Сурет: ru.freepik.com
Кейінгі жылдары Оңтүстік Кореяда бала туу көрсеткіші төмендеп кеткен. Өйткені баспана қымбат. Баланы бағып-қағу шығындары да аз емес. Салдарынан жастар мансап қуып, сәбилі болуға асықпайтын көрінеді. Осыған байланысты билік отбасын құруға ынталандыратын арнайы бағдарламаларды іске қосқан. Мәселен, жалғызілікті жандар арасында кездесу ұйымдастырылады. Егер қарым-қатынасын жалғастыратын болса, оларға ақша төлейді. Бұған қоса баспана сатып алу, үй жалдап тұруға да қаржылай көмек бар.
Ресейде де бала туу деңгейі төмендегендіктен, демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында ел үкіметі жас отбасыларға көбірек көңіл бөліп жатыр. Тіпті кей шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер жұмысқа тек жас отбасыларды қабылдайды. Сондай-ақ Дума депутаттары ұзақмерзімді неке үшін арнайы төлемдер енгізуді ұсыныпты.
Швецияда жастарды балалы болуға ынталандыру үшін немерелерін бағып отырған ата-әжелеріне мемлекеттен ақшалай жәрдемақы тағайындалған. Осылайша, жастар еңбек нарығында қалып, әлеуметтік қажеттіліктерін алаңсыз өтейді. Тиісті заң биыл жазда күшіне енген. Жаңа ережеге сай, ата-аналарға 45 күнге дейін ақылы демалысын баланың заңды қамқоршысы емес адамға аударуға мүмкіндік беріледі. Жалғызілікті ата-аналар бір балаға 480 күндік ақылы демалыстың 90 күнін аудара алады. Бүгінде 2 мыңға жуық швед азаматы заң ұсынған мүмкіндікті пайдаланған.
Швецияның әлеуметтік сақтандыру агенттігі өкілінің айтуынша, жаңа заң ата-аналардың жұмыс пен жеке өмірі арасындағы тепе-теңдікті жақсартуға, гендерлік теңдікті нығайтуға бағытталған.
«Бұл бүкіл Еуропа үшін жақсы үлгі бола алады деп ойлаймыз. Осылайша, жастарды балалы болуға, сондай-ақ еңбек нарығында қалып, белсенді жұмыс жүргізуге ынталандыруға болады», деді елдің Әлеуметтік қамтамасыз ету министрі Анна Тенье.
Ал біздің елімізде кейінгі 5 жылда ажырасу көрсеткіші 48 пайызға азайған. Бұған қоса сүрбойдақтар да көбейді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр республикада 120 мың неке тіркелген. Отбасын құрушылар 2022 жылмен салыстырғанда 6%-ға аз. Үйленуді емес, әуелі үйлі болуды мақсат тұтқан ер-азаматтардың дені – 32-35 жаста, бұрымдылар 30-ға тақап күйеуге шығуға тырысады. Көпшілігі жас ұлғайған сайын денсаулықтың сыр беретініне назар салмайды. Салдарынан елімізде жастар денсаулығының әлсіздігінен, экологияның нашарлауынан нәресте сүйе алмай жүрген ата-аналар саны көбейген.
Бұл мәселені шешу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылды. Қазіргі таңда жоба аясында 21 мың әйелге көмек көрсетілген. Квота алған 8 мың әйел экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы бала көтерген. Нәтижесінде, 7 мыңға жуық сәби дүниеге келді. Бастама 2030 жылға дейін жалғасады. Өйткені Мәдениет және ақпарат министрлігінің зерттеуі бойынша, ерлі-зайыптылардың 20%-ы бала сүйе алмағандықтан ажырасады екен. Сондай-ақ шаңырақтың шайқалуына тұрмыстық зорлық-зомбылық, опасыздық, лудомания, ішімдік пен нашақорлық себеп болып отыр.