Он үш баланың кенжесі Мигель Руис Мексиканың көне ауылындағы төлтек дәстүрін ұстаған емшінің отбасында дүниеге келеді. Айта кетейік, бұл төлтек – көне үндіс жұртынан шыққан юто-ацтектің бір жұрнағы. Кейіннен көлік апатына ұшырап, ажал аузынан аман қалған ол жаратылыс туралы ойдың тұңғиығына батып, ақиқатты іздейді. Анасының көмегімен ежелгі бабалар салтына түсіп, төлтектер даналығы арқылы физикалық ғалам мен ақыл-ойдың виртуал әлемін терең түсінуге зейін қояды.
Әңгімемізге арқау болмағы, Мигель Руистің «Төрт келісім» кітабының бір парасы. Нақтырақ айтсақ, екінші келісім – «Ештеңені өзіңізге қатысты деп қабылдамаңыз» бөлімі. Талапты ердің ақылына салмақ салар бұл тарауда рухани ұстаз елеулі ұстынды тарқатады. «Өзге жұрт не істесе де, не айтса да, не ойлап, не сезінсе де, оны өзіңізге қатысты деп қабылдамаңыз. Егер сізге керемет жан екенсіз десе, оны сіз үшін айтпағаны. Тіпті біреу қаруын кезеніп, басыңыздан атып жіберсе де, оның сізге еш қатысы жоқ». Яғни айналадағы әрбір адам өзінше нұрлы, өзінше дертті. Егер сізге күлсе, өз әлемінің сәулесінен хабар бергені, егер жыласа, өз ішіндегі үдерісті жеткізгені. Егер сізді тілдесе, ол да сізге қатысты емес дегенді айтады төлтектердің ұрпағы. «Қайда барсаңыз да, жалған айтатын адам табылады, соны тереңірек түсінген сайын сіз де өзіңізге жалған айтып жүргеніңізді байқайсыз. Жұрттан шындықты айтады деп күтпеңіз, өйткені олар ең алдымен өзіне жалған айтады. Сіз өзіңізге сенуіңіз керек, ал естігеніңізге сену-сенбеу өз еркіңізде. Басқа адамдарды қандай болса, сол қалпында көріп, өзімізге еш қатысы жоқ деп қабылдасақ, олар бізге сөзімен де, ісімен де зиянын тигізе алмайды» дейді кітапта.
Төлтектер даналығының білгірі, екінші келісім арқылы әркімді өз өмірін сүруге үндейді. Расында, адамда өзіне қатысы жоқты қабылдамайтын әдет қалыптасса, көптеген жағымсыз жағдайлардан құтылары даусыз.