Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
«Жұмысшы мамандықтары жылы» жай ғана ұран емес, нақты істермен, мемлекеттік қолдау құралдарымен көрініс таппақ. Атап айтқанда, алдағы жылы білім саласындағы бұрыннан бері кенжелеп тұрған техникалық және кәсіби білім саласы реформаланады. Осы кешенді жұмыс аясында 100 жылдық тарихы бар елдегі ең үлкен үкіметтік емес ұйым – Қазақстан оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы көптен бері көтеріп жүрген түйткілді мәселелер өз шешімін табады деп сенеміз. Бұл жолда білім саласында оңтайлы өзгерістердің жүзеге асуына Салалық кәсіподақ белсенділері өз үлесін қосуға дайын.
Президенттің еңбек адамының мәртебесін көтеру идеясы қызметкерлердің құқығын қорғаумен кәсіби айналысатын кәсіподақтардың маңызы мен рөлін арттырады. Кәсіподақтар әлеуметтік әріптестік жүйесі негізінде сала қызметкерлері – кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауда атқарушы билік органдарымен, жұмыс берушілермен сындарлы ынтымақтастық орнатуға қауқарлы ұйым екенін көрсетіп келеді.
Білім, ғылым, жоғары білім саласындағы әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту – кәсіподақ қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі. Тараптардың келісілген іс-қимылдары нәтижесінде барлық деңгейдегі әлеуметтік диалогтің салалық жүйесі құрылды әрі тиімді жұмыс істеп келеді. Мемлекет жүргізіп жатқан реформалар еңбек және әлеуметтік-экономикалық қатынастарда көрініс табатындықтан, жоғарыда аталған салалардағы инновацияларға байланысты әлеуметтік әріптестік аясындағы ынтымақтастық ерекше өзекті.
Салалық кәсіподақ пен елдің білім, ғылым, жоғары білім салаларында әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімдер жасалған. Cалалық деңгейде қызметкерлер үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі әлеуметтік әріптестік туралы келісімдермен жалақы, еңбек нормалары, жұмыс уақыты мен демалыс режімі, сондай-ақ сала қызметкерлеріне арналған еңбекке, әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерге қатысты басқа да мәселелер айқындалды. Әлеуметтік әріптестік аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Салалық кәсіподақ арасында меморандумға қол қойылып, тараптар профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми қызметкерлердің академиялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауда ынтымақтастықты нығайтып, күш біріктіруге келісті. Әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімнің күші құқықтық акт ретінде пандемия кезеңінде маңыздылығын көрсеткенін айрықша атап өткен жөн. Салалық келісімдерге сәйкес кәсіподақ мүшелерінің еңбек жағдайларының нашарлауына жол бермеу жөніндегі шаралар қарастырылып, сала қызметкерлерінің өмірлік маңызды әлеуметтік мәселелері, әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктерді сақтау және т. б. мәселелері шешіліп жатыр.
Қазіргі таңда Салалық кәсіподақ ұйымдарымен жасалған ұжымдық шарттар саны 7 119-ды құрайды. Кәсіподақтың ұжымдық-шарттық жұмыстары әлеуметтік әріптестік тараптары арқылы ұжымдардың тұрақты жұмысын қолдау, білім беру жүйесін одан әрі дамыту, қызметкерлердің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау жөнінде шаралар қабылдағанын көрсетті. Ұжымдық шарттардың мазмұны қызметкерлер үшін еңбек жағдайларын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі Әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімдердің ережелерін кеңейтеді. Сала ұйымдарының ұжымдық шарттарының мазмұнына жасалған талдау олардың көпшілігінде еңбек ұжымдарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі шаралармен қатар өмір сүру деңгейін, жұмыспен қамту, еңбекті қорғау, жалақыны уақтылы төлеу, қызметкерлер мен олардың балаларын сауықтыруды арттыру жөніндегі шаралармен қамтылғанын көрсетті.
Біз әлеуметтік әріптестік актілері арқылы әлеуметтік кепілдіктерді ұлғайту мәселелерінде айтарлықтай ілгеріледік. Егер, 2020 жылдың басында келісімдер мен ұжымдық шарттар бойынша әлеуметтік пакеттің жалпы сомасы 1 005 430 909 теңгені құраса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша – 7 097 070 871 теңге, яғни өсім шамамен 6 миллиард теңгеге жетті.
Кәсіподақтың қызметкерлерді қолдаудағы пәрменді құралдарының бірі – оларды құқықтық тұрғыда қорғау. Өткен жылғы деректерді сараласақ, салалық ұйымға кәсіподақ мүшелерінен 47 565 өтініш-шағым түскен. Өтініштердің ең басым бөлігі, яғни 17 440-і еңбекақы төленуіне, 3 764-і еңбек және ұжымдық шарт талаптарының орындалмауына байланысты. Кәсіподақ заңгерлері Келісу комиссияларында қараған жеке еңбек дауларының саны 547 жағдайды құраса, сотта кәсіподақ қызметкерлерге 42 жағдай бойынша құқықтық көмек көрсетілді. 2023 жылы құқықтық қызметтің көмегімен 32 заңсыз жұмыстан босатылған қызметкер – кәсіподақ мүшелері өз жұмысына қайта орналастырылды. Құқықтық қорғаудың ең тиімді және маңызды түрі – қоғамдық бақылау. 2023 жылы Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдары еңбек заңнамасының орындалуын қоғамдық бақылау бойынша 2 101 тексеру жүргізді. Бақылау барысында 3 727 еңбек заңнамасын бұзу фактісі анықталды. Оның 1 354-сі еңбекақыға, 857-і еңбек қатынастарын ресімдеуге, 354-і жұмыс уақыты мен демалыс уақытына қатысты. Еңбек заңнамасын бұзушылық құрылымындағы жалпы санының ішіндегі ең көп бөлігін еңбекақы төлеуді бұзу – 36,3% және еңбек қатынастарын ресімдеу – 23% құрайды. Кәсіподақтың құқықтық жұмысының тиімділігін сипаттайтын негізгі сапалық көрсеткіштердің бірі – кәсіподақ мүшелеріне заңсыз ұсталған немесе төленбеген қаражатты өндіруге көмектесу. 2023 жылы бұл көрсеткіш 694 928 734 теңгеге жетіп, құқықтық қызмет жұмысының экономикалық тиімділігі – 1 023 075 811 теңгені құрады.
Қазіргі таңда кәсіподақ құқықтық қызметті нығайту бойынша жұмысты жаңа деңгейге көтеріп отыр. Кәсіподақ үшін қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі еңбекті қорғау мәселелері әрдайым өзекті. 2019–2023 жылдары салада 108 қызметкер жазатайым оқиғалардан зардап шекті, олардың 10-ы қайтыс болды. Іс жүзінде өндірістік нысандары жоқ біздің сала үшін осындай жағдайлар болмауға тиіс. Бұл сандар жекелеген ұйымдардағы еңбек қауіпсіздігі мәселелерінің әлі бар екенін, бұған жеткілікті назар аударылмайтынын көрсетеді. Салалық кәсіподақ пен оның мүшелік ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер жұмыс істейді. Кейінгі бес жылда олар 19 171 тексеру жүргізіп, 8 011 заңбұзушылықты анықтады.
Біз бүгінгі таңда еңбекті қорғау жүйесі туралы салалық Ережені қайта қарап, мемлекеттік билік органдарының алдына еңбекті қорғауды өзекті мәселе ретінде қойып, еңбек қауіпсіздігі бағытындағы жұмысты жандандырып жатырмыз. Әлеуметтік саладағы әріптестермен бірлесіп, еңбекті қорғау бағытында қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, жүргізу бойынша жұмыс атқарып келеміз. Ортақ міндет – салада еңбек қауіпсіздігін сақтау, жұмыс орнында жазатайым оқиғаларды болдырмау.
Салалық кәсіподақ қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық мүдделері мен еңбек құқықтарын қорғау ісінде әлеуметтік диалогті одан әрі дамытуға мүдделі. Әлеуметтік диалог пен ұжымдық келіссөздерді кеңейту, әлеуметтік әріптестік пен ұжымдық-шарттық қатынастарды нығайтуда кәсіподақ рөлін арттыру, қозғалысын жаңарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Айгүл МҰҚАШЕВА,
Қазақстан оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы