Жетісу облысының тұрғындарымен кездесуде Сенат төрағасы АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың жарқын көрінісі екеніне назар аударды. Сондай-ақ палата спикері бұл бастаманың стратегиялық сипаты мен ел экономикасына тигізер әсеріне тоқталып, алдағы референдумда әрбір азаматтың даусы маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қазанда атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты республикалық референдум өткізілетінін жариялады. Соған сәйкес біз өздеріңізбен аталған бастаманы, жалпы энергетика саласын дамыту бағыттарын талқылауға арнайы келіп тұрмыз. Осы аптада өтетін жалпыұлттық референдум Қазақстанның одан әрі дамуы жолында стратегиялық маңызға ие. Сондықтан бәріміз жұдырықтай жұмылып, еліміздің және өскелең ұрпақтың болашағына зор әсерін тигізетін маңызды шешімді бірге қабылдауымыз керек. Бұл ретте отандастарымызды референдумға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырамын», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар штаб мүшелері ақпараттық жұмыс аясында көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар және әлеуметтік аз қамтылған санаттағы азаматтар жұмыс істейтін «Айсұлу» тігін фабрикасының ұжымымен, қала құрылысымен айналысатын «Темірбетон» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесті. Жиын барысында отандық өндірушілерді қолдау мәселелері, осы бағыттағы заңнамалық нормалар және референдумның маңызы кеңінен талқыланды. Іс-шаралар кезінде еңбек ұжымдары өз пікірін білдіріп, атом электр стансасының пайдасы мен одан туындайтын тәуекелдерге назар аударды.
Өңір тұрғындарымен кездесуде өндіріске қажетті жаңа тәсілдерді зерделеудің, инновациялық технологияларды енгізудің игілігі сөз болды.