Аймақтар • 05 Қазан, 2024

Мал азығы жеткілікті

46 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төрт түлікті өрісте өргізген шаруалар қыс пен көктем мезгі­лінің қабағын бағып, уақыты келген кезде мал азығын молынан жинап алуға ден қояды. Қиындыққа толы талай жылды бас­тан өткерген шаруалар биылғы ауа райының қарайласқанына шүкіршілік айтып отыр.

Мал азығы жеткілікті

Ауыл шаруашылығы басқар­масы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, биыл 523,4 мың мүйізді ірі қара, 3,8 млн уақ мал, 184,9 мың жылқы және 7,7 мың түйе қыстауға түседі. Шаруалардың уақтылы қамдануының арқасында өңірде жемшөп қоры жеткілікті деңгей­де жиналған. Мал азығын да­йын­дау жұмыстары уақтылы әрі қарқынды жүргізілген. Бұл іске он ауданның жергілікті атқарушы билігі де жұдырықтай жұмылған.

«Өңір бойынша 2,6 млн тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 88 мың тонна сүрлем, 470 мың тонна сабан, 353 мың тонна құнарлы жем дайындау жоспарланған еді. Уақтылы басталған бұл жұмыс өз нәтижесін беріп отыр. Қыркүйек айына дейін 303 мың гектар жердегі шөп шабылып, қажетті 2,6 млн тонна пішен, 99 мың тонна пішен­деме, 472,4 мың тонна сабан жиналды. Бұдан бөлек, мал азығы ретінде 152,8 мың тонна дәнді дақыл бөлінді. Сүрлем жинау жұмыстары да жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр», дейді Т.Құлекеев.

Мал баққан шаруалар былтыр әр малға 12 центнерден мал азығын жинаған. Соған қара­мас­тан жамбылдық шаруалар қаһарлы қыс мезгілінен қысыл­май шықты. Ал биыл әрбір шарт­ты малға 19 центнерден мал азы­ғы дайындалып жатыр. Әзір­­лен­ген мал азығының басым бө­лігі қыстау орындарына жет­кі­зілуде.

Арнайы құрылған жұмыс тобы барлық ауданға жұмыс сапарымен барып, дер кезінде жиналған жемшөп қорына зерделеу жұмысын жүргізеді екен. Өңірде бір түп пішен 500-650 теңге аралығында сатылса, құнарлы жемнің бір килосы 60-68 теңге көлемінде өткеріліп жатыр.

Өңір бойынша 5 862 мал қыс­тату орны бар. Аталған қыс­тақ­­тардың 1 202-сі шалғайдағы жайы­­лымдарда орналасқан. Мал­шы­ларға арналған 5 564 тұрғын үй жөндеуден өткізіліп жатыр. Бұл үйлер аз күн ішінде мал­шы­­ларды қабылдауға толық­тай ­да­йын болады.

Ал мал азығы бағасының не­гіз­сіз көтерілмеуін өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің өзі жеке қадағалауына алып отыр.

 

Жамбыл облысы 

Соңғы жаңалықтар

Серіктестік құқы қорғалды

Инвестиция • Кеше

Тұмаудан амансыз ба?

Денсаулық • Кеше

«Cyberpol»-ға жұмыс көп

Құқық • Кеше