Референдум 2024 • 07 Қазан, 2024

Мерекелік рәуіште өтті

54 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Референдум – халықтың таңдау мүм­кіндігі. Бұл мүмкіндікті Қараған­ды облы­сы қалт жібермеді. Саяси нау­қан­да белсенділік танытып, күндізгі есеп бо­йынша тіпті көш бас­тады. Ре­фе­рендум 650 учаскеде өтіп, бұған тір­кел­ген 760 мыңнан аса тұрғын дауыс берді.

Мерекелік рәуіште өтті

Референдум кезінде 664 комиссия, оның ішінде облыстық, аумақтық және учаскелік комиссия құрамының да еңбегін айта кеткен жөн. Дауыс беру үдерісін тәуелсіз бақылаушылар – қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қадағалап шықты.

Референдум ашықтығын бақылайтын халық­аралық байқаушылар тобы да өз жұмы­сын тыңғылықты атқарды. Байқаушыларды Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында орналасқан №17 референдум учаскесінде кезіктіріп қалдық. ТМД байқаушылар комиссиясының мүшесі Дмитрий Михайлов референдумда ешқандай заң бұзушылық тіркел­мегенін баса айтты.

«Біз түс ауғанша алты учаскеде болдық. Ешқандай ескерту жасаған жоқпыз. Бәрі заң аясында өтіп жатыр. Біз ауылдық және қалалық жерлерге бақылау жүргіздік. Таңдау жасаушылардың қатары қалың. Көңіл күйі де тамаша. Жас ерекшеліктері әрқилы», деді байқаушы.

Аудан, ауылдағы референдум учаскелері де талапқа сай жұмысын атқарып, елінің ертеңіне бейжай қарамайтынын танытып, халық белсенділігін көрсетті. Әсіресе науқанның таңғы уақытында Шет ауданының дауыс берушілері оқ бойы озық болды.

«Еліміз үшін маңызды шешім қабылдау мақсатында аудан тұрғындары ерте тұрды. Оны дауыс беруге келген адамдардан аңғаруға болады. Ауданда 51 референдум учаскесі бар. Барлығы талапқа сай жабдықталып, комиссия құрамы бекітілген», дейді Шет аудандық референдум комиссиясының төрағасы Берікбол Дәулетұлы.

Сондай-ақ Нұра ауданындағы №615 референдум учаскесіне кимешек киіп барған «Ақ әжелер» хоры таңдау жасап, мерекелік қуаныш сыйлады. Дауыс беруге келгендер келісті әжелермен суретке түсті.

Айтпақшы, Қарағандыдағы №41 референдум учаскесіне динозавр болып киініп келген дауыс беруші жұртты сүйсіндірді. Оның қимыл-қозғалысы, әсіресе дауыс беру аймағына бойы сыймай, сонда да талпынып кірген сәті учаскедегілердің жүзіне күлкі үйіріп, бір көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сөйтсек, ­дауыс беру құқына алғаш ие болған Ернар есімді Қарағанды тұрғыны екен.

Сондай-ақ Балқаш қаласында отбасы құрған жас жұбайлар Ернар Ерболатұлы мен Аружан Шәймерден азаматтық міндетін орындауға №192 референдум учаскесіне келіп, дауысын берді. Ерлі-зайыпты екеу тарихи күні некесін қиып қана қоймай, бірауыздан саяси науқаннан қалыс қалмауға шешім қабылдаған. Өйткені өздерінің болашағы біз берген дауысқа да байланыс­ты дейді.

 

Қарағанды облысы