Ұстаз • 07 Қазан, 2024

Педагогтер әулеті

62 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Бұл әулеттегі мұғалімдер шетінен физик, мате­матик,арасында қазақ тілі мен әдебиетін таң­дағандары да бар» деп сырттан сипаттамасын естіген әулеттің өкілі Шайзат Тілеуованың ұстаздық өтіліне биыл 37 жыл толыпты. 1987 жылы Қызылорда қаласындағы қазіргі Қорқыт Ата атындағы университеттің физика-математика факультетін тәмамдаған жас маман туған ауылы Қоскөлге қайта оралған еді. Содан бері ешқайда табан аудармастан осындағы №11 мектепте еңбек етіп келеді.

Педагогтер әулеті

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ол алғашында математика­дан сабақ беретін, кейін мектеп­тегі маман тапшылығына бай­ланыс­ты химия пәні бойынша қайта даярлаудан өтті. Сөйтіп, қазіргі кезде екі пәнді қатар оқытып жүр.

Қоскөл – облыс орталығы­нан шалғайда орналасқан ауыл. Қазір қайта интернеттің кө­ме­­гі­мен алыс та жақынға айна­лып қалды. Әйтпесе, бұрын бас­қа әріптестермен тәжірибе ал­масу­дың өзі әжептәуір күш­ке тү­сетін. Облыс, аудан орта­лық­тарына жету қиямет бола­тын. Бүгінгі таңда ауылдың ір­ге­сінен Жезқазған-Бейнеу те­мір­­жолы өтіп жатыр. Бір жа­ғы бұл да жақсы болды. Әри­­не, қандай жағдай болса да, мұға­лімге жүктелетін мін­дет еш­­қашан жеңілдемейді. Шайзат Дүйсенқызы мектеп­тегі оқу ісінің меңгерушісі ретін­де әріп­тестеріне осыны үне­мі ескертіп отырады. Өйт­кені бүгінгі шәкірт – ертеңгі маман. «Шыбық­тың түзу өсуі – бағбанынан» десек, ұрпақ­тың заманға сай қалып­тасуы – ұстазы­нан.

Шайзаттың ойынша, ұстаз да үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Үздіксіз ізденіс, тыным­сыз еңбек қана мұғалімнің мерейін көтереді, абыройға жеткізеді. Ол «ұстаз дегеніміз – оқу­шыдан ешқашан білгенін іркіп қалмайтын, қолы­нан келген көмегін аямайтын адам» деп түсінеді. Соған өзі де лайықты болуға әрқашан ұмты­лады. Сол талпынысы текке кетіп те жатқан жоқ. Ол 2021 жылы «Халық алғысы», 2023 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Басқа да марапаттары қаншама.

«Менің мұғалім болуға, со­ның ішінде математика, физика пәндеріне деген қызығу­шы­лығыма үлкен тәтеміз Ақше­кеннің, ағам Боранбай мен жеңе­шем Роза Орынбетқызының ықпалы зор болды. Өйткені олардың бәрі де физик-мате­ма­тиктер-тұғын. Тіпті мен де олар оқыған институтта оқыдым. Ақшекен тәтем – Қызылорда облысындағы құрметті педагог­тер­дің бірі, қазір зейнеткер. Ол кісі Тасбөгет кентіндегі №172 орта мектебін 15 жыл бойы абыроймен басқарды. Соның алдында тәтеміз 13 жыл сол мектепте оқу ісінің меңгерушісі болған еді. Боранбай ағам мектепте 40 жыл ұстаз болды, қазір өмірден өтіп кетті. Ал Роза жеңешемнің де ұстаздық өтілі 40 жылдан асады», дейді Ш.Дүйсенқызы.

Бұл әулетті ұстаздар әулеті десе әбден-ақ жарасымды. Қа­зіргі кезде Жезқазған қаласы білім бөлі­мінде әдіскер болып қыз­мет істейтін Лаура Бо­ран­бай­қызының маманды­ғы – басқа ұлт мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні­нің мұғалімі. «Біздің әулет әрқашан білім саласымен тығыз бай­ланысты болды. Ата-анам бар­лық саналы ғұмырын өске­лең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу­ге сарп етті. Олар оқушылар­ға тек білім беріп қана қоймай, өмірде қажетті құндылықтар­ды сіңіруге тырыс­ты. Біз кішкен­тай кезімізден мұны көріп өстік. Менің бір өзгешелігім, әке-шешем физика-математика пәндерінің маманы болса, мен қазақ тілі мен әде­биеті пәні­нің мұғалімі болуды таңдадым», дейді ол.

Бір ғажабы, әулеттегі педагогтер қатарын шаңыраққа түскен келіндер де көбейтті. Келіндердің үлкені Гүлбану Алдашқызы – қазір Сәтбаев қала­сының Ә.Марғұлан атын­дағы №15 орта мек­те­бін­­де оқу ісінің меңгерушісі, педа­гог-зерттеу­ші. Басқа ұлт мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалі­мі болып істейтін Гүл­бану­дың еңбек өтіліне биыл 41 жыл толды. Ширек ғасырдан аса ұстаздық тәжірибесі бар Шынар Тұрмағанбетқызы да – осы әулеттің келіні. Ол Сәт­баев қаласы Ы.Алтынсарин атын­дағы №19 орта мектепте қа­зақ тілінен сабақ береді. Ал «мұ­ғалім келіндердің» кішісі Жазира Қонақбайқызы Қос­көлде тұрады. Оның Шайзат тәте­­сімен бірге ауыл мектебін­де, мате­матика пәнінің мұға­лімі болып келе жатқанына он жылдан асып барады.

Ел аузында жиі айтылатын «Ұстаз деген – ұлы болып туған­дар, ұлылықты ұлықтаған имамдар» дейтін сөз бар. Әсірелеп айтылғандай естілгенімен, бұл сөздің ақиқаттан еш алшақтығы жоқ десе де болады. Ұлы болып туып, ұлылықты ұлықтап жүр­ген педагогтердің ұясы іспетті Тілеуовтер әулетінің жалпы еңбек өтіліне биыл 220 жыл толды. Бірақ бұл олардың ұстаздық жолы­ның шегі емес екені анық. Өйткені өмір жалғасып жатыр.

 

Ұлытау облысы