Тарих • 02 Қазан, 2024

Жошы ұлысын ұлықтау жорығы

176 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осы аптаның сейсенбісінде елорда төрінде орналасқан Ұлттық музейде Қарағанды облыс әкімдігі Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты салалас мекеме тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен 20 қыркүйек – 1 қазан аралағында Ұлық Ұлыс – Жошы хандығының 800 жылдық межелі датасына орай атқарылған республикалық деңгейдегі «Талас – Ұлытау – Сарайшық» атты тарихи-этнографиялық экспедициясының қорытындысына арналған дөңгелек үстел өтті.

Жошы ұлысын ұлықтау жорығы

Фото: Экспедиция мүшелері Атырауда

11 күнде жеті мың шақырым жол жүрген

Қоңыр күздің алғашқы айының соңғы онкүндігінде Қарағанды қаласынан атқа қонып, Тараз – Түркістан – Қызылорда – Арал – Атырау – Ақтөбе – Ұлытау – Жезқазған – Астана бағытымен жол жүріп, 11 күнде, 7 мың шақырымды артта тастап, қазан айының алғашқы күні Астанаға атбасын тіреген экспедиция ұжымы: жолай «Тектұрмас» этно-тарихи кешені, Ежелгі Тараз Әлем қалашығы, Қарахан кесенесі, Жәнібек-Керей хандарының ескерткіші, Айша бибі кесенесі, Арыстан баб кесенесі, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі және оның айналасындағы киелі ескерткіштер, Керуен сарайы, Сығанақ қалашығы, Қорқыт Ата кешені, Сарайшық Пантеон туристік орталығы, Сарайшық қалашығы, Абат-Байтақ кесенесі, Жошы хан тарихи-мәдени кешені, Домбауыл кесенесі, Алаш хан кесенесі қатарлы тарихи нысандарға тоқталып, барған жерінде жергілікті әкімшілік ұйымдармен бірлесіп мәдени жиындар өткізген екен.   

Бұл іске отандық тарихшы ғалымдардан бөлек Түркия елінен келген археолог маман Чобан Гүлшах және Ресей Федерациясы М.К.Аммосов атындағы Солтүстік-Шығыс федералды университетінің магистранты, Алтын Орда тарихын зерттеуші Саина Михайлова сынды меймандардан сырт елімізге танымал археолог, тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды универсиетінің тарих факультетінің деканы Жамбыл Жұмабеков, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, тарихшы Дөкей Талеев және шетелдік журналисттермен қатар, музей қызметкерлері ат салысыпты.

«Экспедиция барысында Жошы Ұлысының тарихымен байланысты археологиялық, архитектуралық, мемориалдық нысандардың қазіргі жағдайына бақылау жүргізіледі, аталмыш өңірлерге туристік бағытты дамыту бойынша ұсыныстар әзірленеді, фото, бейне, аудио форматта танымдық ақпараттық өнімдерді дайындалды. Жорыққа қатысқан тарихшы мамандардың сұхбаты негізінде деректі фильм түсіліп алдағы күндері халыққа ұсынылатынын болады», дейді Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрмағанбетов.

щ

Өңірлердегі өзгеше қауышулар

Осылай ірі мақсатты көздеп жорыққа шыққан топ – әуелгі қыркүйек айының 21 күні ат басын тарихы терең Тараз қаласына бұрған екен. Экспедицияның қасиетті Тараз жерінен  басталуы тегін емес. Себебі, ол өңір Жошы Ұлысының қалыптасуына тікелей байланысы бар өлке. Оған дәлел: 1269 жылы көктемде өткен Талас құрылтайы. Бұл жиынның нәтижесінде, Ұлық ұлыс алғаш рет дара билік құру құқына ие болды. Бұл оқиғаның ұлт тарихында орны зор екенін жорықшылар жергілікті тарихшы – ғалымдармен пікір алмасу барсында аңғарды. Сонымен қатар қос облыстың тарих-өлкетану музейлері ғылыми-мәдени шараларды, әсіресе Жошы ұлысының тарихи мұраларын зерттеуде бірлесіп жұмыстар жүргізуге негізделген мемарандумға қол қойды.

Келесі кезекте қасиеті Түркістанға табаны тиген жорықшылар Отырар қалашығы, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы тарихи ескерткіштерді аралап, шаһардың келбетіне айналған «Керуен сарай» кешенін тамашалады. Одан кейін Қызылорда өңіріне тұяқ іліктірген экспедиция мүшелері Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ қалашығына тоқайласып, өлке  тарихымен, соның ішінде жаңадан археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан өңірдегі зерттеу шараларымен танысты.

«Ұлт тарихының ұйығы – Ұлытау» дегендей мұнда келген жорықшылар Жошы хан мен Алаша хан кесенелерін аралап, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы мен «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің қызметкерлерімен кездесу өткізді. Бас қосу барысында тарихшы-ғалымдар Ұлытау өңірінің Жошы ұлысы тарихындағы орны мен маңыздылығына ерекше тоқталып өтті. Сондай-ақ, ол жерде ұлыс тарихын зерттеу, насихаттау бойынша бірқатар тың ұсыныстар айтылды.

Кезекті нысана Атырауға аялдаған экспедиция мүшелері алдын ала жоспарланған тақырып бойынша облысаралық мекемелердің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Шара барысында ғалымдар баяндама жасап, жиын соңында Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейлері арасындағы меморандумға қол қойылды. Іс-шара соңында Жошы ханның қызы Болған анаға арналған экспозициялық көшпелі көрменің таныстырылымы өтті.

 з

Экспедиция мүшелері Сыр елінде

 

Елорда төрінде тоқайласу

Жоғарыда айтқанымыздай, алты облыстың жеті мың шақырым жолын 11 күнде басып өткен жорықшылар 1 қазан күні елорда төріндегі Ұлттық музейде тоқайласып, баспасөз жиынын өткізді. Мұндағы мақсат – экспедиця мүшелері жорық кезінде не көрді, қандай ой түйді, осыны көпшілік назарына ұсыну екені анық. Сонымен қатар, тарихи сапар қортындысы негізінде, Қазақстан қоғамына Президентіміз тарапынан ұсынылып отырған «Жошы ұлысының 800 жылдық тарихы» тақырыбы аясында ғылыми сараптамалар жасалып, Ұлық ұлыс руханияты кейінгі Қазақ хандығының әдебиетіне, мәдениетіне, тарихына қалай әсер еткенін ғылыми – сараптамалық тұрғыдан пайымдау қажет екен даусыз.

Өз басым экспедиция бұл үрдістен шықты деген пайымдамын. Оған дәлел маңызды жиында ашып кіріспе сөз алған Қарағанды облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов: «Бұл экспедиция Жошы ұлысы мен Алтын Орда дәуіріндегі Қазақстан тарихи ескерткіштерін насихаттауға  мүмкіндік бергенін ерекше атап өтуіміз керек. Бүгін Астана төріндегі Ұлттық музейде тарихи ұлы сапарды сіздермен қорытындылауға жиналып отырмыз», десе, экспедиция мүшесі танымал археолог, тарихы ғылымдарының докторы Мадияр Елеуов: «Әйгілі Жошы ұлысының құрылған жерінен бастап, аралап көрдік. Жалпы ортағасырлық ескерткіштердің тарихи маңызын зерттеу арқылы көптеген ақтаңдақтардың бетін ашамыз. Экспедицияның басты идеясы да осы еді. Демек, бұл тұрғыдан экспедиция мақсатына жетті», дей отырып, өз тарапынан жиналған көпшілікке жеке ұсыныстарын жеткізді.

Мадияр Елеуұлы: «Біріншіден, экспедиция тек Қазақстан аумағына ғана емес, алыс-жақын шетелдерді де қамтитын халықаралық дәрежедегі іс-шараға айналдыру керек. Екіншіден, экспедиция құрамына әр сала бойынша маманданған өкілдер, мысалы, этнография, мәдениет, өнер саласындағы білікті мамандарды да тартқан дұрыс», деген пікір білдірді.

Сондай-ақ Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас маманы, белгілі археолог Дөкей Талеев: «Жошы Ұлысының тарихы жайлы сөз болғанда Жібек жолының бойында тұрған ортағасырлық қалаларды айналып өте алмаймыз. Мәселен біз ат басын тіреген Қышқала кенті Жошы ұлысы заманында теңге соғатын шеберханасы бар, сауда-экономикалық қатынастары дамыған мәдени орталықтардың бірі болған. Осы қатарға Сыр бойында тұрған Сығанақ, Жент, Жанкет сынды тарихи нысандарды қосуға болады. Ендігі жерде осы ескерткіштерді кешенді зерттеуді, оны туристік нысан ретінде дамытудың жолдарын жетілдіруді ұсынамын», десе, қарағандылық өлкетанушы  Асылбек Алтынов мырза, аталмыш экспедицияның ұйымдастырылуы мен жоспарлы іс атқаруы өте жоғары деңгейде өткеніне ризашылығын білдіріп, барлық қатысушыларға һәм жетекшілік еткен мамандарға, қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғысын жеткізді.

Маңызды бас қосудың мәртебелі мейманы бауырлас Түркия елінен келген археолог Чобан Гүлшах болса: «Мен Қазақстан аумағында Жошы ұлысына қатысты осынша көлемдегі тарихи нысандар бар екенін оқып, біліп жүрсем де оны көзбен көріп, жаныңмен түйсінудің жөні бөлек екен! Қазақстандық ағайындардың Жошы ұлысының тарихын ұлықтау жолындағы қажырлы еңбектеріне жеміс тілеймін», деген жүрекжарды лебізін жеткізді.

Жиын соңында арнайы уақыт шығарып, экспедицияға қатысқан мамандар жорық жолынан алған әсерімен, сырлы естеліктерімен бөлісе отырып, Жошы ұлысының тарихына қатысты тың мәліметтерді ортаға салып, пікір алмасты. 

 дщ

Ұлттық музейдегі жиын

щ