Қоғам • 04 Қазан, 2024

Музей майталмандарының мерейі

47 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, кеудесінен көріктей қайнатып ғибрат төккен қарттарымыз қашанда тәрбие өзегі. Қариялар еліміздің тарихына, өсіп-өркендеуіне, болашағына мол үлес қосқаны анық.

Музей майталмандарының мерейі

Ұлттық музейдің 10 жылдық мерейтойы мен «Күміс жас» жобасы аясында музей ісі ардагерлерінің қатысуымен Қарттар күніне арналған «Қарттарым – асыл қазынам» атты салтанатты іс-шара өтті. Оған «Қамқор отбасы», «Шаңырақ» қарттар үйлері, «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарынан зейнет жасындағы қариялар қатысты.

Мереке қарсаңында тұсауы кесіліп отырған «Күміс жас» жобасы еліміздің тарихи-мәдени мұрасын насихаттап, зейнеткерлерге жан-жақты қолдау көрсету, бос уақыттарын пайдалы, тиімді өткізуге, қызықты шаралар ұйымдастыруға бағытталып отыр.

Ұлттық музейдің ғылыми хатшысы Саялбек Ғиззатов қонақтарды төл мерекесімен құттықтап, «Күміс жас» жобасын аға буын мен жас ұрпақ арасындағы алтын көпір дей келе, игі бастамаға сәттілік тіледі.

– Бүгінгі айтулы іс-шарамен қа­тар Ұлттық музейге 10 жыл толды. Басқосудың тағы бір себебі, «Күміс жас» жаңа жобасы­ның тұсаукесеріне куә болып отыр­мыз. Іргелі жобаның басты мақ­саты, өзіміздің зейнетке шыққан ардагер­лерімізге, олардың басын қосып саламат­ты өмір салтын ұстануға, му­зей­дің шығармашылық әлеуетін одан әрі дамытуға атсалысу екенін айта кеткен жөн. Жоба аға буын мен жас ұрпақтың арасындағы алтын көпір іспеттес болғалы тұр. Атақты фран­цуз жазушысы Андре Моруа «Батылдық, еркіндік өлгенде, қарттық дүниеге келеді» деген екен. Сіздер батыл, еркін басып жүре беріңіздер, жас ұрпақ соңдарыңыздан ере берсін», – деді ол.

Мұнан соң іс-шараға келген құр­метті қонақ, музей майталманы Са­хан Асайынқызы сөз сөйлеп, музей қыз­меткерлерінің сый-құрметіне алғысын білдірді.

– Он жыл бұрын осы музейдің шаңырағын көтереміз деп бәріміз атсалысқан болатынбыз. Сол жылдардан бері ұлттық бірегей шаңырақ жанданып, жаңа белестерге қол жеткізді. Музей саласында 1967 жылдан бері еңбек еттім. Еліміздің тарихи мұраларын, жәдігерлерін таныту, оларды зерттеу – үлкен, қомақты шар­уа. Осы жолда еңбектеніп жүр­ген әрбір қызметкерге тек табыс тілей­мін,– деді Сахан Асайынқызы.

Мерекелік дастарқан басында викториналық ойындар ойнатылып, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бекболат Байсағатов пен музей қызметкерлері қонақтарға өнер көрсетіп, сыйлық табыс етті.