Суретті түсірген – автор
Жыл сайын қыркүйектің шуақты күні аймақтың ақын-жазушылары мәре-сәре болысып, Оралхан Бөкей атындағы кітапханада бас қосады. Байқауда топ жарған қаламгерлерге құрмет көрсетеді. Салтанатты жиыннан соң, жүлдегерлер әдеттегідей жазушының туған жері Шыңғыстайға сапарлайды. Бұл жолы да «Қайдасың, Шыңғыстай?» деп жолға шыққан.
Марапаттау рәсімі басталмас бұрын жиналған қауым жазушы туралы деректі фильмді тамашалады. Экраннан 37 жыл бұрын драматургия туралы айтқан сөзін тыңдады. Жазушы Әлібек Қаңтарбаев сөз сөйлеп, драматургияға қалам сілтеп жүрген жастарға ризашылығын білдірді. Оралхан туралы естелік айта келе, келесі жылы Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына дайындалуымыз керек деп, басшылардың есіне салғандай болды. Басшы демекші, Оралхан Бөкей атындағы байқауға жыл сайын қолдау көрсетіп, жоғары деңгейде ұйымдастыруға тікелей үлес қосып отырған Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар марапаттау рәсіміне арнайы келді.
«Оралхан Бөкей – әлемдік әдебиетте ойып тұрып орын алған қаламгер. Жазушының атында ұйымдастырылып жатқан байқауға қатысқан қаламгерлердің барлығына шын ризашылығымды білдіремін. Ал жүлде алған жазушы-драматургтерді құттықтаймын!» деді қала басшысы Жақсылық Мұқашұлы.
Естелік, лебіздерден соң, марапаттау рәсімі басталды. Өскемендік журналист Әділ Әуезхан «Қылбұрау» атты екі бөлімді драма-диалогі, Айдана Имашпаева «Өмірімнің нұры» драмасы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазақ филологиясы факультетінің студенті Айсұлу Әділбек «Армансыздың аһ ұруы» драмасы үшін Өскемен қаласы әкімінің Алғыс хаты және ынталандыру сыйлығы – 200 000 теңгенің сертификатымен марапатталды.
ІІІ орынды олжалаған алматылық Әлібек Байболдың «Бала. Отбасы. Үшеу» драмасы Өскемен қаласы әкімінің дипломы және 700 000 теңге сертификатқа ие болды. ІІ орын «Жалғыздық серті» атты драма жазған Айзат Рақышқа бұйырды. Сонымен қатар 500 000 теңгенің сертификаты берілді. Ал І орынды Павлодар қаласынан келген Жантас Еркінұлы еншіледі. Оның жүлде қоры 800 000 теңге. Бас жүлде – 1 миллион теңге ақтөбелік қаламгер Бақыт Жалиеваға бұйырды. «Марианна» деп драма жазған қаламгерге Оралхан Бөкейдің бейнесі бедерленген ескерткіш табыс етілді.
«Бас жүлде бұйырады деп ойламаған едім. Қазылардың көңілінен шығып, жоғары баға бергендеріне алғысым шексіз. Шынымды айтсам, Оралхан Бөкей атындағы байқауға Шыңғыстайға бару үшін қатыстым», дейді ақтөбелік жазушы Бақыт Жалиева.
Иә, Шыңғыстайды аңсап келетіндер көп. Ондағысы, Оралханның үйіне барып, жазушы жүрген жерді бассақ дейді. Айтып өткеніміздей, бұл жолы да бір топ қаламгер жазушының туған күні қарсаңында ауылына, Алтайға аттанды. Шыңғыстайға жетеберістегі Оралханның талай шығармасына арқау болған Күркіреме өзеніне тоқтап, беті-қолдарын шаяды. Бас шайқап отырып, «Ұйқым келмейді», «Сайтан көпір», «Қасқыр ұлыған түнде» сынды шығармаларын талдайды. Шыңғыстайға кіргенде Оралхан әлеміне енгендей күй кешеді. Музейін аралап, қаламгердің шығармашылығымен етене таныса түседі. Сөйтіп, Шыңғыстайдан шабытпен қайтады. Демек үйді-үйіне жете сала қолына қайта қалам алары анық.
Шығыс Қазақстан облысы