Медицина • 08 Қазан, 2024

Дәрігерлер тың әдіспен операция жасай бастады

36 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда Мәскеу қаласында тәжірибе алмасып кел­ген акушер-гинеко­­лог дәрігерлер Шым­кент қа­лалық №2 ауруха­насының перзентханасында алғаш рет жаңа әдіспен операция жасады. Операция өте сәтті шықты. Осылайша, мегаполис дәрігерлері операция жасаудың жаңа әдісін тұңғыш рет тәжі­рибеге енгізді.

Дәрігерлер тың әдіспен операция жасай бастады

Акушер-гинеколог­тердің ай­туынша, бұрын жатырда пла­центаның аномальды орналасуы кезінде операциялар өте күрделі болатын. Науқастар кейде 4-5 литрге дейін қан жоғалтып, жағдайы нашарлап кететін еді. Ал жаңа әдіс енгізілгелі қан жоғалту 800 мл-ден аспайтын дәрежеге жетті немесе тіпті одан да аз болуы мүмкін. «Бұл әйел ағзасы үшін өте маңызды», дейді мамандар. Себебі қан жоғалту – босанатын ананың жағдайын ауырлататын ең басты факторлардың бірі.

Сонымен қатар бұрынғы кезде жатырдың толық ампутациясы жиі жасалатын. Яғни жатыр бүтіндей алынып тасталатын. Ал мұның әйелдерге психологиялық, физикалық тұрғыдан ауыр соққы еді. Енді жаңа әдіс арқылы жатырды сақтап қалуға болады. Бұл, ең бастысы, болашақта әйелдің ана болу бақытын сақтап қалатын үлкен мүмкіндікке айналды.

«Сонымен қатар жаңа тәсіл операция уақытын едәуір қыс­қартты. Соның нәтижесінде науқасқа анес­тезия аз уақыт жасалады, ол сырқаттың операциядан кейін тезірек қалпына келуін қамтамасыз етеді. Бұрын­ғы әдістерде баланың гипо­ксияға ұшырауы жиі болса, ендігі жерде мұндай тәуе­келдер де айтарлықтай азай­ды. Нәти­жесінде, сәби сау, толық­қанды күйде өмірге келеді. Қан құю да үлкен мәселе болатын. Осыған дейін әйелге көп мөлшерде қан құю қажет болса, енді бұл операцияда бір дозаның өзі жеткілікті. Бұл да науқастың тез сауығуына ықпал етеді», деді №2 қалалық ауруханасының бас дәрігері Бахытжан Позилов.

Бұдан бөлек, бұрын операциядан кейін әйел реани­мация бөлімінде 7-8 күнге дейін жатып, баласын емізе алмай қиналатын. Өмір мен өлімнің арасында жатқан пациентке бұл кезең өте ауыр болатын. Ал жаңа әдіс арқылы операциядан кейін әйел 3-4 сағат ішінде реанимациядан шығып, баласын бірден емізе алады. Бұл ана мен баланың бір-бірімен тез жақындасуына, олардың тез сауығуына септігін тигізеді.