Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің бапасөз қызметі
Оңтүстік Корея Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке (МАГАТЭ) 1957 жылы қосылды және ядролық энергетиканы пайдаланудан артықшылық алуға шұғыл қадамдар жасады. 1970 жылдан бастап энергетикалық секторда импортқа тәуелділік деңгейін төмендетуге дайындықты бастап, халықты дайындады. 1978 жылы ең алғашқы АЭС пайдалануға беріліпті. Атом энергетикасының пайда болуы корей экономикасының өсуіне ғарыштық қарқын берді. Бұл артта қалған, екі соғыстан қираған елден қуатты өнеркәсіптік державаға айналды. Samsung Electronics, LG Electronics, Kia және Hyundai Motor атом энергиясының нәтижесінде пайда болды. Бүгінде Оңтүстік Корея – атом энергетикасы саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Атом стансаларының белгіленген қуаты бойынша 5-орынды иеленеді.
Елімізде барлық электр энергиясының 30%-ға жуығын өндіретін 25 реактор жұмыс істейді. АҚШ сияқты халықаралық серіктестермен ынтымақтастықта әзірленген жоғары қауіпсіз және өнімділікті реактор OPR-1000 жобасы бағдарламаның негізіне айналды. Халық АЭС-тің қажеттілігін түсініп отыр. Біздің еліміз – жаһандық экономикалық үдерістердің белсенді қатысушысы, 2050 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу міндетін өзіне алды. Бұл – біздің азаматтық парызымыз, оны елеусіз қалдыруға болмайды. Мемлекет халықтың шешім қабылдауына мүмкіндік берді. Сондықтан референдумда дауыс беру маңызды. Ел өркендеуі керек, бұл – біздің қолымызда.
Чернобыль апатынан бері ширек ғасырдан көп уақыт өтті, технология дамып жетілді. Басқаша айтқанда АЭС-те технологиялық жағынан қауіп жоқ. Атом энергиясын табысты өндірудің кілті ядролық реакторды дұрыс таңдау екенін мамандардың бәрі айтады. Дүние жүзіндегі реактор өндірушілер уақыт өткен сайын бұрынғыларына қарағанда қауіпсіздеу жаңа типтегі реакторлар шығарып жатыр. Егер АЭС жобасы халықтың қолдауына ие болса, халықтың қауіпсіздігі бәрінен жоғары тұрады деп ойлаймын. Экономика дамып жатыр. Кейінгі бірер жылда 1,5-2 млрд кВаттқа тең жетіспеушілік бары айтылып жүр. Біз оны Ресейден алып отырмыз. Адам саны артып, жаңа зауыттар салынып жатыр. Энергетикалық қауіпсіз – экономикалық қауіпсіздіктің бір тармағы. Осы екі бағытта аяғымызды тең басып тұрмасақ, тәуелсіздігімізге сызат түседі.
Тағдыр бізге тағы да тарихи таңдауымызды талап етіп тұр. Алдағы жағдайымызды бүгінгі күннің нәтижесі анықтайды. Референдум – халық еркінің көрінісі. Барлық салада дамуға жаңаша өзгеріс керек. Халқым бұл жолы да тәуелсіздігіміздің тұғырлы болсын деген тілекке басымдық берді деп үміттенемін.
Асанәлі ӘШІМОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері