Президент • 03 Қазан, 2024

Мемлекет басшысы: Депутаттардың біліктілігін арттыру қажет

133 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Президент мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы: Депутаттардың біліктілігін арттыру қажет

Фото: Ақорда

«Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсынған партиялар мүдделі болуы керек. Бүгін мәслихат депутаттарының біліктілігін жетілдіру туралы ұсыныс айтылды. Мәслихат депутаттары қызметінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет. Бұған Мемлекеттік басқару академиясын тарту керек. Партиялар өз депутаттарының біліктілігін жетілдіру мақсатында Академиямен ынтымақтастық орнатқаны жөн деп санаймын. Әрине, бұл жұмысты аймақтың ерекшеліктерін, халық қалаулыларының кәсіби және қоғамдық-саяси тәжірибесін ескере отырып ұйымдастыру қажет» деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге тиіс.

«Сонымен бірге депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс. Мойындауымыз керек, бұл істе көзге көрініп тұрған кемшіліктер бар. Атап айтқанда, мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдындағы есебі көбіне формальді түрде өтеді. Мұндай кездесулерге тыңғылықты дайындалып, сапалы өткізуге ерекше мән берген дұрыс. Саясат дағдыларын меңгеру, адамдармен сөйлесе алу және ашық диалог кезінде өз ұстанымын дәлелдей білу өте маңызды» деді Президент.

Президент мәслихат депутаттарына Мәжілістен үлгі алу керектігін айтты.

«Осылайша мәслихаттар жария саясаткерлердің жаңа толқынын қалыптастыратын орынға айналады. Сонымен қатар мәслихат депутаттары азаматтар көтеретін мәселелерді бақылауда ұстауы қажет. Жергілікті атқарушы органдарға ықпал ету үшін өз өкілеттіктерін барынша пайдалануға тиіс. Үнемі сындарлы пікірталастар өтіп, нақты шешімдер әзірленетін Мәжілістен үлгі алу керек», деді Мемлекет басшысы.