Референдум 2024 • 07 Қазан, 2024

Референдумды әлемнің 30 елінен 177 байқаушы қадағалады

87 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елдегі жалпыұлттық рефе­рендумның өту барысын халықаралық 4 ұйымның өкіл­дері де бақылады. Атап айтсақ, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемле­кет­тері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнін­дегі кеңес. Олар арнайы бас­пасөз мәслихатында рефе­рен­дум учаскелерінде еш­қан­дай құқықбұзушылық тір­кел­мегенін мәлімдеді.

Референдумды әлемнің 30 елінен 177 байқаушы қадағалады

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Байқаушылар миссиясына Шан­хай ынтымақтастық ұйымы­ның 13 байқаушысы аккредиттелген. Референдум қарсаңында шетелдік делегат дайындықты баға­лау үшін Астана мен Ақмола облысында орналасқан бірқатар учаскелік референдум комиссияларына барған.

– Біз Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен Астанаға келдік және Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша рес­пуб­ликалық референдум өткізу­ге дайындық барысына монито­ринг жүргіздік. Халықаралық байқаушылардың шақырылуын Астананың референдумның барынша ашықтығын, демократиялығын қамтамасыз етуге ұмтылысы ретін­де бағалаймыз. Жалпы құрам­да сайлау, заң шығарушы орган­дардың өкілдері, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің дипломатиялық қызметкерлері, сондай-ақ ШЫҰ хатшылығының лауазымды тұлға­лары бар. ШЫҰ миссиясы – прези­денттік және парламенттік сайлауда, референдумдарда ШЫҰ бай­қаушылар миссиясы ту­ралы ережені басшылыққа алып, Қа­зақстанның ұлттық заңна­маларына сәйкес, мемлекет ісін жаңартуда саяси бейтараптық, объективтілік және араласпау қағи­да­тын сақтай отырып, өз функ­ция­ларын орындайды, – деді ШЫҰ бас хатшысының орынбасары Олег Копылов.

Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында спикер дауыс беру үдерісін мониторингтеу, дауыс беруге дайындық пен өткізу үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.

– Толыққанды ақпарат беріл­ген. Жалпы, ешқандай шағым жоқ. Референдум азаматтық қоғам өкілдерінің белсенді қатысуымен және саналы таңдау жасауына ба­рынша қолайлы жағдай жа­­сауымен ашық атмосферада өтті. Республикалық референдум қол­даныстағы заңнамаға, Қазақ­станда қабылданған халықаралық міндеттемелерге сәйкес болды, – деді миссия басшысы.

Өз кезегінде Ресей Феде­ра­­ция­сы Орталық сайлау комис­сиясының мүшесі Антон Лопатин референдумға қатысқан дауыс берушілердің белсенділігін жоғары бағалады.

– 35 күнге созылған науқан кезінде барлық аумақтық сайлау комиссия мүшелері арнайы дайындықтан өтті. Референдумды өткізу бойынша заңнама толық орындалды. Таңертеңнен учас­келердегі дауыс берушілердің бел­­сенділігін көрдік. Тіпті бір от­басы мүшелері келіп дауыс бер­ді. Байқаушылардың да саны жет­кілікті. Әр дауыс беру учаскесінде байқаушылардың көп болуы саяси маңызды іс-шараның ашықты­ғы мен заңдылығын байқатады.  Орталық референдум комиссиясы кеше 14.00-ге дейін референдумға қатыса алатын дауыс берушілердің 50%-дан көбі дауыс берді деп отыр, – деді байқаушы.

Түркі мемлекеттерінің ұйы­мы байқаушылар миссиясы ре­ферендум күні кездейсоқ таң­далған 17 учаскеге барған. Бұл туралы миссия басшысы, Түр­кі мемлекеттерінің ұйымы бас хат­шысының орынбасары Сади Джафаров баспасөз мәслихатында айтып берді.

– Біз 17 учаскенің барлығында қажетті ақпарат, референдумға қатысты материалдар берілгенін көрдік. Сондай-ақ комиссия қаты­су­шылары барлық іс-шараның ашықтығын қамтамасыз етуге жәрдемдесті. Біз мониторингке толық қол жеткізе алдық, осы уақытқа дейін референдум ко­мис­сияларының қызметіне әкім­шілік немесе құқық қорғау орган­дары тарапынан заңсыз араласу жағдайларын байқамадық. Миссия өз жұмысын күн соңы­на дейін жалғастырды. Соны­мен қатар референдум учаскеле­рі­нің бірінде дауыстарды санау үдерісіне қатысты, – деді С.Джафаров.

Баспасөз мәслихатында АӨСШК бас хатшысының орынбасары Чжан Лин де миссия рефе­рендумның өткізілу барысына жіті бақылау жүргізіп, бірқатар учаскеде болғанын жеткізді. Халықаралық байқаушы еш­қандай кедергілер болмағанын мәлімдеді.

– Азаматтардың дауыс беруге белсенді қатысқанын, ре­ферендум комиссиясы қыз­мет­керлерінің жоғары кәсібилігін атап өткіміз келеді. Біз дауыс беруге келушілердің саны көп екенін, әсіресе жастар қауы­мы басым болғанын аңғардық. Көп­ші­лігі отбасымен, балалары­мен бір­ге таңдау жасауға келген. Дауыс беруге барлық мүмкін­дік қарастырылған. Әсіре­се ре­фе­­рендум учаскесінде туында­ған сұрақтар бойынша түсін­дір­ме жұмыстары жақсы ұйым­да­стырылғанын байқадық. Құ­жаттар, ақпараттық-түсіндіру тақта­лары, дауыс беру тәртібі жай­­лы мәліметтер ілінген. Ғима­раттарда дауыс беру жәшігі, да­уыс беру кабиналары орналасқан. Кіріп-шыққандарды бақылауға да жағдай жасалған. Яғни ашықтық­ты қамтамасыз ету үшін бейнекамералар орнатылған. Баса айта кетерлігі, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен көру қабілеті нашар жандар үшін арнайы брайль шрифті бар, – деді Чжан Лин.

Миссия мүшесі референдум учаскелерінде аға буынның дауыс беруіне ерекше жағдай жасалғанын тілге тиек етті.

– Біз бір референдум учаске­сінде дауыс беруге келген аға буынға естелікке кәдесыйлар берге­нін көрдік. Дауыс беру жергі­лікті және халықаралық байқау­шылар, сондай-ақ БАҚ-тың қатысуы­мен белгіленген тәртіпке сай еркін жүргізілді. Біздің бақылау жұмы­сымыз кезінде қандай да бір арыз-шағым, ескерту болған жоқ. Қазақстандағы АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум елдің алдын ала бекіткен талаптарына сай өткізілді деп санаймыз, – деді АӨСШК өкілі.

Жалпы, референдумды әлем­нің 30 елінен 177 байқаушы қа­дағалады. Олар – Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания және Сол­түстік Ирландия Бі­ріккен ко­рольдігі, Франция, Ре­сей, Испания, Қытай, Беларусь, Грузия, Жапония сынды мем­лекеттердің өкілдері. Сондай-ақ 14 елден келген 38 ақпа­рат агент­тігінің 162 журналисі шараға тір­келген.