Мұндай хабарландырудан кейін Бозанбай ауылының маңындағы Бүркіттөбеде өтетін құсбегілер сайысына асығатындардың қарасы көп болатын секілді. Басқасы басқа, ойы жаңашыл, идеясы ерекше кәсіпкер жүз сырмақты қайдан жинап алды деп таңданыстық. Бабадан балаға мирас болып келе жатқан бекзат өнердің туындысы сырмақты музейден көретін күнге жеттік емес пе? Ал, бүгін табиғат аясына жайылды.
«Бұл сырмақтар облыстың әр жерінен жиналды. Шығыстағы ең керемет, ең әдемі сырмақтар деуге болады. Музей қорынан алынғандары да, қолөнершілердің коллекциясынан алынғандары да, жекелеген әулеттен алынғандары да бар. Күздің бір әдемі, мизам шуақ төгілген күнін әдейі таңдадық. Бірнеше жүз метр полиэтилен сатып алып, сырмақтың астына жайдық. Алтайдың 100 сырмағы – баршаңызға сауын айту. Жар салып, «Шығыс салбурыны» халықтық мейрамына шақыру», деді қазақтың руханиятын насихаттап жүрген Мұхтар Тойбазаров.
Қазақ халқының ғажайып өнерін тамашалауға көпшілік арнайы барды. Неміс, орыс, беларус, татар, поляк, шешен сынды ұлттардың өкілдері де келіп, қазақтың өнерімен танысты.
Иә, сауын айтылды. Енді 12 қазанда Бозанбай көгінде құс самғап, тұлпар дүбірі естіледі.
Ұлан ауданы,
Бозанбай ауылы