Аймақтар • 02 Қазан, 2024

Жезқазған – Қызылорда жолы жөнделеді

99 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жезқазған-Қызылорда автокөлік жолына күрделі жөндеу басталатыны туралы хабар жария етілсе де, көпшілік арасында «Соның соңы қалай болар екен? Сөзбұйдаға салынып кетпей ме?» деген секілді үміттен гөрі күдікке толы әңгіме әлі күнге дейін айтылып қалады. Қаншама жылдан бері «жол жөндеу әні-міне басталады» деген сүйіншілеген сөздің соңы құрдымға кетіп, жоғалып тынғанына талай мәрте куә болған көңілдердің алаңын, әрине, түсінуге болады. Бірақ бұл жолғы қамданыс бұрынғыдан өзгерек.

Жезқазған – Қызылорда жолы жөнделеді

Өйткені Жезқазған – Қызылорда жолының 208 ша­қы­рымына қатысты 8 лот негі­зінде жария­ланған тендерді Қытайдың 4 ком­паниясы жеңіп алды. Олардың бәрі де Ұлытау облысына келіп тіркеуден өтті. Қазір жеңімпаз компаниялар күрделі құрылыс жүргізуге дайындық жұмыстарын бастап та кетті. Бұған жуырда көзіміз жетті.

Негізгі жолға жапсарласа айналма жол салу қазірдің өзінде басталып жа­тыр. Сондай-ақ келешекте бой кө­те­ретін 8 вахталық қалашықтың да орны анықталып, тегістелуде. Қалашықтарда жұмыс­керлерге қажетті жатын бөлмелер, жуыну, асхана, т.б. осы тәрізді барлық жағдай жасалады.

Ал сағатына 160 тонна өнім беретін асфальт-бетон зауыты бұрыннан жұмыс істеп тұр екен. Бұл зауыттың өнімі қазір Қызылорда жағында салынып жатқан жолдың қажетіне пайдаланылып жатса, кейін Жезқазған жағындағы жолды асфальт-бетонмен қамтамасыз етеді. Ал алдағы уақытта тағы да осындай 3 зауыт салынатын болады.

пр

«Біз жұмысты 8 учаскеде бір мезгілде бастаймыз. Сондықтан биылғы күз, қыс мезгілінде барлық негізгі жұмысқа қажетті шаруаларды реттеп алғымыз келеді», дейді қытайлық компанияның өкілі Цянь Сяу Дон.

«Уақытты босқа жібермей қазір айналма жол, қалашықтар, асфальт-бетон зауыттарын салып алсақ, келер көктемде жұмысты бастау өзімізге жеңіл болады. Сондықтан іске кірісіп жатырмыз. Егер материалдық базамыз мықты болса, жөндеу жұмысын көпке созбаймыз, 2026 жылдың соңына дейін бітіреміз», дейді тағы бір мердігер Сонг Дай Фу.

Әрине, жол құрылысына негізінен жергілікті азаматтар тартылатыны анық. Сондай-ақ жергілікті компаниялар сер­вистік қызмет көрсетуге дайын. Қазір олар қытайлық әріптестерімен екіжақты келісімшарт жасасып жатыр.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ұлытау облысы филиалының директоры Сұңғат Рахымжанов: «Бұл жолдың құрылысын аймақ халқы көптен күтіп жүргені бел­гілі. Міне, енді дайындық жұмысы бас­талып жатыр. Мердігерлер тарапынан құрылысқа екі мыңға тарта жұмыс­­кер керек екені айтылып отыр. Бұл осыншама жұ­мыс орны ашылаты­нын айғақтайды. Де­мек, біздің азамат­тарымыздың жол құ­ры­­­лысына атсалысуға толық мүмкіндігі бар», – деді.

Жалпы құны 108 млрд теңге болатын жобаның құрылысы аймаққа жаңа леп алып келіп жатыр. Ұлытаулықтардың сол құрылыстың белортасынан табылатынына әрине, еш күмән жоқ.

 

Ұлытау облысы