Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Үшінші күннің шымылдығы медиа тренер, журналист Мирхат Әжіғалиевтің баспасөз мәслихатын өткізуге қатысты шеберлік сабағымен ашылды. Жиын барысында БАҚ-қа сапалы материал дайындау, ақпараттық өнімді әлеуметтік желіде өтімді ету, қызықты телесюжеттер жасау, сондай-ақ баспасөз мәслихатын ұйымдастыру мен өткізуге қатысты нақты кейстер ұсынылды.
Атап айтқанда, елімізде «ауаға салық салынады» деген ақпарат таралғаны мысал ретінде алынып, «экология министрінің» қатысуымен баспасөз мәслихатынан көрініс ұсынылды. Министр журналистер алдында бұл ақпараттың мәнін түсіндіруі керек, сондай-ақ оның дұрыс екенін қорғауға тиіс. Осы кезде баспасөз хатшылары қалай әрекет етуге тиіс? Олар министрді қорғай ма, әлде журналистерге көмектесе ме? Осы сұраққа жауап берген медиа тренер өмірден нақты мысалдарды келтіріп, баспасөз хатшыларына қысылтаяң шақта тығырықтан қалай шығу керектігі жайында өз кеңесін ұсынды.
Бұдан әрі алғашқы панельдік сессия алдында баспасөз қызметінің үздіктерін марапаттау салтанаты өтті. Оған арнайы қатысқан Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов министрлік тарапынан сегізінші мәрте ұйымдастырылып отырған медиа апталығына қатысып жатқан әріптестеріне алғыс айтты.
– Сіздердің жұмыстарыңыз бен күш-жігеріңіздің арқасында мемлекеттік органдар қызметі, жалпы мемлекеттің ақпараттық саясатының нәтижелері бұқараға жетеді. Осыған орай біз жыл сайын Astana Media Week апталығы аясында біліктіліктеріңізді арттыруға арнайы семинар ұйымдастырып келеміз. Ақпараттық доктринада жұмысымыздың басты факторы ретінде еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мен бұқаралық ақпарат құралдарымыздың бәсекеге қабілеттілігі аталған. Бұл жұмыстарда баспасөз хатшыларының, баспасөз қызметі басшыларының және ресми өкілдердің еңбегі аса маңызды. Себебі олар мемлекеттік органдар тарапынан шығатын ақпаратты жедел тарата білуі керек. Сондықтан еліміздің ақпарат қауіпсіздігінің алғы шебінде сіздер тұрсыздар. Мәдениет және ақпарат министрлігі сіздермен қоян-қолтық жұмыс істеуге әрдайым дайын, – деді ол.
Бұдан әрі «Жыл үздігі-2024» аталымы бойынша Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Әлия Адамбаева, Ішкі істер министрлігі Ақпараттық саясат департаментінің бастығы Шыңғыс Әлекешев марапатталды.
«Бұл марапатты алғанымызға өте қуаныштымыз. Біз үшін үлкен мәртебе. Бұл – тек орталық аппарат баспасөз қызметінің ғана емес, еліміздің барлық өңіріндегі полиция бөліністерінде журналистермен қоян-қолтық еңбек етіп жүрген әріптестеріміздің де еңбегі», деп қуанышымен бөлісті Ш.Әлекешев.
Бұл күннің алғашқы сессиясында iMAS GROUP PR директоры Айнель Рымбаева «Медиаиндустриядағы инновациялар: тиімді коммуникацияларды құрудың 10 кейсі» тақырыбында дәріс оқыды. Одан әрі жалғасқан панельдік сессияларда «LinkedIn үкімет пен баспасөз хатшылары үшін: брендті құру және ақпаратты тарату», «Баспасөз қызметтерінің этикасы: блогерлерден роботтарға, ЖИ мен виртуалды көмекшілерге дейін», «Толассыз ақпараттың қоғамға әсері», «Теория мен практикадағы сендіру мен кешірім сұраудың заманауи әдістері» тақырыптарында әңгіме өрбіді. Бұл басқосуларда «7010 Podcast» подкастының авторы Зарина Буенбаева, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығы қорының президенті Карла Жаманқұлова, журналист Саят Жөкен, журналист, редактор, жазушы Азамат Байғалиев сынды сала мамандары өз ойын ортаға салды.
Үш күнге созылған апталыққа еліміздің барлық аймағынан келген журналистер мен баспасөз қызметтерінің, өзге де сала өкілдері елге танымал көшбасшы медиаменеджерлер мен мамандардың дәрістері мен кейстерін тыңдап, заман ырқына қарай өзгеріске түсіп жатқан журналистика дамуы жайында көп мәлімет алды. Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Дәулет Төлендіұлы – Astana Media Week апталығының тұрақты қатысушысы. Оның айтуынша, үш күнге созылған биылғы кезекті апталық та ақпарат саласының қызметкерлері үшін жаңашылдыққа толы болды, сондай-ақ әрбір қатысушы өзіне керек дүниені алды.
«Мен қазір мемлекеттік қызметте жүргеніммен, әу бастан журналистика саласының өкілімін. Жалпы, Astana Media Week секілді ауқымды іс-шаралар – тек журналистер үшін ғана емес, мемлекеттік қызметтегі адамдарға да пайдасы зор жиын. Өйткені биылғы іс-шараның негізгі тақырыбы цифрландыру, жасанды интеллект төңірегінде өрбіп жатыр. Ал бұл жаңашылдықтар қоғамның әрбір өкіліне тікелей қатысты десем, артық айтқандық емес», деп Д.Төлендіұлы ойымен бөлісті.
Батыс Қазақстан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Махамбет Сұлтанғалидың айтуынша, Astana Media Week апталығында айтылып жатқан тақырыптарға қарап отырып, қазіргі масс медианың толықтай цифрлық заманға аяқ басқанын көруге болады және бұл – бірден-бір дұрыс қадам.
«Өздеріңіз білесіздер, кезінде Kodak фотоаппараттары танымал еді. Алайда кейінгі жылдары олар көзден бұл-бұл ұшты. Не себепті? Өйткені олар заман ағымына бейімделмеді, яғни өз өнімдерін цифрландыруға асыққан жоқ. Соның салдарынан басқа ойыншылармен бәсекелестікте жеңіліс тапты. Біз осы мысалды журналистика саласына қатысты да айта аламыз. Қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары да цифрлық платформаларға көшіп, халық сұранысына жаңаша негізде жауап беруге тиіс. Консервативтік көзқарастан біртіндеп бас тартып, жаңа заман талаптарына бейімделген БАҚ-тың бәсі жоғары болатын уақыт келді», дейді ол.
Ал Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров халықпен жұмыс істеу, күн сайын пайда болатын ақпараттарды дұрыс тарату ішкі істер саласы үшін аса маңызды жұмыс екенін айтады. Полиция бөліністерінің бірлесе еңбек атқаруы арқылы биыл Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі «Жыл үздігі» атанғанына қуанышты екенін жеткізген ол: «Бұл – күндіз-түні полицияның еңбегін көрсетіп жатқан баспасөз қызметкерлері мен осы салаға жауапты тәртіп сақшыларының еңбегі. Полиция саласында жүрген біз үшін бұл апталықтың орны ерекше. Өйткені бүгінгі басқосу баспасөз қызметін жетілдіруге арналды. Еліміздің көп өңірінен келген менің әріптестерім де бұған белсене қатысты. Мұндай іс-шаралар жылына бір рет емес, бірнеше рет өтіп тұрса да, көптік етпейді», деп ойын түйіндеді.