан, Ресей Федерациясы, Қырғызстан және басқа да елдердің ғалымдары баяндама оқыды.
Конференцияның ашылу салтанатында Ұлттық балаларды оңалту орталығының басшысы Ажар Ғиният неврологиялық ауруларды емдеуге, ерекше қабілетті балаларды бейімдеуге күш салып жүрген тәжірибелі дәрігерлерге алғыс айтып, конференцияның өнімді болуын тіледі.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша жыл сайын неврологиялық аурулардан 9 млн адам бақилық болады екен. Әлемде 5 жасқа толмаған 50 миллоннан астам бала новрология әсерінен мүгедектікпен алысады. Әрине, неврологиялық аурулардың басым көпшілігін алдын алуға болады. Бүгінгі конференция неврологиядағы профилактика, диагностика, оңалту іс-шаралары, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижерелерін, салаға жаңа технологялар енгізу жайын және басқа да жаңашыл әдіс-тәсілдерді талқылауға негіз болады. Медициналық оңалту күндері аясында саладағы өзге де өзекті мәселелер Жамбыл облысы, Меркі ауданында өтетін «Шипажай-2024» IX Халықаралық ғылыми-практикалық форумда талқыланады. Денсаулық сақтау министрлігі медицина саласын жаңарту бағытында ауқымды жұмыстарды қолға алып отыр. Соның аясында неврологиялық ауруға шалдыққан науқастарды емдеуге көп көңіл бөлінеді», дейді Ажар Ғиният.
Пленарлық сессияда Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева, неврологиялық ауруға шалдыққан балаларды ерте анықтауға педагогтардың араласуы маңызды екенін айтты.
«Біз ерекше қабілетті азаматтар, әсіресе балалар жайында айтқанда осы салада жаңа тәжірибе енгізудің маңызды екенін білеміз. Бүгінде сапалы скрининг арқылы диагнозды мейлінше ерте қою өзекті болып отыр. Білім беру жүйесінде 4 миллонға жуық бала оқиды. Біз сонда байқағанымыз 7 мыңға жуық баладан ауытқушылық байқалған. Бала балабақшаға, мектепке барарда жан-жақты тексеруден өткен соң диагноз қойылып жатады. Сондықтан бүгінде Денсауылық сақтау саласы мен білім беру жүйесінің алдында мектепке дейінгі ұйымдардағы мұғалімдерге, бастауыш сынып мұғалімдеріне диагностиканың алғашқы машықтарын үйрету міндеті тұр. Мектепке дейінгі ұйымдарға балалар 2 жастан барады. Ол кезде баланың дамуы кешеуілдеген болса, қандай да бір ауытқулар байқалса, сөйлеуінде кемшілік болса, басқа да ерекшеліктер байқалса анықтау қиын. Сол үшін де біз осы бағытта оқытуды пысықтауымыз керек», дейді вице-министр Н. Жұмаділдаева.
Осыдан соң Парламент Сенатының депутаты Ләззат Қалтаева ерекше қабілетті балаларды емдеуден бөлек, ерте жастан қоғамға бейімдеуді ұмытпау керегін еске салды.
«Парламент Сенатында ерекше қабілетті балалардың көбеюіне және оңалтуға қатысты мәселелерді қаузап жүрміз. Біз ерекше қабілетті балаларды барынша емдеп-жазуға ғана көңілбөлумен шектелмеуіміз тиіс. Олардың мектепте, Жоғары оқу орнында білім алуына жағдай жасау керек. Оңалту бойынша сауал көп. Мен оңалтуданөткен, оның қыр-сырын білетін азамат ретінде айтар болсам, бірінші кезекте оңалтудың нақты мақсаты болуы қажет. Өкінішке қарай, көптеген ата-ана баласын оңалту арқылы толыққанды сауықтыруды сұранады. Бірақ шындыққа тіке қарайтын болсақ, бұл шаруа қиын, бүгінде мүгедектігі бар адамдар қоғамның бір бөлшегі ретінде қалыптасып келеді. Конференцияда қоғамдағы ерекше қабілетті азаматтардың игілігі үшін толымды, өзекті ой-пікір, ұсыныстар айтылады, нәтижесі болады деп сенеміз», дейді Л. Қалтаева.
Ізінше Ажар Ғинят үш күнге жалғасатын конференцияның қарары таныстырылатынын айтты. Себебі конференцияға елдегі білікті мамандар жиылды. Олар үш күнде олар өздерінің озық идеяларын ұсынады.
Бүгінде Ұлттық балаларды оңалту орталығы жыл сайын 14 оңалту курсына 4 200 баланы қабылдайды екен. Ай сайын 300-ден астам балаға медициналық оңалту көмегін көрсетеді. Орта есеппен әр бала 16 қызмет түрін алады. Орталықта невропотологтар, функционалды медициналық оңалту мамандары, психологтар, логопедтер, массаж терапевтері, жаттығу терапиясы, физотерапия нұсқаушылары жұмыс істейді. Әрі осынша маманға сұраныстың жыл санап көбеюі неврологиялық ауруға шалдыққан балалардың көбейіп жатқанын білдірсе керек.
Конференцияда неврологиялық аурулары бар пациенттердің алдын алу, ерте анықтау, инновациялық емдеу және оңалту бойынша кешенді тәсілдер ұсынылды. Өйткені, конференцияның қабылданған қарары елдегі оңалту қызметін одан әрі дамытуға негіз болады. Осы күні алғаш рет үздік невропатолог, реабилитолог, меценаттар, қайырымдылық көмек көрсететін ұйымдардың өкілдері «Алтын Шипагер» наградасымен марапатталғанын айта кеткеніміз жөн болар.