Жансарай • 28 Қыркүйек, 2024

Жаны жайсаң Жамалдын

243 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлт басылымы – ұлттың жоқшысы. Тілінің тірегі, қашты-қудыға бой алдырмайтын сабырлы ынтымаққа бастайтын білегі десек болады. Бізге қазір кешпес парыз – бардың бағасын біліп, жоқты түгендеу болып тұр. Бұл жерде қиқымды қолтығына қыстырмайтын ірілік, «Аз адам атқа міндім деп қасқыр болып жұртқа шапса, мұндай жұртта береке қайдан болсын?» (Ә. Бөкейхан) дейтін адалдық алда тұрса, «атадан балаға мұра болып бай тіл, байтақ жер қалды. Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы. Қуғыншы қандай болса, мал табылмақшы» деп ұлттың шырылдаған шын ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқан, тіл тірлігі малтықпай, мұра ұлттық мұнараға айналып, ұрпақ түрлі сылтаудың торына түспей, ала-құла күн кешпесі айдан анық.

Жаны жайсаң Жамалдын

Осы жолға ат сал­ғалы да үш белес­тен асып барады. Сол белестер шежіресі «Егеменнің» беттерінде сайрап тұр. Толқын-толқын буынның қолтаңбалары да аз емес. Алғашқы кездегі ояну үрдісі, сергектік, серпіліс, ұм­тылыс үлкен-кіші, бүкіл ұжым­ның жұдырық болып жұ­мылуы, шын мәнінде «...газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» (А.Бай­тұр­сынұлы) болғанын көр­сетті.

Сол ұлт ісіне жұмылған­дар­дың қатарында Жамал­дын Ах­метов те жүрді. Ол өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын тех­никалық редактор еді. Ол кезде бүгінгідей озық технология жоқтың қасы. Әр әріп қорғасынмен құйылып, қағаз бетіне түседі. Қате кеткен әріпті қайта құйып, орналастыру да оңай емес. Бізбен шығарып алып, дұрысын орнына қоюың керек. Осының бәрі – техникалық редактордың міндеті. Жәкең осы­ның бәрін әріптестерімен қатар жүріп, тиянақты атқаратын.

Бұрын цехта көретін, артық-ауыс әңгімеге жоқ, тек істің адамы, жайдары жан Жәкеңмен астана Ар­қаға көшкеннен кейін қоян-қолтық араластық. Ол кез­дегі елорда бүгінгідей емес еді. Қала жұтаң болатын. Аязы қа­рып, ақ бораны ұйытқи соға­тын. Бұл күндері оның көбі кем, кейде қысы да маужырап тұрады.

Егемендіктерді 1999 жылдың ақпанында: «Ас­тана – қазақтың бір-бірі­мен ажырамас, мәңгілік тұтастығының символы болуы шарт. Символ – ұр­пақтарға үлгі», деп айбыны асқақ, сөзі мір­дің оғындай Шераға-Шерхан Мұр­таза ағамыз бастап, басшымыз Ераға – Ер­жұман Смайыл қостап, өзге азаматтар демеп барған еді.

«Көп ауған жаққа – құдай да ауады» деп бүгінгі Астана жұрт ордасына, яғни Есілдің екі жағы көңіліңді көркейтіп, қос жанарыңа шуақ сыйлаған алып шаһарға айналды. Онда жұбын жазбай, тобын бұзбай барған егемендіктердің бір шоғыры «келмес сапарға аттанып кетіп», бүгінде селеудей селдіреп, сиреп барамыз. Есесіне дәуірдің ойлы ұлдары, сәулелі қыздары ұлт басылымына ұйытқы болып отыр. Алдыңғы толқын – біздер осыған шүкіршілік етеміз.

Солардың бірі, арамызда аға­лық жолдан жаңылмай жүр­­ген, жетпіс бестің бе­лесіне шық­қан Жәкең – Жамалдын Ах­метов. Ол – өз ісіне мығым, қоғам ісіне ыждағатты кісі. Жа­уапты хатшы сызбасын мүлтіксіз орындайды. Қырағылығына күмән келтіре алмайсың. Кейде корректорлар аңғар­мағанды көргенде: «Оу, қа­зақтар, бұл сөз бұлай жа­зылмауға тиіс, сөздікке үңі­ліңдер! Сендердікі жөн бе екен, әлде ұйғыр менікі расқа айнала ма?» деп өз бай­ламын әзілге жеңдіріп жет­кізетін еді.

Қауырт жұмыс кезінде Ераға (Смайыл) «Жәкең болса, газет шығару қиынға түс­пейді, бәрі орнымен атқа­рылады» дейтін.

Елордаға барғаннан кейін мына жалған өмірден өте шық­қан Марат Аққұл, қаламы жүй­рік, ойы ұшқын атып тұ­ра­тын журналист Қарашаш Тоқ­сан­бай төртеуміз бір үйде тұр­дық. Жә­кең­нің сол тұстағы кісілігі мен кі­ші­лігі, адами қасиеті, төзім­ділігі бәрімізді тәнті етті. Сәниям­дай жары да ізетімен та­нылып еді. Ұл мен қызы да әке көңілін аулап, жы­­лы ниеттерін білдіріп жүре­тін.

Иә, бір атаның баласындай ынтымақта жүрдік. Редак­циядағы жұмыс ке­зіндегі үлкен­ді-кішілі сый­ластығымыз да аңызға бер­гісіз еді. Сондай береке- бірлікпен, отбасымыздың алыста жатқанына қарамай, елорданың дамуына, елдік ір­генің бекуіне мысқалдай болса да үлесімізді қостық-ау деймін. Жетпістің бел ортасына келген Ахметов ағамызға, яғни жаны жай­саң Жәкеңе жасай беріңіз, үлкендіктің ауылына бай­лаған атыңыз абыройлы шабысынан танбасын дейміз.

 

Сүлеймен МӘМЕТ

 

АЛМАТЫ