Кәсіпкер • 05 Қазан, 2024

«Дамудың» демеуі

68 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Даму» қоры биыл өңірде 790 жобаға субсидия беру туралы келісім жасады. Жалпы несие құны 31 млрд теңгені еңсерді. Облыста 2010 жылдан былтырға дейін мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер 11,3 мың жаңа жұмыс орнын ашқан.

«Дамудың» демеуі

«Олар бюджетке салық тү­рін­­де 552 млрд теңге төледі. «Даму» қоры шағын және орта бизнесті қол­дау үшін бірқа­тар бағдарламаны, оның ішін­де облыс әкім­дігімен бірле­сіп, «Кәсіпкер» аумақтық бағ­дар­­ламасын белсенді іске асырып жатыр», дейді қор­дың аймақтағы филиалының директоры Әсет Тілемі­сов.

Жеке кәсіпкер Никита До­рош бірнеше жыл бұрын «Neyshes Boots» брендімен аяқкиім шы­ға­ратын кәсіп­орын аш­қан. «Дамудан» алған қаражат жас биз­несменге тиімді несие рәсім­деп, өндірісін кеңейтуге екпін берді.

«Біз нағыз былғарыдан аяқкиім тігіп, оны сатумен айналысамыз. Ең алғаш мұндай аяқкиімді Алматыдан тауып, сатып алдым. Соны тұтынып жүрдім. Кейін неге өңірімізден осындай кәсіп ашпасқа деп ойландым да, тәуекел еттім. Шеберлер таптым. Шаруамыз жаман емес. Таза былғарыдан тігеміз. «Даму» қорының көмегі кәсібіме жаңа тыныс әкелді. Олардың мұндай мүмкіндігін үш жылда үш мәрте игілігіме жараттым. Қажетті жабдықтар алдық. Материал қорын байыттық», дейді «Dorosh» компаниясының басшысы Никита Дорош.

Кабель өткізетін арнайы қорап өндіруге маманданып алған «Profland-RT» ЖШС компаниясы 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Жыл сайын 5 мың тонна өнімін нарыққа шығарады. 2022 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы негізінде кәсіпорын жаб­дықтарын сатып алу және өнді­ріс­тік базаны жөндеуге 6 пайызбен, «Даму» қо­рының кепілдігімен екінші дең­гей­дегі банк арқылы 149 млн теңгеге екі кре­диттік транш алады. Екі жылдан кейін бір­ыңғай кешенді бағдарламаның арқа­­сында компания банк арқылы айна­­лым қаражатын толықтыру мақса­тын­­да қаржыландырылды. Пайыз­дық мөлшерлеме 8 пайыз­ға дейін тө­мен­детіліп, «Даму» қорынан кепілдік алды.

«Компаниямызға 18 жыл толды. Күн электр стан­саларының құры­лы­сына, кабельдік науа­ларға, қосал­қы құры­лым­дарға арналған металл профиль өндіру­мен айналысамыз. Өнім ассор­тименті үлкен. Өндірісте шамамен 70 адам жұмыс істейді. Айналым қаражатын және инвес­ти­­ция­лық жобаларымызды несиелеу үшін «Дамуға» жүгініп, соның арқасында өнім қуатын арттырдық», дейді «Profland-RT» ЖШС директоры Артем Слесаренко.

Топардағы «AAA LLP» ЖШС жылыжайы заманауи агротех­ни­калық әдістер мен технологияларды қолдана отырып негізінен қияр мен қызанақ өсіреді. Биыл Топар жылыжайы банк арқылы айналым қаражатын жылдық 10 пайызбен толықтырайын деп екі транш алады. Оған «Даму» қоры 84 пайыз көлемінде кепілдік береді.

«Даму» қорының, басқа да мемлекеттік бағдар­­ла­ма­лар­дың қолдауымен кеңеюді жос­пар­лап отырмыз. 16 көкөніс түрін өсіреміз. Қиярдан бастап аскөк­ке дейін. Бүгінде жылыжайы­мызда 300-ге жуық адам жұмыс істейді. 6 000 тонна­дан астам өнімді нарық­қа шығарамыз», дейді «AAA LLP» ЖШС директоры Абдурауф Абдумавлонов.

 

Қарағанды облысы