Пікір • 28 Қыркүйек, 2024

Су шаруашылығы мамандарына айрықша көңіл бөлінуге тиіс

81 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде су тапшылығы мәселесінің жылдан жылға күрделеніп отырғаны рас. Еліміз алдағы ширек ғасырға жуық уақытта суға зәру мемлекеттер қатарына енуі мүмкін дегенді сарапшы-мамандар қашаннан бері айтып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ирригация жүйелері және жалпы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу қажеттігін атады.

Су шаруашылығы мамандарына айрықша көңіл бөлінуге тиіс

Ол сонымен қатар гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту, суды барынша үнем­деу жұмысын ұйымдастыру керектігін айтты. Бұл ең алдымен, ауыл шаруа­шы­лығына қатысты мәселе. Яғни су үнемдеу технологиясын ауыл шаруашылығында кеңінен қолдануды, су қорын жинап, оны тиімді пайдалануды дұрыс жолға қойса аталған салаға да инвестиция тартуға болатынын жеткізді.

Жалпы, біздегі су ресурс­тарының жартысына жуығы шетелден бастау алып, 100-ден аса текше шақырым судың 50 пайызы елден тысқары мемлекеттерден құйылады. Оңтүстік өңірдің егістік алқапты суаратынын, өнім өндіретінін, ауыл шаруашылығын дамытып отырғанын ескерсек, олар­дың қаншалықты суға зәру­лі­гін ұғынатын кез жетті. Иә, елдегі судың 65 пайызы ауыл шар­уашылығына жұмсалады. Алайда сол судың жартысына жуығы техникалық жағдайы ес­кір­ген каналдардан егістікке жетпей жерге сіңіп кетіп жатыр.

Еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тап­шы­­лығын шешу үшін Су ресурстары және ирригация ми­нистрлігінің 2024-2030 жыл­дарға арналған кешенді жоспары бар. Онда су ресурс­тарының көлемін 3,7 текше шақырымға арттыру, суармалы су шығынын азайту, оның көлемін 3 текше шақырымға жоға­ры­лату көзделген. 55 мың­нан аса халқы бар 41 елді мекен­ді сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ еліміздің көршілес елдерден су жеткізу бойынша тәуелділігін 25 пайызға азайтуға мүмкіндік беретіндігі айтылған.

Салаға заманауи технологиялар туралы білімі бар, эко­номикалық, экологиялық тепе-теңдікті сақтау шартымен таныс, су мәселесінің шешімін көруге қабілетті, жан-жақты, білікті кадрлар керек.

Осы мәселе ескеріліп, биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Су дипломатиясы мамандығы ашыл­ды. Бұл – елімізде, сондай-ақ Ор­талық Азияда енгізілген алғашқы әрі бірегей білім бағдарламасы негізіндегі бастама. Бүгінгі күн­нің өзектілігіне айналған су мәселесін шешуде әрі тұрақты халықаралық қатынас құруда осы мамандықты тәмамдаған жастар білікті сарапшы болары анық.

 

Нариман ҚЫПШАҚБАЕВ,

су шаруашылығы саласының ардагері