Басылым • 08 Қазан, 2024

Әміршінің түсі

118 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда «Mazmundama» баспасынан белгілі шығыстанушы, аудармашы, прозашы Қалбан Ынтыханұлының «Әміршінің түсі» атты тарихи деректі романы жарық көрді (2024 жыл, 232 б.).

Әміршінің түсі

Біздің заманы­мыз­ға дейінгі II ға­сыр мен I ға­сыр аралығында ежелгі Қытайдың Хань династиясы күшейіп, қуатты империя құрғаны мәлім. Ел болып, етек-жеңін жи­наған империя патшасы Хань У-ди көршілес ғұн, үйсін, сақ тайпаларын өзіне қалай бағындырудың жолын қарастыра бас­тайды. Сол кезде Хань елінде жылқы тапшы екен де, көршілес ғұн елі олар­ға ешқашан жылқы бермейтін көрінеді. Соғыс­қа жарайтын жылқы ізде­ген патша талай елге елші аттандырып, қыз беріп, құдандалық қатынас орнатып, сарайына жылқы жинатады. Мақсатын жү­зеге асыру үшін әмірші қитұрқы айла-тәсілдерге де барды.

«Әміршінің түсі» ат­ты бұл шығарманың әуел­гі желісі ежелгі Хань елі патшасының түс жорытуынан бастау алып, сол негізде өрбіген қым-қуыт, шытырман оқиғалар дә­лел­ді шындықтармен баян­д­алады.

Ежелгі сауда жолын (бү­гінгі Жібек жолы) ал­ғаш кімдердің ашқаны туралы да тарихи деректер осы шығармада біршама баяндалады.

Ғұн, үйсін, сақ жұрты ежелгі хуашияға (қытай) қалай төтеп бергені де – сол заманның тарихи шын­дығы. Шығармада сат­қындық, айлакерлік, аң­қаулық сияқты мінездер де кейіп­керлердің туа­біт­ті болмысымен айшық­талған.

Мазмұны мол мағ­лұмат беретін бұл кітап­тың маңызы зор деп ойлаймыз. Тартымды сюжеті оқырман қауымды бірден қызықтырып, баурап әке­теді. Мысалы «Түс», «Сұлу бие айласы», «Ша­қырылмаған қонақ» сынды тараушаларда тартысты оқиғалар тартымды суреттелген.

Оқырман аталған кітап­тан жазушы, аудар­машы Қалбан Ынты­хан­ұлының тарихи де­ректі роман жазудағы қол­таңбасын, ізденісін бай­қайды. Туындыда Ежел­гі Қытайдағы Хань импе­риясының б.з.д. II ғасыр аралығында кү­шейіп, қуат­ты империяға айналған кезеңі сурет­теледі. Кітапта Қытай тари­хындағы ұлы импе­раторлардың бірі болған Хань У-дидің бейнесі жан-жақты ашылып, оның көршілес ғұн, үйсін, сақ елін бағындырудағы айла-шарғысы, қитұрқы әрекеті көркемдік шындықпен баян­далған. Роман авторы оқырманға қызықты оқиғаларды көркем шы­ғарма талабына сай шынайы тарихи деректер не­гізінде жеткізеді.

 

Шалқар Қасекин,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы

Конфуций институтының ғылыми қызметкері