Биіктігі бір метрден асатын тұғырды толығымен үш метрге биіктетіп, оны гранит таспен қаптаған. Одан бөлек, ақын бюсті қола түсіне боялған. Ескерткіштің айналасы абаттандырылған. Маңайына тас төселіп, орындықтар, жарық бағандары мен жаңа қоршау қойылды.
– Сапалы материалдар пайдаланылды, күн батареяларымен қуаттанатын жарықтандыру және орындықтар орнатылды. Бұрын жазушының әке-шешесі тұрған үйдің аумағы да абаттандырылды. Қазір онда үйдің тек іргетасы ғана қалған. Енді тозған тұсы қайтадан құйылып, әктелді. Үйдің жанындағы мемориалдық тақта да жаңартылды, – дейді Ортау ауылдық округінің әкімі Досан Қуанышбек.
Қайта жаңғыртылған ескерткіштің салтанатты ашылуына орай белгілі ғалымдар, ақын, жазушылар жиналып, қайраткер рухына құрмет көрсетті.
– Осыдан он жыл бұрын Сәкен Сейфуллиннің 120 жылдық мерейтойы аясында Қарашілік қыстауында алғаш рет консервациялық және абаттандыру жұмысы жүргізілді. Қыстаудың орнын зерттеу барысында үйдің іргетасы толық ашылып, қайта қалпына келтірілді. Қыстауға консервациялық жұмыс жүргізіліп, толықтай қоршалып, белгітас қойылды. Биыл міне, Қарағанды облыстық маслихатының депутаты Рысқали Әбдікеровтің бастамасымен Сәкен Сейфулиннің 130 жылдық мерейтойына байланысты ақынның туған жері Қарашілік қыстауын да қалпына келтіру, абаттандыру жұмысын жүргізуге облыс бюджетінен 50 млн теңге қаражат бөлінді. Бұл жұмысты жүргізуге жобалық сметалық құжаттар дайындалып, барлық жұмыс осы құжат аясында атқарылды, – дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы Түлкібай Төлеуов.
Ең алғаш Сейфолланың Қарашілігінде һәм Ортау ауылында ақынның екі бірдей мүсінін қалыптаушы – суретші, мүсінші Жақсыбай Қалиақпар еді. Ол 1992 жыл-тын. Арада отыз жылдан аса уақыт озып, сұңғыла Сәкеннің сұлу бейнесі жаңа тастұғырға қонды. Енді баба рухына тағзым етуге келгендер Қарашілік қыстауының тұнып тұрған тарихымен таныса алады.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы,
Ортау ауылы