Әдебиет • 02 Қазан, 2024

Қимас қазынаның жоқшысы (эссе)

290 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар талантты жазушы Жақсылық Түменбаевтың туғанына биыл сексен жыл толды. Жалпы, жазушының шығармашылық әлемі туралы сөз қозғағанда оның артына қалдырған әдеби мұрасының ішіндегі ең шоқтығы биік екі туындысын ерекше бөліп атағанымыз жөн болмақ. Олар – қаламгердің «Ауыл шетіндегі үй», «Ауыл мен Алматының арасында» деп аталатын повестері. Өйткені Жәкең тап осы екі баянында суреткерлік әлеуетін, кемеліне келтіріп, келістіре көрсете алған. Сондықтан да Түменбаевты Түменбаев етіп тұрған осы қос туынды жазушының ең қымбат рухани қазынасы десек шындықтан шет кетпейміз.

Қимас қазынаның жоқшысы (эссе)

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жәкең бұл дүниеде бар болғаны қырық тоғыз жыл ғана өмір сүрді, ал прозашы үшін мұны қыршын жас деуге болады. Артына өлмейтұғын екі туындысын қалдырған суреткерді өзінің фәнидегі ең басты миссиясын орындай алған бақытты жандардың қатарына жатқызуға әбден негіз бар. Өнерде мәселені сан емес, сапа шешетінін де ұмытпаған жөн. Мәселен, қазақтың құлағы түрік, көзі қарақты оқырмандары жақсы білетін Тобық Жармағамбетов өзінің «Отамалы», Ақан Нұрманов «Құланның ажалы», Болат Қанатбаев «Керек адам», «Жер басындағы жалғыз үй» атты бірді-екілі шедеврі арқылы өздерінің ардақты аттарын ұлттық әдебиетіміздің тарихына өшпестей етіп жазып кетті. Ал тірісінде том-том отыз-қырық кітап шығарғандарымен солардың ішінен соңына іліп алар еш­теңе қалдыра алмаған жазғыштардың санында қисап жоқ әлемдік әдебиеттің тәжірибесінде.

Әлемдік көркемсөз өнерінің тарихында да бірлі-жарым таңдаулы шығар­малармен-ақ дүниежүзілік әдебиеттің шежіресінен ойып тұрып орын алған қалам иелері баршылық. Айталық, А.С.Грибоедов «Горе от ума», А.Н.Островский «Бесприданница», Уильям Тенесси «Трамвай «Желание», «Стеклянный зверинец» деп аталатын бір-екі драмалық пьесаларымен-ақ дүние жүзінің ең атақты, мәртебелі театрларының сахналарын, міне, жүзден астам жыл бойы таңғалдырып келеді. Алдағы қилы замандарда да осы мәдени үрдістің жалғаса беретініне күмән жоқ. Неге десеңіз, ұмытылатын дүниелер араға әрі кеткенде жиырма-отыз жыл­дың мұғдарында-ақ ұмыт болады, ал жүз жылда да өзінің құнын жоймаған шедеврлер мың жылдан кейін де жасай бермек.

Жақсылық Түменбаев – халық­шыл һәм ұлтшыл жазушы. Оның басты мұ­раты Екінші дүниежүзілік соғыстан ке­йін­гі ұлттық төлтума бет-бейнесі­нің қай­мағы бұзыла қоймаған қара­па­йым қазақ ауылдарындағы еңбекші жандардың образдарын кейінгілер­ге көркем әдебиет­тің бетіне хаттап беру болғанға ұқсайды. Өзінің «Ауыл шетіндегі үй», «Ауыл мен Алматының арасында» деп аталатын ең үздік екі шығармасында ол осы міндеттің үдесінен толық шыға алды.

Жәкеңнің ең сүйікті кейіпкерлері ең алдымен ауыл қарттары-тын. Неге десеңіз, жыл өткен сайын метропо­лия­ның бұратана халықтарды орыстан­дыру саясаты мен жаһандық урбаниза­ция үдерісінің әсерінен бірте-бірте көмескіленіп, жойылуға бет алған ұлты­мыздың обал-сауап, ар-иман деп аталатын ең асыл қасиеттерін әлі де өз бойларында төкпей-шашпай сақтап келе жатқан ақ жаулықты ақ кемпірлер мен қайыспас қара нар сықылданған қара шалдарымыз еді. Ал халқымызды 250 жылға созылған отаршылдық кезінде оның төлтума табиғатының мүлде шайы­лып, жеке-дара этнос ретінде жойылып кету қатерінен сақтап келе жатқан қарттарымыздың бойындағы ең қымбат қасиеттері-тін.

Жазушы Ж.Түменбаевтың саналы өмірі ұлтымыздың болу немесе бол­май бордай тозу секілді қатал дилем­маның алдында тұрған алмағайып ша­ғына тұспа-тұс келді. Ол өзінің шығар­машылық қызметінде кеңестік өмір салтына, оның ресми идеологиясына сай келе бермейтін, отаршыл биліктің қолайына жақпайтын осындай бұралаң жолды таңдады.

ХХ ғасырдың соңына таман тіршілік кешкен сол кездегі кеңес мемлекетінің қарамағындағы біз секілді Мәскеу жақ­қа қарап жәутеңдеуді маңдайына жаз­ған тәуелді халықтардың тағдыры, сы­па­йылап айтқанда, кісі қызығарлықтай емес-тін. Осы арада соның бір мысалы ретінде патшалық Ресей заманын былай қойғанда, одан бергі тарихта тек жетпіс жылдай ғана өмір сүрген кеңес­тер одағы деп аталатын социалистік им­перияның кезінде бұрынғыдан да ерекше қарқынмен жүргізілген орыстан­дыру саясатының нәтижесінде осы мемлекет­тің қарамағындағы тоқсанға тарта аз санды бұратана ұлттың келместің кемесіне мініп, жеке этностық бірлік ретінде адам­зат тарихының сахнасынан біржола жойылып кеткенін айтсақ та жеткілікті.

Отаршыл билік алдына қойған осындай «ізгі» жоспарларын жүзеге асыру үшін жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдарына қарай аталған идеологиялық майданын бұрынғыдан гөрі үдете түсті. Ол үшін оның ресми та­рих­намасы мен үгіт-насихат машинасы қазаққа тән қадір-қасиет атаулының баршасын енді өсіп келе жатқан жас ұрпаққа құбыжық етіп көрсетуден жа­ңылмады. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі өркениеті варварлықтың, замана көшінен артта қалушылықтың рәмізі ретінде образ­далып, ал еліміздің тәуелсіздігі, азат­тығы үшін күрескен ел басшылары мен батырлары түгі сыртына шық­қан жабайы ұлтшылдар, халқын арт­қа қарай сүйрейтін кертартпалар ретінде суреттеліп, насихатталды. Осылайша, бірте-бірте біржола орыс­танған жастарымыздың арасы­нан өткенінен мүлде қол үзген, ұлт­тық, қазақылық атаулыға замана көші­нен мүлде артта қалушылықтың бел­гісі ретінде жиіркене қарайтын, ал ғасыр­лар бойы қалыптасқан қазақ мо­ралі мен этикасының тұтынушыларын «мәм­беттер» деп қорсынатын тырнақша ішін­дегі «жаңа қазақтар» деп аталатын өзгеше бір типінің тұтастай армиясын қа­лыптастыра бастады. Солардың көме­гімен қазақты өз қолымен өзін тұн­шықтыру, яғни «Сексеуілді сексеуіл­мен ұрып сындыру» деп аталатын отар­шылдардың бағзыдан келе жатқан кәнігі саясатының заманға сай жаңа бір үлгісі, моделі жасалды.

Жәкеңнің «Ауыл мен Алматының арасында», «Ауыл шетіндегі үй» деп ата­латын баяндары да осындай кеңес­тік, орыстық отарлау саясатына қар­сылықтан туды. Себебі автор аталған шығармаларында сол кездегі кеңестік әдебиетте үстемдік құрып тұрған со­циалистік реализм деп аталатын мето­дологиялық трендтің талаптарына сай қазақтық, ұлттық қадір-қасиетті күні өткен этностық клишелер ретінде көр­сетудің орнына, керісінше, оларды барынша әспеттеп бағады. Әрине, сөз өне­рінің табиғатына тән астарлы көркем фило­софиялық өрнектермен. Осын­дағы «Ауыл шетіндегі үйдегі» Омар­ғали мен «Ауыл мен Алматы арасын­дағы» Балмейрамдардың бойында отаршылдар қомсына қарайтын ұлтымыздың ар мен иман, обал мен сауап, кісінің ала жібін аттамау, зорлық-зомбылық атаулыға қарсылық, тағы басқа секілді ең жоғары моральдық, этикалық қадір-қасиет тұнып тұр. Сондықтан да олардың сөйлеген сөзі мен істеген ісінің бәрі оқырманды сүйсінтпей қоймайды. Бы­лайша қарасақ, солардың екеуі де кеңес­тік идеологияның шекпеніне ешбір сай келмейтін «кертартпа» кейіпкерлер, отаршылдардың лексикасына салып айт­сақ, барып тұрған «махровый нацио­налистер». Не сиқыры бар екенін қай­дам, оларды бәрібір жек көре алмайсың. Жек көрудің орнына әлгі қарттардың мінезіне, өздерін ұстау мәдениетіне, қылығына, адамгершіліктің шыңына шыққан бекзаттығына іші-бауырыңыз елжіреп, еріксіз тәнті болып отырасыз. Есейгенде, ертең отанасы мен отағасы жасына келгенде, өзіңнің де сондай кісілігі кең қарттар болғың келіп кетеді еріксіз.

Олардың бәрін автор айқайлатпай, қа­рапайым тұрмыстық детальдар ар­қылы суреткерлік шеберлікпен майдан қыл суырғандай етіп жеткізеді. Мәселен, «Ауыл мен Алматы арасында» мынадай бір елеусіздеу эпизод бар: «Баласы кете беріп артына қайырылды. Сонан соң: – Апа, керек болып қалсаңыз тағы да шақыртамыз, – деді әзілдеген бо­лып күліп. – Так что Алматыға әлі талай келесіз.

Бұдан кейін ол кідірмей вагоннан шығып кеткен. Сол сәт пойыз да қоз­ғал­ды. Балмейрамның құлағы шыңыл­дап, көзінің алды қарауытып кеткендей болды. Көзін бір жұмып-ашып, терезеге көз салып еді, Қуанышы пойызбен қатарласа жүріп келеді екен. Қолын көтеріп әлдене дейді.

«– Қарғам-ау, – деді осы жалғыз ауыз сөзбен көз жасы да ытырынып бірге шыққан Балмейрам. – Қарашығым-ау, көзімді ашып көргендегі қос жары­ғымның бірі-ау, ең болмаса мына мені... жаман шешеңді керегің бар, жоқ деп айырмасаң етті. Қарашығым-ау, ойнап сөйлесең де, ойлап сөйлесең етті. Тұтынып болғаннан кейін лақтырып тастай салатын мен бір зат болдым ба саған. Сен, шырағым, базардың нар­қына қарап сөйлейтін жалдап саудагердей тек өзіңнің керек дегеніңе қарап жығылатын сияқтысың. Соныңнан қорқам. Керегіңді қуып жүріп талай қима­сыңнан айрыласың ба деп қор­қам. Алыс-жақынды алаламай, құшағы­на дүниені түгел сиғызатын пейілі кең атаның ұлы едің, қайдан білейін, қайдан білейін...» (Ж.Түменбаев. Мен сүйген қыз. – Алматы: «Жалын», 1981. – 118-бет.)

Бұл – кіші ұлы Қуаныштың Алма­тыдағы үйіне немерелерін бағуға уақыт­ша келген Балмейрамның ауылдағы үйіне қайтадан қайтып бара жатқан­дағы аналық уайымы. Жалпы, оның баласы туралы «Сен, шырағым, базар­дың нарқына қарап сөйлейтін жалдап саудагердей тек өзіңнің керек дегеніңе қарап жығылатын болып алыпсың» деуі негізсіз емес. Өйткені осыдан бір апта бұрын баласы үйіне қонақ шақырмақ болып қамданғанда Балмейрам оның осы Алматыдағы ауылдас ағаларын да ұмытып кетпеуін ескерткен. Сонда да баласы: «Олардың не керегі бар, ағаларым болып не қайыры тиіпті солардың?..» деп, анасын тыйып тастаған-ды. Міне, еліне бет алған кейуана осы жайларды ойлап қамығады қазір.

Адамдарды өзінің пайдасына жарайтындарын керектерге жатқызып, пайдасына жарамайтындарын керек еместер санатына қосып, екіге бөліп тас­тап, базардың жалдап саудагерлеріндей болып алған Балмейрамның кенжесі Қуаныш қана ма? Ондай болса, «Жал­ғыз ағаш орман емес» деп, бас қатыр­­май қоюымызға да болар еді. Алайда өкі­ніш­ке қарай, олай емес-ау. Сондықтан ­қай-қайсымыздың да Балмейрам ананың уайымына біраз бас қатырып көргеніміз жөн шығар, сірә. Шығарманың соңғы бетін жапқаннан кейін ойлы оқырманның көкейінде осы тектес талай сұрақ қалады. Ендеше, бұл көркем баян өзінің алдына мақсат етіп қойған ең басты миссиясын абыроймен атқарып шыға алған деген сөз ғой бұл.

Жәкеңнің «Ауыл шетіндегі үй» атты баянының басты кейіпкері Омарғали да «Ауыл мен Алматының арасындағы» Балмейрам кейуана секілді халқы­мыз­дың ата-бабалары салып кеткен бекзат жаралған рухани жолынан, ұлттық салты мен дәстүрінен айнымаған қарттар­дың бірі. Екінші дүниежүзілік соғыс май­данынан еліне мүгедек болып оралған ол, қартайса да әлі еңбек етуден қол үзбеген бейнеткеш жан.

Омарғали ақсақал таңертең ерте тұрып «Батпақты» аулының бүткіл ма­лын құдықтан суарады. Бұған оны мін­деттеп қойған ешкім жоқ. Қария ауылдың толып жатқан сиырлары мен ұсақ малдарының иелерінен бір тиын ақы да алмайды. Алайда соған қарамай қысы-жазы ауылдағы жалғыз құдықтан сау қалған сол қолымен қауға тартып, бүткіл малдың сусынын қандырып, сауабын алып үйіне сәскеге қарай бір-ақ оралады.

Осыған қарап Омарғалиды иіс алмас момын, құл мінез бейшара дей алмайсыз. Мәселен, жан дегендегі жалғыз қызын әжуаламақ болған ауылдағы бір надандау, нойыс бульдозерші жігітті қылғындырып өлтіріп қоя жаздайды. Бірде ол осы өлкеде жиі болып тұра­тын құмды бораннан кейін тамының тап іргесіне дейін жетіп, тау болып үйіліп қалған бос топырақтан құтылуға әлгі тракторшы жігітке төмендегідей өтінішпен қайрылады:

«– Айналайын балам, біздің үйдің желкесіне тау болып құм үйіліп қалды, енді болмаса үйді басып қалатын түрі бар. Соны әрмен қарай ысырып тастай қоясың ба?

Жігіт Омарғалиға қарай бұрылды.

– Ақысына не бересің?

– Бір жартылық.

Жігіт басын шайқады.

– Онда соның екеуін берейін.

Бөлдөзірші тағы басын шайқады.

– Онда үшеуін берейін, Құдайға шүкір әнеукүні Әшенді жығып алған ақшам бар ғой.

– Қызыңды берсең... – Жігіт тауып айтқан адамша жан-жағындағыларға мар­дымси қарады. Омарғали біреу тас төбе­сінен ұрғандай қалшиды да қалды. Адам­ға көп тік қадала бермейтін екі көзі әлгі жі­гіт­тің бүлк етпеген бетінен айрылар емес.

– Не дедің-әй сен?! – деді сонан соң әзер тілге келіп. – Не дедің сен иттің баласы?!

Омарғали көз ілеспес шапшаңдықпен жігіттің жағасынан ала түсті. «Мына жынды қайтеді-ей?!» – деп, шошына жан ұшырған жігіт әшейінде сыртынан «он екі мүшесінің алтауы жоқ» деп мазақ қылатын жаман шалдың уысынан шығып кете алмады. Екінші бір жұлқынғанда екеуі ұмар-жұмар құлап түсті. Омарғалидың жалғыз қолы сонда да ажырар емес, жігіттің алқымын одан сайын сығып барады...»

Осы бір азғантай эпизодтың өзі-ақ аталған баянның басты кейіпкерінің образын жаңа бір қырынан айқара ашып-ақ тастайды. Біз мүгедектігіне қара­май ба­баларымыздың достарына деген ме­йір­бандығы мен дарқандығын, қа­сына келгендегі қайраты мен қаһарын бір бойы­на сыйдырған нағыз қазақ аза­ма­тының мәрт бейнесін көреміз Омар­ғали қарттан. Міне, дәл осы сәтте сана­мыз бен салтымызда көмескі тартса да, біз­ге беймәлім құдыреттің күшімен бәрі­бір генетикалық кодымыздың те­рең түкпіріне сақталып қалған бір бек­зат сезімдердің кенеттен дүрк оянып жүйке-жүйемізді қуалап, біздің де бойы­мыз­ға біртіндеп тарап келе жатқанын аңғарамыз.  Міне, көркем әдебиет деп аталатын текті өнердің барлық қадір-қасиеті де, құдіреті де оның оқырмандарын біресе ойға батырып, біресе сан алуан сезім гаммалары теңізінің тереңіне алып кететін осындай жасампаз құдіретінде ғой. Иә, ол біресе бізді қуанта да, енді бірде қайғырта да алады. Ал егер қажет деп тапса, тіршілікте жасаған азды-көпті күнәларымыздан тазартып, рухымызды ізгілендіру үшін әлемдік абсо­люттік ар-ұжданның қорғаны ұлы Жаратушымыздың алдында тізер­летіп, тәубемізге келтіруге де шамасы жетеді.

Бұл күндері бізден тым алыста қалған құйттай ауылдар мен сол ауылдың жанымен ағатын иір-иір өзенді, сол өзеннің жағалауынан әудем жердегі шөпқорада үйілген бес-алты маяны әсіресе жасымыз егде тартқан сайын жиірек еске ала бастайтынымызды, кейде олар түн ұйқымызды төрт бөліп түсімізге де енеді. Неге біз соларды кей-кейде қат­ты сағынамыз. Әлде, Сергей Есенин айт­пақшы, не өтсе, соның аяулы болып көрінетіні ме бұл?..

Жоқ, тек одан емес екен. Әрине, не өтсе, соның аяулы көрінетіндігі де бар. Бірақ сүйтсек ең бастысы сол бір алыста бұлдырап қалып қойған атамекенімізде ата-бабаларымыздың бал араларына тән жанкештілікпен жинаған адам деп аталатын рухани тылсымның бойынан ешқашан жоғалмауға тиіс, жоғалса, ол адам деген ардақты атынан айырылып қалатын ар мен ұждан, обал мен сауап, иман деп аталатын ең қымбат рухани қазыналарымыз қаймағы бұзылмаған күйі қалып қойыпты-ау. Ал оларды бала күнімізде біздің қанымыз бен жанымызға сіңірген әлгі біз жоғарыда талдап өткен қос баянның бас кейіпкерлері Омар­ғали мен Балмейрам секілді дана­гөй қариялар екен ғой. Ал жазушы Жақ­сылық Түменбаев болса өмір бойы өзінің шығармашылығы арқылы біз­дің сол қымбат қазыналарымызды түген­деумен болыпты. Келесі ұрпақтарға ұмыт­тырмау үшін, аға буын біздер де ұмы­тып бара жатсақ есімізге анда-санда түсіріп қою үшін.

Кейде ойлайсың, дәл қазір мынау дүниеге ақша мен байлық, бір сөз­бен айтқанда, капитал иелік еткен заман­да бойымызға ананың сүтімен, әке­нің күшімен, бабаларымыздың артына қалдырған өнегесімен дарытылған сол қадір-қасиеттен жұқана болса да бірдеңелер қалды ма екен? Сондай қазы­налы қарттар о шеті мен бұл шетіне көз жеткізгісіз ұлан-байтақ Отанымыз­дың түкпір-түкпірін мекен еткен қиыр­дағы қыстықтарымыз бен ауылдарымыз­да әлі де бар ма екен, аман ба екен? Ұят болғанда әлгі Балмейрам кейуананың кенже ұлындай мына қу тіршіліктегі дүниеауи көп керектерімізді түгендейміз жүріп, талай қимас қазыналарымыздан мүлде басы бүтін айырылып қалған жоқ­пыз ба біз осы?..

Меніңше, жазушы Жақсылық Түмен­баевтың ең сүйікті кейіпкерлерінің ар­тында қалған бізге, өзінің қалың оқыр­манына аманат ретінде қалдырып кеткен ең басты ескертпесі де, ең көкейкесті ­сауалы да, міне, осы болса керек.

 

Серік Асылбекұлы,

жазушы, драматург