Ең қысқа әңгіме • 05 Қазан, 2024

Қайдасың, қазақы «шагом марш!»

295 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Пойызға отырдық. Бағыты­мыз – «Астана – Шымкент». Купе. Мен кіргенде іште қазақтың жа­сы жетпіске жақындаған қара­пайым қариясы мен жас жігіт отыр. Сыпайы амандастық. Олар мен келгенге дейінгі өзара әңгімелерін жалғастырды.

Қайдасың, қазақы «шагом марш!»

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қария:

– Рахмет, айналайын. Бір ауыз сөзімді жерге тастамадың. Ой­пырым-ай, мына үстіңгі орын­ға мініп-түсуді уайымдап ке­ліп едім. Өзің сияқты жас жігіт­тің, жас болғанда да үл­кен­ді құрметтей білер адам­ның жо­лыққанына мұндай қуа­нар­мын­ ба? – деді.

Әлгі жігіт жік-жаппар болып:

– Иә, ата, үлкенді сыйлаймыз ғой. Мұны бір үлкен жақсылық деп ойламаңыз, бізге не, үстіңгі орынға қарғып мініп, секіріп түсе береміз ғой, – деді.

– Жолға шықпасқа амалым қалмады. Туған құдамның інісі, ол да құдам ғой, кенеттен қайтыс болып... Үй ішімізбен апыл-ғұпыл пойызға билет іздегенде табылғаны осы үстіңгі орын болды. Кемпірім де әулие екен, «үстіңгі орын деп қорықпа, бір мұсылман баласы кездесер, астыңғы орнын берер, тәуекел», деп еді, айтқаны дәл келді, – деді.

Олардың әңгімелерінен ұқ­қаным – қарияның өтінішімен өзара орын ауыстырған. Өз өті­нішін қабыл алған жас жігітке қария риза. Елпілдеген ол да қарияның пейіліне мәз.

Сөз арасында жігіттің «ой, ата, біз секілді балаңызбен жасты адамға мұндайда өтініш айтпай-ақ, «қане, орынды босат!». Бауыр­жан атамызша айтқанда, «шагом марш» деп бұйрық берсеңіз де жарасады ғой», деп одан сайын кішіпейілділік жасағаны қария түгілі әңгімеден тыс тұрған маған да ерекше әсер етті.

Қария:

– Ой-хой, дүние-ай десей­ші... Бұрынғы кезде өзіңнен кіші кез келген адамға «шагом марш» деп айта беруші едік, қазір абайламасаң сөз естіп қаласың. Кезінде әлгі сен айтқан «шагом маршты» өзіміз де талай естідік қой. Үлкендер не айтса, елпең қағып кете беретін едік. Тіпті кей­де «шагом маршты» естімей қал­сақ, соны сағынатынбыз. Ал қа­зір түсінік бөтен. Әрине, бар­лығын жазғыра алмайсың. Деген­мен, қария көрсе одан қан­дай да бір өтініш болып қал­маса екен деп анадайдан сақ­танып жүретіндер көп. Қазір үлкендер жағының үні пәс. Өйткені олар «мен қария­мын, өзімнен кішілер маған құрмет көрсетуге тиіс, сөзімді жерге тас­тамауы керек» деген ұғымның қоғамда сүлдері ғана тұрғанын іштей мойындайды. Сондықтан қариялар жалтақ. Сенің маған орыныңды босатып бергеніңе балаша қуанып тұрғанымның өзі осының бір кішкене көрінісі сияқты. Танымайтын мені үлкен деп сыйлағаныңды қалыпты жағдай деп қабылдай алмай тұрмын. Мұның өзі көп жайтты аңғартады. Қоғамда осындай ахуалдың қалыптасуына үлкен буынның да қосқан «үлесі» аз емес. Мұны мойындау керек. Біздің буын өз ортасында еркін түрде «шагом марш» деп айту құқығынан айырылып қалған, балам, – деді күрсініп.

Қарияның көпті көргені, көкейіне тоқығаны мол екені анық байқалып тұр.

Менің орным астыңғы еді. Пойыз әлі қозғалған жоқ. Төртінші жолаушы әлі келмеген. Кімнің «бұйыратыны» белгісіз. Пойыз жүруге бес минут қалғанда біз күткен төртінші жолсерігіміз де амандық-саулық сұрау жоқ, ішке шікірейе кіріп келді. Егде тартқан, жасы әлгі қариямен құралпы, түсі сұсты. Қазақ. Бұрын әжептәуір шенеунік болғаны байқалады.

Іштегі үшеуміз оның сәлем­деспегеніне қараған да жоқпыз, жамырай «ассалаумағалейкум» айттық. Оны өзіміздің сәлеміміз­ге жауап қатуға мәжбүр еткендей болдық. Ол ықтиярсыз ернін жыбырлата жауап қатқансыды. Оныкі үстіңгі орын. Ол маған әй-шай жоқ, «ай да марш!» мына астыңғы орынға мен жай­ғаса­мын» демесі бар ма? Оның маған «өткізіп қойғаны» бар еді, ол – үлкендігі... Адамша өтініш айтса, бір сәрі. Мына баса-көктеуді қабылдай алар емеспін. Әлгі кісі бастырмалатып барады. «Давай, вставай, босат», деп дігірлейді. Бірінші кездескен екі көршімнің араларындағы сыпайы, жарасымды қатынас менің пешенеме жазылмай тұр.

Қырсығып, қарсылық білдір­сем деген ой да қылаң берді. «Бұл неге сонша басынады?» деген сұ­раққа жауап іздеудің соңы ашу-араздыққа ұласары сөзсіз. Бірақ мұның «ай да маршы» қазақылықтан «жұрдай» екенін ішім сезіп тұр. Сондықтан ішкі әлемім бейтаныс қарияның мына қадамын қабылдай алар емес. Қазақы үлкендік назбен айтса мейлі ғой. Әйтпесе, нем бар? Мұның «ай да маршының» табиғаты басқа. Оның баса-көктеуінен үлкендігін білдіріп еркінсудің, қазақы жарасымды өзім­шілдіктің жұқанасы ғана бай­қалды. Маған оның бұйры­ғы менсінбеушіліктен, тәкап­парлығынан, өзін жоғары санай­тынынан, бұрын бір дөкей болға­нын сездіріп, онысын бұлдай­тынынан туындағанын жүй­рік көңілім жазбай таны­ды. Жол бойында көңілім қате­лес­пе­ге­ні­не көзім біршама жеткендей де болды. Басқа қылықтарын айт­пағанда, қарсы бетінде отыр­ған өзі құралпы қарияға бар­ғанша шекесінен қараумен болды. Онымен әңгімелесуді өзіне лайық көрмегендей. Тісінің арасынан сыздықтап әрең шығатын сараң сөздерімен кезінде үлкен бір мекемені басқарғанын әу бас­та аңғартып қойған.

Қош, сонымен, «жарайды» дедім де, жоғарғы төсекке жай­ғастым.

Қазақы орта, қазақы қатынас «қаңғып» далада қалды. Қаңғы­май­ қайтсін, дәл ортасында ісі­­­ніп-кебініп «біреу» отырса. Қит етсең өзінің қиқарлығымен қиып түседі. Айтатын тыйым, ес­керт­песі бастан асады. Тым­ қы­ты­мыр. Шымкентке дейін бірге бар­дық. Болмыс бас­қа. Қайтесің, шы­дайсың. Шы­да­ма­саң­ «шагом марш!».

Жоғарыда айтылған осы бір көрініс бүгінгі қоғамымыздағы қатынастың бір сипатын бере­тіндей.